Биыл медицина саласына жаңа техника сатып алуға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлінген. Бұл медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейін 93,5 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді. Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 18 медициналық-санитарлық көмек нысанын салу қарастырылған. Оның үшеуін жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Ал 15 нысанның құрылысын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
«Жергілікті бюджет есебінен 19 нысанның құрылысын салу жоспарланған еді. Жыл соңына дейін 12 нысанның құрылысы аяқталады. Ал 5 нысанның құрылысы 2024 жылы басталады. Атырау қаласындағы «Өркен» және «Нұрсая» шағын ауданында күніне 250 пациент қабылдайтын 2 емхананың құрылысын жеделдетуге шешім қабылданды. Сол себептен, жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, құрылыс жұмыстары қолға алынды», дейді С.Шәпкенов.
Сондай нысанның бірі Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, дәрігерлік амбулатория мемлекеттік бағдарлама аясында салынған.
«Мемлекеттің ұстанып отырған басым бағытының бірі – халықтың саулығын арттыру, медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Сол себептен, облыс әкімдігі қолданыстағы нысандарды жаңартып, жаңа емдеу орындарын салуға баса назар аударып отыр», деді Ж.Бисембиев.
Атырау қалалық №3 емхананың директоры Айман Өтегенованың мәліметіне сүйенсек, жаңа амбулаторияның 33 кабинеті заманауи компьютерлік техникамен, интернетпен толық жабдықталған. Дәрігерлік амбулатория 7 мыңнан аса пациентті қабылдауға есептелген. Бір ауысымда 80 пациент қабылданады. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігерлерге 5 кабинет қарастырылған. Сондай-ақ күндізгі стационар, егу және емдеу, гинекология, стоматолог, дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, дені сау балалар бөлмесі, 8 кереуетті күндізгі емхана жұмыс істейді.
«Осы кезге дейін Атырау қалалық №3 емхананың дәрігерлері «Береке» шағын ауданының тұрғындарына медициналық қызметті көрсетіп келді. Енді отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда қызмет көрсетуге толық жағдай жасалды», дейді А.Өтегенова.
Облыс әкімінің дерегіне қарағанда, биыл 6 айда 406 шағым түскен. Оның ішінде 74 шағымда көрсетілген жайттың негізді екеніне дәлел тапқан. Ал 73 шағымдағы айтылған деректер ішінара негізді деп саналған. Бірақ 259 шағымның негізсіз екені анықталып отыр. Әкім шағымдарда көрсетілген кемшіліктерді жою, алдын алу мақсатында медициналық-санитарлық көмек қолжетімділігін жақсарту, медициналық көмек сапасын арттыру шараларын бақылауына алған.
«Өңірдің медицина саласында кадр тапшылығы әлі де бар. Жыл басында 185 маманның жетіспейтіні анықталған еді. Осы кезге дейін 102 маман жұмысқа қабылданып отыр. Биыл жергілікті бюджет есебінен 39 медициналық жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Жаңа көліктер желтоқсан айында жеткізіледі. Қыркүйек айына дейін сақтандырылмаған адамдар саны – 74 876. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17,6%-ға төмендеді. Республикалық бюджеттен амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 5,6 млрд теңге бөлініп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп отыр. Жергілікті бюджеттен 301 млн теңге қаралып, дәрілік заттармен 108 науқас қамтамасыз етілді», деп мәлімдеді С.Шәпкенов.
Атырау облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің айтуынша, жақында көпфункционалды 115 кереует сатып алынған. Оған жергілікті бюджеттен бөлінген 127 млн теңге жұмсалған.
«Eleganza моделінен көпфункционалды 15, LISA маркалы 100 кереует балалар ауруханасына жеткізілді. Электронды реттегіші бар арнайы төсек науқасты стационарлық емдеу мекемелеріне арналған. Кереуетке интуитивті таңбалары бар басқару блогі орнатылған. Бұл мейірбикелердің пациентке күнделікті күтім жасауын жеңілдетеді. Кереует жеңіл және ыңғайлы, науқас үшін жайлылықты қамтамасыз етеді. Әмбебап кереуеттердің 100-і бөлімдерге бөлінсе, 15-і жансақтау бөліміне орнатылды», деді Н.Айтмұхамбетов.
Бұл ауруханаға 17 млн теңгенің краниотом құрылғысы сыйға берілді. Оны сатып алуға мұнай компаниясы демеушілік көрсеткен. Аурухананың нейрохирург дәрігері Шодер Әріповтің айтуынша, краниотом – бас сүйекті бұрғылау, алынбалы сүйек қақпағын жасау үшін қолданылатын әмбебап хирургиялық құрылғы.
«Бұл құрылғының бас және ми жарақатын емдеуге көмегі көп. Мәселен, дәрігердің анықтаған диагнозына байланысты қан ұю мен ісікті жоюға, қан тамырларын қалпына келтіруге болады. Дәрігерлердің түрлі операцияны сәтті жасауы үшін осындай озық құрал-жабдықтар қажет. Әсіресе бас сүйегіне операция жасау кезінде заманауи технологияның маңызы ерекше екені байқалады. Өйткені нейрохирургияда медициналық технологиялар арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Енді қиын операцияларды осы аспаптың көмегімен оңай жасауға мүмкіндік бар. Себебі бұл құрылғы жарақатты азайтады», деді Ш.Әріпов.
Атырау облысы