«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, қоғамның барлық саласына дендеп енген бұл дерттен айығу жолында жан-жақты жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Айталық, Алматы облысында жыл басынан бері 53 қылмыс тіркелген болса, оның ішінде 48 іс сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Пара алу және пара беру фактілері бойынша 40 қылмыстық іс тіркелген. Фармакологиялық бақылау, ауыл шаруашылығы, салық салу, құрылыс, сот, құқық, жер, білім беру салаларында жүйелі жемқорлықтың – 8, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке араласудың – 3, көлеңкелі экономиканы қорғаудың 1 фактісі анықталған. Мемлекеттік органдарға 7 ақпараттық хат жолданып, белгіленген және алдын алынған залал сомасы 1,9 млрд теңгені құраған. Сыбайлас жемқорлыққа жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің бейімділігі байқалған.
Бір өкініштісі, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың қатарында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мұғалімдердің кезігуі көңілге қаяу түсіреді. «Мың асқанға – бір тосқан» дегендей, тіпті санда бар санатта жоқ «мұғалімдердің» атына ақша аударылып, оның пайдасын көріп келген бас есепшілердің ашкөздігіне не айтуға болады? Алматы облысында 609 млн теңге жұмыс істемейтін мұғалімдерге төленгендігі әшкере болды. Бұл туралы Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Серік Орымбетов брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізілген сыртқы талдау барысында 609 млн теңгеден астам қаражатты жалақы түрінде аударылған 13 «өлі жан» анықталды. Осы фактілер бойынша 6 бухгалтерге қатысты қылмыстық істер тіркелген. Олардың біреуіне қатысты 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, сот үкімі шығарылды. 81 млн теңге шығын толығымен өтелді.
«Сондай-ақ бухгалтерлер мұғалімдермен келісе отырып, жоғары жалақы төлегені туралы 4 факті бар. Мұндай құқық бұзушылықтардың жалпы сомасы 81 млн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бір факті бойынша бухгалтер мен 4 мұғалім 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 62 млн теңге көлемінде келтірілген залал толығымен өтелді», деді департамент басшысы.
Анықталғандай, бұл фактілерге адами фактор және «Парус-Каз» бен «1С» жүйелерінде қазынашылық базаларымен интеграцияның болмауы себеп болған. Сонымен қатар «Бизнеске жол» жобасы аясында департамент өкілдері 1359 кәсіпкерлік субъектісімен 40 жұмыс кездесуін өткізген. Онда 49 мәселе қаралып, оның 32-сі оң шешім тапса, 6647 кәсіпкердің құқығы қорғалған.
Бүгінгі күні ардан аттап, сұғанақтыққа баратын сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, жолын кесуге еріктілер де жұмылдырылып отыр. Өңірде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мобильді тобы іске қосылды. Топқа еріктілер, мемлекеттік органдар мен құрылымдардың өкілдері кірді. Бүгінгі таңда мобильді топ облыс орталығы Қонаев қаласы мен шалғайдағы 30-дан астам елді мекенді аралап шықты.
«Бұл бастаманың басты артықшылықтарының бірі тікелей орындаушыларды мәселелерді шешуге белсенді тарту, сондай-ақ халықтың неғұрлым өткір сұрақтарына жедел және тиімді ден қою болып саналады. Мұндай жобалар азаматтардың өтініш беру рәсімін едәуір жеңілдетіп, оларға билік органдарымен ыңғайлы және қолжетімді байланыс арналарын ұсына отырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді», дейді Серік Орымбетов.
Мобильді топқа барлығы 1250-ге жуық адам жүгініп, 570-тен астам сұраққа жауап іздеген. Оның ішінде 110-ға жуық мәселе медиация жолымен сәтті шешіліп, екіжақты іс-қимылдың тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ, өтініш білдіргендердің дені құқықтық және заңнамалық мәселелер бойынша сауалдар қойып, 200-ге жуық кеңес алғандығын да айта кету керек.
Кездесулердің жергілікті тұрғындар көп жиналатын жерлерде өтуі азаматтарды барынша қамтуға ықпал етті. Өтініш білдіргендердің негізгі мәселелері – жұмысқа орналасу, республикалық және жергілікті жолдардың жай-күйі, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, тұрғын үйлер мен коммерциялық объектілерді газдандыру, сот даулары, заң консультациялары, мемлекеттен жеңілдіктер мен субсидиялар алу.
«Жер учаскесінің мемлекеттік актісін жоғалтып алып, құжатты қалай қалпына келтірерімді білмедім. Мобильді топтың келгенін пайдаланып, барлық сұрағыма жан-жақты жауап алдым. Бұл шалғай аудан тұрғындары үшін өте пайдалы әрі қажет жоба екен. Заңдарды білмеу және көптеген мәселеде құзыреттіліктің, білімділіктің жоқтығынан кейде өз құқықтарымыздың бұзылуына жол беретініміз жасырын емес. Осы орайда, мобильді топтың қарапайым халыққа тигізер пайдасы зор болмақ», дейді Қонаев қаласының тұрғыны Төлеген Айдын.
Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес азаматтардың, билік пен қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуымен жүзеге аспақ.
Алматы облысы