Оған белгілі қоғам қайраткерлері Заманбек Нұрқаділов, Заманбек Батталханұлы, этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы, журналист Бағдат Мүптекеқызы бас болып, Сәрсенбек Дәулетбақұлы, Айтбай Жетібайұлы, Байжүніс Көдекұлы, Молдажан Мәметұлы, Бәйтеке Тәжіұлы, Әбен Тоқтасынұлы, Сейтжан Байжүнісұлы, Шәкен Ошанбайұлы, Әбілхақ Тұрдыбайұлы секілді бірқатар құсбегі атсалысқан болатын. Содан бері 35 жыл ішінде құсбегіліктің өрісі кеңейіп, елімізде ғана емес, шетелдерге де танымал болуына ұлттық өнердің жанашыры, белгілі журналист Бағдат Мүптекеқызы бастаған ұлтжанды адамдардың қосып келе жатқан үлесі ұшан-теңіз. Елеулі еңбектің арқасында Алматы облысынан бастау алған игі шара нәтижесінде республикадағы барлық ұлттық спорт мектебінде «Құсбегілік» бөлімдері ашылып, бұл күнде жас буынды қыран баптауға баулып келеді.
Жуырда Ақай Нүсіпбеков атындағы ауыл маңайындағы «Құлаған жар» тауының баурайында «Жалайыр Шора» мектебінің құрылғанына 35 жыл толуына орай және бабалар мұрасын жалғастырушы, құсбегілік өнердің өркен жаюына бірден-бір мұрындық болған Сәрсенбек Дәулетбақовтың осы салаға сіңірген еңбегін айрықша атап өту мақсатында «Салбурын – 2023» халықаралық құсбегілер турнирі ұйымдастырылды.
«Құсбегі мектебінің негізін қалаушы Сәрсенбек Бәрменбекұлы атамыз шаруашылықта шопан бола жүріп, жүйрік ат жаратып, отыз жылдай қолынан қыран құсын тастамаған. Кеңестік кезеңнің өзінде жапон, француз киногерлерін таңғалдырып, қасқыр, еліктен басқа, орман ішіндегі сілеусінге бүркітін түсіріп, қазақ елін шетелдерге танытқан әйгілі бүркітші. Қазақ құсбегілік өнерінде өзінің «Алтайдың ақиығы», «Тәңіртаудың Мұзбалақ қарасы», «Даланың алтын сарысы» сынды қырандарының қасиетін танып, қадіріне қанығып өскен өнегелі жан. Сонымен қатар жүйрік атқа алтынмен апталған, күміспен күптелген ер-тұрман жасап, әйелдердің әшекей бұйымдарын соғып аты шыққан зергер Сәрсенбек ата жігітке тән жеті өнерді игерген сал-серілердің соңғы тұяғы еді», деген республикалық «Құсбегілік» федерациясы ҚБ вице-перзиденті Бағдат Мүптекеқызы бабадан қалған ұлттық құндылық, бекзат өнерді кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру, ұзақ жылдар бойы тасада қалған елеулі есімді қайта жаңғырту және халықаралық деңгейге көтеру мақсатында өткен жылы белгілі тележурналист Берік Уәлидің басшылығымен республикалық «Құсбегілік» федерациясы қоғамдық бірлестігінің құрылғанын атап өтті. Соның негізінде бұл Алматы облысында алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп отырған турнир.
Туризм және спорт министрлігі Денешынықтыру және спорт комитеті, «Самұрық-Қазына» ӘҚ, Спорт қоры, Ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық «Құсбегілік» федерациясы ҚБ, Алматы облысының әкімдігі мен «Қыран» федерациясы қоғамдық қоры ұйымдастырған «Ескірмейтін есімдер» атты жоба аясында өткен бұл турнирге елімізден, Түркия, Моңғолия, Қытай, Қырғызстаннан келген 70-тен аса құсбегі қатысып, бақтарын сынады.
Қыран қалықтаған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Базарбек Күнтуғанұлы, Алматы облысының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков пен Құрметті спорт қайраткері, республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы қатысып, дала қырандарының қыр-сырынан сыр шертті және жарысқа қатысушы құсбегілерге сәттілік тіледі.
Турнир кестесінде көрсетілген үш аталым бойынша, атап айтсақ, бүркіттермен, қаршыға және ителгілермен аң аулауда алдына қара салмаған қырандар анықталды. Бүркіттер жарысында 1-орынды Астанадан келген құсбегі Күнтуған Серікбектің «Алғыры» алса, қаршығалар жарысында 1-орынды Жамбыл облысының құсбегісі Бабажан Берікболсынның «Қоймасы» иеленді. Ал ителгілер сынында 1-орынды астаналық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» қанжығалады. Дала төсін қиқулатып, жүздеген жанкүйердің қызығушылығын арттырған турнир қорытындысында жеңімпаздар арнайы кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталып, мерейлері үстем болды.
Алматы облысы