Премьер-лига ойындарының 25-турында Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, қарсыластарынан 3:1 есебімен басым түсті. Маңызды үш ұпайына қол жеткізген «Ордабасы» чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда турнир кестесінде екінші орында келе жатқан елорданың «Астанасынан» бақандай алты ұпайға озып, өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанды!
Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен кездесудің алғашқы минуттарынан бастап алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алып, бірінші таймның небәрі 30-минутына дейін матч тағдырын шешіп тастады. Кездесудің төртінші минутында Айбар Жақсылықов ойынның есебін ашса, арада сегіз минут өткенде «Ордабасының» өзбекстандық шабуылшысы Шахбоз Умаров есепті еселеді – 2:0. Ал 27-минутта украиналық Артем Беседин «Ордабасының» үшінші голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. Екінші таймда қарағандылықтардың жалғыз жұбаныш голын Темур Чогадзе соқты.
Осылайша, ел біріншілігінде алғаш рет топ жарған «Ордабасы» клубы енді келесі жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.