Қазанның мамыражай бір апталығында тау мен тасты мекен еткен арқарларға санақ жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда «Охотзоопром» ӨБ РМҚК және Зоологиялық институтының қызметкерлері тарапынан жоспарға сәйкес санақ жұмыстары жүрді. Санақ нәтижесінде Қызыл кітапқа енген, жойылу қаупі бар тұяқты жабайы аңдардың, соның ішінде арқар санының өскені байқалды. Соңғы үш жыл бойынша өсім саны 18%-ды құрайды. 2021 жылы арқарлар саны 861, 2022 жылы 1026 болса, 2023 жылы 1059 басқа артқан.
Маңғыстау облысы аумағында 1 өңірлік табиғи «Қызылсай» паркі, «Жабайұшқан», «Манашы», «Тасорпа», «Адамтас» сынды өңірлік табиғи қаумалдар бар. Қаумал қызметкерлерінің еңбегі нәтижесінде 2023 жылы қаумал аумақтары бойынша 42 бұлақ көзі ашылды. Қолдан суару әдісімен құдық басына астау орнатылып, сырты қоршалды. Рейдтік шаралар үздіксіз жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі бойынша бақылау күшейтілді.
Арқар санының артуы дала аңдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жемісі деуге негіз бар.
Маңғыстау облысы