Сенат • 19 Қазан, 2023

Теміржолшылар зейнетке 55 жастан шығуы керек – сенатор

1059 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміржолшылардың  зейнеткерлік жасын 55 жасқа дейін төмендету керек. Бұл ұсынысты Геннадий Шиповских  ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теміржолшылар зейнетке 55 жастан шығуы керек – сенатор

Фото: assembly.kz

Теміржол саласы қызметкерлерінің өмірін жақсарту бағытында көптеген мәселе барын алға тартқан  сенатор жаңа министрлік құрылғанын еске салды. Бірақ бұл  мемлекеттік орган теміржолшылардың негізгі мәселелерін, оның ішінде жалақының төмендігін, тұрғын үйдің жоқтығын және зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін әлі шешпегенін жеткізді.

«Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңге. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екі түрлі. Біз қайсысына сенеміз? Әрине, халықтың ақпаратына сенеміз. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекет тарапынан берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, темір жол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, темір жол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқа тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, темір жол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірлерге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуы тиіс», деді Г.Шиповских.

Сенат депутаты елімізде теміржол саласында 140 мыңға тарта адам жұмыс істейтінін, осы саладағы күрмеулі мәселені оңтайлы шешу қажеттігін  айтты.