Құтқарушы • 19 Қазан, 2023

Кәсіпке адалдық

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Олардың жұмысы қауіп-қатер­ге толы. Күн сайын қыз­­мет барысында басын бәй­ге­ге тігеді. Өйткені адам өмірі бәрінен маңызды. Сол үшін өздерін құрбан етуге бар. Әңгі­ме кімдер жайында еке­нін аңғарған боларсыздар. Әрине, құтқарушылар туралы. Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай олардың күн сайынғы ерлігін жазғымыз келді. Алайда ажалмен бетпе-бет жұмыс істейтін кәсіп иелері өзін бейбіт күннің батыры деп санамайды. Олар үшін адамды құтқару – ерлік емес, міндет. Сондықтан да төтенше жағдай қызметіндегі барша маман­дарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Кәсіпке адалдық

Мемлекетте әр кез болып тұратын оқыс оқиғалар, апатты жағдайлар төтен­­­шелік департаментінің кезекші пуль­тін бір сәт те тыныш қоймаған. Құт­қа­­рушылар жылдың қай мезгілінде де өз міндетіне қалтқысыз адал. Қыстың күн­дері аяз бен қардан жапа шеккен тұрғындарға бірінші болып көмекке ұмты­лады. Қала берді ыстан уланып қал­маудың қам-қарекетімен де уайым-қайғы жейді. Көктемде жауын-шашын­нан кейінгі сел болған аумақтарда резіңке етікпен су кешіп жүреді. Жазда өзен-тоғандарды күзетіп, балалардың суға батып кетпеуін қадағалайды. Адам­дарды әртүрлі табиғи, техногендік апат­тардан дереу құтқарып, ажалдан арашалап аман алып қалатын төтен­шеліктердің күнделікті жұмысы – міне, осындай.

Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің «101» диспетчерлік пультіне 10 қазан сағат 16.02 шамасында Абай ауданы Төлеметов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түседі. Өрт болған жерге тез арада 7 өрт сөндіру техникасы, жеке құрамнан 37 адам жіберіледі. Оқиға былай болған: тұрғын үйдің бір пәтерінің балконындағы үй заттары жанып кеткен. Содан алапат өрт орын алып, үйдің іші қара түтіннен көрінбей қалған. Бірақ өрт сөндірушілер қызыл жалынның одан әрі таралуына жол бермей, сағат 16.20-да «тілсіз жау­ды» оқшауласа, 16.24-те толығымен сөндірген. Осы арада №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушілері Марат Әліпбаев пен Арман Махмұт қою түтінге қойып беріп пәтердің ішіннен 4-5 жасар екі балдырғанды іздеп тауып, тез арада қауіпсіз жерге шығарған. Оқиға орнына тез жеткен жедел жәрдем бригадасы сол жерде балаларға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алдын ала болжам бойынша балалар от жағып ойнап, ақыры өрттің шығып кетуіне себепші болған.

Шымкенттік өрт сөндірушілер оның алдында да тағы бір адамның өмірін құтқа­рып қалған еді. Бұл оқи­ға 2023 жылғы 28 қыркүйекте сағат сол 22.30 шамасында болды. №2 өрт сөндіру бөліміне қыз бала жү­гіріп келеді. Өңі құп-қу қыз әкесі­нің қараусыз қалған ғима­рат­тың 5-қабатынан секіргелі жатқа­нын хабарлап, өрт сөндірушілерден көмек сұраған. Қарауыл бастығы Мар­лен Сейілбек өрт сөндіруші Уалихан Жү­сіп­­пен бірге тез арада оқиға орнына бар­ып, 5-қабаттан секіріп, өзіне қол жұм­самақ болған 1980 жылғы азаматты құт­қарып қалды. Бөлім қызметкер­­лері өзіне қол жұмсамақ болған азаматпен жылы әңгімелесіп, сабасына түсіріп, райынан қайтарған. Сөйтіп, психологиялық еркін сұх­баттың арқасында ол әрекетінің қате екенін түсініп, отбасына аман-есен оралады.

Құтқарушылардың ерлігін насихаттау мақсатында елімізде көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Соның бірі бүгінде Астана қаласында өтіп жатқан Rizamyz Qutqarushi фотокөрмесі дер едік. Фотокөрме барысында елорданың «Атырау» жаяу жүргіншілер көпіріне ТЖМ қызметкерлерінің 112 портреті қойылды. Олар барлығы осы саладағы өрт сөндірушілер, құтқарушылар, сүңгуір­лер, кинологтер, медицина қызмет­керлері, ұшқыштар, психологтер, әскери қыз­мет­шілер. Фотосурет­тер ішінде Шым­кент қаласы төтенше жағдайлар депар­та­ментінің 7 қызметкері бар. Әрбір пор­третте QR-код бейнеленген. Оны сканер­леу арқылы Нұрбек Тәукеевтің, Роман Письменскийдің, Асхат Қалыбаев­тың, Шухрат Халметовтің, Әділет Жо­рабектің, Дәулет Шаменовтың, Үсен Рахматуллаевтың өміріндегі жар­қын оқиғаларын білуге болады. Соны­мен бірге rizamyz.com сайтында қыз­мет­­тік міндеттерін орындау кезінде ерлік­пен қаза тапқан 11 құтқарушының ерлік­тері туралы баяндалады. Осынау батыр­лардың арасында 2014 жылы «Plant»» ЖШС фармацевтикалық заттарды сақтау қоймасында өрт сөндіру кезінде қаза тапқан Жұлдызбек Есена­лиевтің есімі ерекше құрметпен аталады.

 

ШЫМКЕНТ