Басылым • 18 Қазан, 2023

«Абай ғибратнамасы» – оқырман олжасы

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайды тану, Абайды зерделеу – ұлт қазынасына қосылған мол үлес. Абайды білу өзіңді, өз халқыңды білумен тең. Хакім жырларын зерттеу ісі тәуілсіздік жылдарынан бері жаңаша сипат алғаны көңіл қуантады.

«Абай ғибратнамасы» – оқырман олжасы

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әдебиеттанушы-профессор Се­рік Не­гимовтің «Абай ғибратнамасы» кіта­бының таныстырылымы өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, ғылыми қауым өкілдері, қаламгерлер мен жастар қатысты.

Профессор Серік Негимов «Абай ғибратнамасы» еңбегінде хакімнің жан-жақты даналық болмысын, дара тұжырымдарын ашуға тырысқан. Кітап «Мінез – сауыт», «Сөз келісі», «Ар ойла», «Шын ақыл» сынды төрт тараудан тұрады. Жинақта Абай еңбектеріндегі маңызды түйіндер ғылыми, танымдық тұрғыда жан-жақты сараланып, оқыр­манға түсінікті, жатық тілде жеткізілген.

«Абай ғибратнамасы» кітабы «Се­німен болашақ» қоғамдық бірлес­тігінің қолдауымен жарық көрген. Бір­лестік құрылтайшысы Нұркен Аса­нов өз сөзінде кітапты әр өңір оқыр­мандарына жеткізу ісін қолға алатынын айтты. Автор хакімнің ұлттық және жалпыадамзаттық идеяларға бай қордалы ойлары ғибрат әрі кемеңгерлік кеңес ретінде қабылданатынын жеткізді.

«Абайдың бір сөзі сыпайлыққа, бір сөзі еңбектенуге, бір сөзі өнер, білім, ғылымға, бір сөзі әділет, арлылық, махаббатқа үндейді. Абай – көреген көшбасшы. Абай құдiретi дегенiмiз – ұлт болмысының құдiретi. Сол себептi Абай поэзия­сының таңғажайып көркемдiк нақыш­тары, сұлулық сырлары, әдеби-эстети­калық дүниетану даралығы, образ­дық-символдық астар-қабаттары телегей. Абай шы­ғармашылығы – замандар мен дәуiр­лер бойы жасаған халық тiлiнiң айнасы, ха­лықтың айдын шалқар өмiрлiк тәжіри­бесi, ақыл-ой қазынасы», деді Серік Негимов.

Тұсаукесер рәсімде сөз алған ға­лымдар автордың отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі жайлы айта келіп, бұл еңбек білім алушы студент, магис­трант, докторанттар мен гуманитарлық сала мамандары үшін таптырмас құрал екенін атап өтті.

«Кітапта автордың азаматтық көз­қарастары басым. Әр қазақ ғалымы ғы­лымға осылай үлес қосуы керек. Ең бас­тысы, Абайдың шығармалары бойынша жаңа бағыттағы ізденістер жүргізілген», деді академик Уәлихан Қалижан.

Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев жинақ туралы: «Абай шығармашылығында оның мақсаткерлiк тұлғасына тән тәлiмгерлiк, өнегелiк қырлары аса мол. Автор еңбе­гінде соның бәрін cалмақтап-сара­лаған және Абайдың ел бiрлiгi, халық тағдыры, әлеуметтiк тұрмысы турасындағы асыл ойларын өрбiткен», деді.