Аймақтар • 22 Қазан, 2023

Өлеңті қуанышқа бөленді

202 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Өлеңті ауылында су жаңа дәрігерлік нысан – фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарлама аясында тек Батыс Қазақстан облысының өзінде 2025 жылға дейін 50 денсаулық нысаны салынбақ.

Өлеңті қуанышқа бөленді

– Биыл біз Теректі ауданына қарасты Барбастау ауылында және Бәйтерек ауданындағы Қайнар ауылында осындай нысан ашып, халық игілігіне берген едік. Бүгін үшінші нысан Өлеңті ауылында ашылып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 9 нысанды пайдалануға береміз. Ауылдағы мұндай денсаулық сақтау орындары халықтың дер кезінде скрининг өтуіне, сол арқылы көптеген аурудың алдын алуға септігін тигізеді деп есептейміз,  дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.

Құрылыс жұмысына қазы­на­дан 292 млн теңге бө­лінген. Жалпы көлемі 324 шаршы метр­лік нысан құрылысын «Фирма ИСКОМ» компаниясы үш ай ішінде салып шыққан.

Жаңа ғимаратта стандартқа сай фельдшер, акушер кабинет­тері, процедуралық, зарарсыз­дан­дыру, егу бөлмелері, оқшау­лағыш, фильтр, шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар, химизатор т.б. кабинеттер жасақ­талған. Қызметке қажетті ме­ди­циналық қондырғылар – ги­некологиялық кресло, 2 то­ңазытқыш, кварц-лампалар, өлшеу құралдары, аквадистилятор, құрғатқыш шкаф, кушет­калар, манипуляциялық үстел, медициналық шкаф, жиһаз және кеңсе техникасымен то­лық жабдықталған. Мұнда 2 мейір­гер, 1 кіші буын қызмет­кері қызмет етпек.

Өлеңті ауылында 950 тұрғын бар. Аудан орталығының ірге­сінде орналасқан елді мекен тұр­ғындарының 235-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері мұнда 10 сәби дүниеге келіпті. 7 әйелдің аяғы ауыр. Қатерлі ісік және туберкулез аурулары тіркелмеген. Болашақта ауыл тұрғындарының денсаулық сапасы бұдан да жақсаратынына кепілдік бар. Өйткені жаңа нысан қажет кезінде күні-түні қыз­­мет көрсетіп, ауыл тұрғын­да­рының денсаулығы үшін аянбай жұмыс істеуге даяр отыр.

– Осындай фельдшерлік-акушерлік пункт біздің ауылға ауадай қажет еді. Республика күні қарсаңында ауылымызға үлкен сыйлық болды. Бұл Отанымыздың ауыл халқына деген қамқорлығы деп сезінеміз. Аралап шықтым, жарқырап тұр! Барлық кабинеті бар, өте керемет жабдықталған. Қуанышымызда шек жоқ! Халқымыз риза, дейді ауыл тұрғыны Мәриям Сәрсенғалиева. Ауылдың байыр­ғы тұрғыны бүгінгі салтанатқа тойға келгендей салтанатпен, ұлттық киіммен келіпті.

Шынында да Өлеңті ауылы үшін жаңа нысанның ашылуы қуанышты мереке ретінде аталып өтті. Салтанатты жиынға облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Ерлан Тоқсанов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев, Сы­­рым ауданының әкімі Жұ­магелді Батырниязов, аудан­дық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «ИСКОМ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Рафиг Ма­­медов, аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы Асхат Дүйсен­ғалиев, тағы басқалары қатысты.

– Өлеңті ауылының халқы ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында денсаулық сақтау саласындағы тағы бір игі істің куәсі болып отыр. «Ауы­рып ем іздегенше, ауыр­май­тын жол ізде» деп дана хал­қымыз айтқандай, біз үшін ең бастысы – адамның өмірі мен оның денінің саулығы. Бұл медициналық нысан сіздерге тек аурудың алдын алу үшін қыз­мет етуіне тілектеспін, деді аудан басшысы Жұмагелді Жол­­дыбайұлы.

 

Батыс Қазақстан облысы