Жыл сайын шаһар төрінде ұйымдастырылатын мерекелік іс-шара бұл жолы Сайрам тұрғын алабындағы Наурыз паркінде болды. «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжановтың айтуынша, фестивальді өткізудегі мақсат – Республика күнін мерекелеу және барлық этностарды бір дастарқан басына жинап, достық пен татулықты насихаттау.
Ұйымдастырушылар ұйғарымымен 43 түрлі палау басылып, қатысушылар 7 аталым бойынша марапатталып, ешкім жүлдесіз қалмады. Іс-шарада 100 килодан аса палау пісірілді. 43 аспаз өздерінің бар өнерін салып, дәмді ас мәзірін дайындады. Фестивальде Шымкенттің өзінен басқа республика өңірлерінен, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген аспаздар болды.
Тәжікстандық аспаз Исматулла Рахимов осындай мерекелік іс-шараға қатысып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. «Халықтар достығы жасай берсін, бірліктері жоғалмасын» деген тілек арнап, елімізді Республика күнімен құттықтады. Тәжік халқында палауды «ош» дейді екен. Ал оның дайындалу әдісінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Палаудан бөлек аспаз бастап келген тәжікстандық қонақтар өздерінің ұлттық тағамы «құрытапты» әзірледі. Ол палаудан мүлдем өзгеше. Қазақтың кәдімгі құрты, сары май, нанын қосып жасайды. Фестиваль барысында тәжік бауырлар дайындаған палауларынан келушілерге дәм ауыз тигізді.
Үлкен қазанға басылған палаудан Сайрам тұрғын алабында орналасқан жетімдер үйіне тамақ таратылды. Этносаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан біраз азаматтың иықтарына қазақтың дәстүрімен шапан жабылды. Сонымен бірге ел Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бірнеше адам «Жомарт жан» медалімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапатталды. Осындай марапат иесінің бірі генерал-майор, ішкі істер органдарының ардагері Молдияр Оразалиев: «Қазақ-өзбек халықтарының достығы мәңгі жасай берсін, татулық болса елде тыныштық болады. Осы асыл қасиетімізді жоғалтпайық. Бірлік бар жерде әрдайым береке жүреді. Қазақ пен өзбек – бауырлас ұлт. Қанша ғасырдан бері тату-тәтті бірге ғұмыр кешіп келеді. Сол туысқан халықтардың арасындағы достық қарым-қатынас ешқашан үзілмесін», деген тілегін арнады.
Іс-шара барысында өнерпаздар сахна төрінде қазақ пен өзбек халқының әндерін шырқап, келген қонақтардың көңілін көтерді. Молынан жайылған дастарқан үстінде қариялар сөз бастап, салиқалы әңгіменің тиегін ағытты. Палау фестивалі – жыл сайын өтетін дәстүрлі іс-шара. Шымкентте алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылды. Содан бері үздіксіз жалғасып келеді.
ШЫМКЕНТ