Алматы • 22 Қазан, 2023

Алматыдағы «Балдырған» аллеясы

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мизамшуақ мезгілге шомылып тұрған мегаполисте Республика күні мерекесі қарсаңында эко-белсенділердің мұрындық болуы­мен «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» атты жалпықалалық сенбілік қана өткізіліп қоймай, күзгі көшеттер отырғызылды.

Алматыдағы «Балдырған» аллеясы

Алматы қаласы мәслихатының депутаттары да атсалысқан акция­ның арқасында демалыс аймақ­тары, саябақтар, скверлер, аула аумақтары айнадай тазартылды. 5 мың текше метрге жуық қо­қыс жиналып, 9 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Экологиялық науқанға 34 мыңнан астам қала тұрғыны қатысып, 239 техника жұмылдырылды.

Негізгі тазалау жұмыстары Көк­төбе баурайында, ALA сая­бағында, Алматы ин­дус­­триялық аймағы мен «Батыс» зи­ратының санитарлық-қорғау аймағы ара­сындағы учаскеде, Көк­қайнар шағын ауданындағы Борал­дай өзенінің жағасында өтті.

Күздің ерекше жаймашуақ күндеріне тап келген сенбілікте Алматы әкімдігі көшет егу мен тазалауға қажетті құрал-жабдық (қолғап, қап, күрек, тырма) беріп, жи­­налған жұртты ауыз су, та­мақ­пен қамтамасыз етті. Жыл сайын өтетін сауапты бастама, мереке іспеттес сенбілік кезінде мәдени-ойын-сауық бағдарламасы да ұмыт қалмады. Ал жиналған қоқыс ар­нау­лы полигонға шығарылды.

Жалпықалалық науқанға аудан әкімдіктері де қалыс қалған жоқ, өз аумақтарында коммуналдық қыз­меттермен бірігіп Түрксіб ауда­нында ҮАА бойындағы Баум тоғайында, «Жас қанат» шағын ауданында, Жетісу ауданындағы «Айнабұлақ-4» шағын ауданында, Медеу ауданындағы Көктө­бе баурайында, Алмалы ауда­нындағы Сайран көлінің шы­ғыс жағалауында, Әуезов ауда­нын­дағы Сайран көлінің батыс жаға­лауында, Алатау ауданында Борал­дай өзенінің жағасында, Бос­тандық ауданында «Достық» сая­­бағының аумағында, Наурыз­бай ауданындағы Шұғыла шағын ауда­нында жергілікті сенбіліктер өткізді.

Орайы келіп тұрғанда Алматы­да «Балдырған» аллеясы пайда болғанын атап өту ләзім. Өйткені биыл «Балдырған» журналының жарық көргеніне 65 жыл толып отыр. Сондай-ақ журналдың тұңғыш бас редакторы болған Халық жазушысы Мұзафар Әлім­баевтың туғанына – 100 жыл.

Бұл басылымның бүкіл тарихында үш қана редакторы бар. Жур­налды 27 жыл басқарған Мұзағаңнан кейін қазақтың классик ақы­ны Тұмағаң, Тұманбай Мол­дағалиев ширек ғасыр шы­ғарды. Қазіргі бас редакторы – Дүйсенбек Мағлұмов.

Сенбі күні «Қазақ газеттері» серік­тестігінің алматылық қызмет­кер­лері мен журнал ұжымы Ал­маты қаласының ең көрікті жер­лерінің бірі – Есентай өзенінің жа­ғалауындағы Достық саябағында «Балдырған» аллеясының ашылуы­на қатысты. Әріптестеріміз гибсикус тұқымдасына жататын ағаш көшеттерін отырғызды.

 

АЛМАТЫ