Сұхбат • 23 Қазан, 2023

Рашида Харипова: «Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын күн»

466 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 25 қазан Республика күні деп белгіленіп, еліміздің басты мерекесі ретінде қайта тойланып келеді. Осынау  мерекенің мән-мазмұнын айшықтауға мәдени мекемелер жан-жақты атсалысып, айтулы датаның мемлекеттік деңгейде тойлануына өз салалары бойынша үлес қосып жатыр. Осы тұрғыда ұлттық құндылықтарымыздың ең бір маңызды жәдігерлері сақталған Алматыдағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Хариповамен әңгімелескен едік.

Рашида Харипова: «Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын күн»

– Рашида Ерімқызы, ұлт тарихын түгендеп, мәдени құндылықтарымызды дәріптеуде Мемлекеттік Орталық музейдің рөлі зор деп білеміз. Еліміздің ең басты мерекесі қарсаңында ұжым қандай бастамаларды қолға алды?

Ең алдымен барша еліміз үшін тарихи мәні зор мереке құтты болсын! Республика күні – елдігіміздің еңселеніп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын мереке. Орталық музей өзінің негізгі қызметі ретінде материалдық құндылықтарды жинақтай отырып, оларды дәріптеу мақсатында көрмелер мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп отырады. Осыған байланысты  биыл Республика күніне арнап үш бірдей халықаралық көрме өткіздік.

р

о

Оның алғашқысы 4-11 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі мен Өзбекстан Республикасындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейі бірлесіп өткізген ғалым-ағартушы, дәрігер, баспа ісін ұйымдастырушылардың бірі Халел Досмұхамедовтың 140 жылдығына және ұстаз, ғалым, ақын, драматург, аудармашы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Алаштың асыл арыстары» халықаралық көрмесі. Көрмеге алаш арыстарының тарихын ұзақ жылдар зерттеген белгілі ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді арнайы келіп, айтулы шараның жоғары деңгейде салтанат құрғанын  атап өтті. Көрменің ашылу салтанатын тамашалауға 700-ден астам көрермен жиналды. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері, БАҚ саласының қызметкерлері және музей қонақтары да бар.  Бұл біз үшін зор мақтаныш.

о

г

Көрмеге 50 сақтам бірлік экспонаттар мен ақпараттық стендтер апардық. Онда фотоқұжаттардың көшірмелері, киім-кешек және мұрағат жәдігерлері ұсынылды. Экспонаттардың ішінде көрнекті ақын, қоғам қайраткері – Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары (пальто, көзілдірік, қолтаңбасы бар мөр), сондай-ақ ағартушы ғалым, дәрігер, денсаулық сақтау жүйесін алғаш ұйымдастырушылардың бірі Халел Досмұхамедовтың жеке мөрі бар.

Көрме аясында Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейімен ынтымақтастық пен тарихи-мәдени байланысты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі, Өзбекстан мемлекеттік өнер музейі және Өзбекстан мемлекеттік тарихи музейімен іс-тәжірибе алмасып, нәтижесінде қызметкерлер сертификаттар иеленді.

Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің Ұлттық кілем музейімен бірлесіп Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Өрнекпен өрілген өнер» этнографиялық көрмесі туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Аталмыш көрме 12 қазанда Әзербайжанның Баку қаласындағы Әзербайжан Ұлттық кілем музейінде ашылды. Мемлекеттік орталық музейдің этнографиялық коллекциясынан құралған көрме экспозициясында қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін кеңінен насихаттайтын ұлттық кілем түрлерімен бірге тоқыма және киіз бұйымдары, тұрмыстық заттар, киім, ат әбзелдері қойылды.

«Өрнекпен өрілген өнер» көрмесінде ұсынылған сан алуан ұлттық бұйымдар қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір салтында қалыптасқан дүниетанымын, бай дәстүрі мен мәдениетін көрсетуге бағытталған. Көрмеге тарих ғылымдарының докторы, этнограф Жамбыл Омарұлы, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Саадат Юсупова, Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлім Дәуренұлы қатысып, қазақ қолөнерін шетелде насихаттаудың зор мәртебе екенін тілге тиек етті.

24-қазан күні Әзербайжанның Баку қаласында тағы бір этнографиялық көрмеміз ашылмақ. Ол Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Fairmont Baku салтанат сарайында өтеді.

Бұл көрменің де мақсаты Орталық музейдің этнографиялық коллекциясы негізінде қазақ мәдениетінің алуан түрлілігін көрсету. Көрмеде көркемдік және тарихи мәні жоғары, текстурасы, жасалу техникасымен және көркем ою-өрнек түрлерімен ерекшеленетін, дәстүрлі тоқыма өнерін айқын сипаттайтын қазақ кілемдері, сондай-ақ шағын тоқыма бұйымдары ерекше орын алады. Аталмыш бұйымдардың даярлау техникасы, композиция мен безендірілуі әр алуан. Сондай-ақ, жалпы қазақ дәстүрлі өнерінің көптеген түрлерін ашып көрсететін ою-өрнектерге ерекше мән берілген. Жалпы Орталық музей қорында кілем, яғни «түкті кілем», «тықыр кілем» (түксіз кілем) деген түрлерін, тоқыма және киіз бұйымдарын қамтитын коллекция 1760 сақтам бірлікті құрайды.

Көрмеде қазақ кілемдердің ерекше бір түрі – «арабы кілем». «Арабы кілем» – тақыр кілемдердің ішінде өзінің тоқылу техникасы жағынан да, композициясы мен иконографиясы тұрғысынан да ерекшеленеді. Оның композициясы ою-өрнек терілген бірнеше көлденең жолдардан тұрады. Арабы кілемді тоқу ою-өрнектерін «орама теру», ал өрнексіз ашық тұстарын «терме теру» тәсілдерін қатар қолдана отырып тоқумен ерекшеленеді.

Музейдегі Республика күніне арналған келесі шара 19-қазан күні ашылған «Жібек жолындағы Қазақстан»  көрмесі. Ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты байланыстырған «Жібек жолы» сауда жолы ғана емес, әртүрлі өркениеттер арасындағы мәдени көпір болды. Бұл процесте өнер мен мәдениет маңызды рөл атқарды. Ал қазіргі заманғы суретшілер мен мәдени қызметкерлер әртүрлі іс-шаралар арқылы Жібек жолының рухын жандандыруға тырысуда. Бүгінде суретшілер өнер және мәдениет саласындағы халықаралық қатынастардың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Көрмеде Қазақстан мен Оңтүстік Корея, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан және АҚШ-тан бейнелеу өнері суретшілерінің 100-ден астам жұмыстары ұсынылды. ҚР орталық музейі барлық келушілерді көрмемен танысуға шақырады. Айта кетейін, көрме 2-қарашаға дейін өз жұмысын жалғастырады.

Мемлекеттік Орталық музей халқымыздың қанша ғасырлық мәдениеті мен тарихы тоғысқан бірегей орын. Таным ордасы ел аймақтарындағы мәдениетіміздің өрістеуіне  қандай үлес қосуда?

– Біздің көрмелер музейде ғана емес, сонымен қатар жылжымалы көрме ретінде Алматы қаласы аумағында, республика шегінде және шетелдерге де шығады. Мәселен, биыл  Ақтөбе, Шымкент қалаларында және Әзербайжан мен Өзбекстанда өткен көрме жұртшылықтан оң бағасын алғанын жоғарыда айтып өттік.

Биыл  15 наурыз бен 12 сәуір аралығында «Бабадан қалған аманат» республикалық жылжымалы көрмесін Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырдық. Көрме қазақ халқының мәдени ерекшеліктерін паш ететін ең құнды бұйымдармен, қазақ халқының мәдениетін көрсете отырып, ұлттық сананың, таным-білімнің, дүниетанымының, ұлттық болмысын көрсетіп, ортақ құндылықтарды дамытуға, елдік рухты арттыруға бағытталды. Көрмеге қойылған аса құнды көне жәдігерлер қатарында Баймұхамед Айшуақов сұлтанның мұрасы (XIXғ. басы), Жаяу Мұсаның қобызы, домбыра және скрипкасы, Шоқан Уәлихановтың бөркі (XIX ғ. екінші жартысы), Ә.Жангелдиннің шекпені, қазақтың дүлдүл әншісі Әміре Қашаубайұлы, ақын Манарбек Ержанов, ғалым, қазақтың тұңғыш академигі Қ.Сәтбаевтің домбыралары және т.б коллекциялар бар.

– Маңызды мұраларды дәріптеуде жаңа технология мүмкіндіктерін қалай пайдаланып отырсыздар? Бұл бағытта қандай жаңашылдықтар бар?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін» деген болатын. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік орталық музейі «Жасанды интеллект: суретші немесе машина» атты көрме өткізді. Бұл – 2023 жылы Алматыда ұйымдастырылған заманауи инновациялық озық көрмелердің бірі. Мұндағы көрермен назарына ұсынылған жұмыстардың барлығы жасанды интеллекттің туындылары. Өнерсүйер қауым табиғат, мифология, тарих, архитектура және тағы да басқа өмірлік мәні бар салаларды қамтитын 10 түрлі санатқа бөлінген 120-дан астам суретті тамашалай алады. Көрме 30-шы қарашаға дейін жалғаспақ.

– Өнерді зерттеу бар да, оны жұртшылыққа ұғынықты тілде жеткізу бар. Руханият ошағының ғылыми өрісі, археологиялық зерттеулері туралы айтсақ?

 – Орталық музей  ғылыми зерттеулермен айналысуға баса назар аударады. Мәселен, музейде қазірде археология бөлімі, антропология және этнология бөлімі, музейлік деректану және қолжазба бөлімі, Қазақстан тарихын зерттеу бөлімі жұмыс істейді.

Биылғы жылы археология бөлімі екі ғылыми экспедиция ұйымдастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп қайтты. Бұл тұрғыда 2023 жылдың 26 ​​тамызы мен 14 қыркүйегі аралығында Алматы облысы Райымбек ауданы Көмірші ауылының солтүстігіндегі обаларға жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысын екшеп атаған жөн. Н.Ж. Төрежанова жетекшілік еткен экспедицияға Археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері О.А. Мякишева, бас суретші Н. Ілиясов, археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері С.  Балмағамбет, біліктілігі жоғары деңгейдегі қор қамқоршысы Н. Мәлік  қатарлы білікті мамандар қатысты. Көмірші шатқалының кіре берісінде тізбектеле орналасқан қорғандардың ішінен екі қорған қазылып, қыш ыдыстар, астық үккіштің сынығы, жиегі өңделген тас дискі және мыс кені, қызыл моншақ, ортасында тесігі бар тас диск, адам сүйектері табылды. Көміршідегі №1 қорғанынан табылған ыдыстар Б.з.б. ІІІ ғасырға жататын Жетісудағы ерте темір дәуірінің ескерткіштерімен сәйкес келеді. Бұйымдардың ерекшеліктерін сараптай келе, ескерткішті шамамен б.з.б. ІІІ – б.з. ІІ   ғасырларына жатқызуға болады. Археология бөлімінің қызметкерлері қазылған қорғандарға Көмірші ауылының жоғары сынып оқушыларына экскурсия ұйымдастырып, мектепте дәріс оқыды.

Сонымен қатар, ҚР МОМ Эрмитажбен (Ресей Федерациясы) жасасқан келісімшарт негізінде бірлесіп «Ежелгі және ерте орта ғасырдағы урбанизацияның даму процесінің бастамасы» мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеу мақсатында жұмыс атқарады. Осы мақсатта 2015 жылдан бері Жамбыл облысының Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс елді мекені жанындағы Бақа төбе ескерткішіне археологиялық зерттеулер жұмысы жүргізіліп келеді. Ол екі қабатты төбе тәрізді, төбенің орта тұсының биіктігі 5 м, пішіні төрт бұрышты қоршаумен қоршалған, өлшемі 110х110 м., сақталған қоршаудың биіктігі 2 м.

Бүгінгі күнге дейін ескерткіштің 6 орнында қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл жүргізілген жұмыстардың мақсаты – бекіністің сыртқы қабырғаларын, олардың құрылысын және мүмкіндігінше олардың графикалық құрылысын зерттеу.

2023 жылы Бақа төбе ескерткішінің солтүстік-батыс бөлігінде 300 шаршы метрде қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба төмен қарай шамамен 1,5 метр тереңдікке дейін қазылып, ежелгі архитектуралық құрылымдар толық сақталған орын белгілі болды. 

Археологиялық қазба жұмыстары негізінде Бақа төбе ескерткішіндегі бекіністің екі ерекше элементі белгілі болды, ол сыртқы дуал мен орталық құрылыс (донжон) қалдықтары. Бұл архитектуралық құрылыстың Талас өзені аңғарының оңтүстігінде орналасқан Оңтүстік Қазақстан, Ферғана, Соғды және басқа да өңірлердің бекіністерімен ұқсастықтары бар.

Бақа төбе ескерткішінен қыш бұйымдар: тостағандар, сапты аяқтар және кішкене әсемделген асханалық құмыралардың бөліктері табылды. Сондай-ақ, б.з. II-III ғғ. басына тән қалың ыдыстардың сынықтары бар. Олардың сыртқы беті метал құралмен бедерленген. Қыш бұйымдар Арыс, Жетіасар, Отырар-Қауыншы мәдениетіне тән шеберлердің жұмысына өте жақын.

 – Әңгімеңізге рахмет!