Жиын барысында ТМҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге байланысты көптеген мәселе талқыланды.
Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, соның ішінде киберқылмысқа қарсы күрес, терроризм мен экстремизмге, есірткі трафигіне, адам саудасына қарсы іс-қимыл, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған ықпалдастықты кеңейту бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасты.
Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің қазіргі өзекті мәселелеріне қатысты Қазақстанның ұстанымы жайында мәлімет берді. Сонымен қатар еліміздің мүддесін ескере отырып, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
Жиын шеңберінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Өзбекстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов және Түркия Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Бас хатшысы Сейфулла Хаджимүфтуоглумен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында өңірлік қауіпсіздіктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Түркі мемлекеттері ұйымындағы серіктестерімен арадағы екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелері талқыланды.