Қазақта әулет деген қасиетті ұғым бар. Әдетте үлкен атадан тараған, қара шаңырақтан бастау алған, тамыры терең алып бәйтеректей өсіп-өнген, құт қонып, береке ұялаған ағайын отбасы бірлігін осылай атайды. Өңірге еңбегімен, меймандостығымен, қайырымды қасиетімен танылған Асқар атамыздан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елге, іргелі әулетке айналды. Қазір олар азат еліміздің байтақ жерінің түкпір-түкпірінде тұрып жатыр. Әрқайсысы жаңа әулеттің негізін қалап, ұрпақ өрбітіп отыр. Еңбекқор атамыз: «Айналаға шуақ сеуіп өсіңдер, адал жүріп, адал тұрыңдар!» деп бата береді екен.
Әулетте бауырлардың басын қосып, қамқорлық танытып, ынтымақ пен ауызбірліктің ұйытқысы болып жүретін бірегей жандардың жөні бөлек. Олар жасының үлкендігімен ғана емес, ақыл-парасатының кемелдігімен, іс-әрекетінің ірілігімен, пейілі мен мінезінің кеңдігімен көптің көңілінен шығып, сый-құрметке ие. Әулетіміздегі сондай тұлға, қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып, берекеге ұйытқы болып отырған – ел ағасы, ауыл қамқоры Әуезхан Асқаров. Ардақты азаматымыздың екі қасиеті бізді, айналасын жігерлендіреді. Біріншісі – Отанын және соның бір аяулы пұшпағы ауылды шексіз сүйетіні. Екіншісі – біраз жасқа келсе де еңбегі мен білігін міндетсінбей, адал атқаратыны.
«Адам туған топырағына тартып туады» деген бар. Сондықтан ең алдымен өскен ауыл-аймағымыз жөнінде айта кетейін. Біздің кіндік қанымыз тамған, дүние есігін ашқан туған жеріміз – қазіргі Түркістан облысы Келес ауданының малы мен жаны қатар өскен, берекесі маңдай термен артқан Бірлік ауылы. Тарихы терең әрі тағылымды жер. Бір жағында – бастауын қасиетті Қазығұрттан алып, Шардараға қарай жайыла ағатын Келес өзені, екінші жағында – қазақ тарихы таңбаланған грек жазбаларында – Яксарт, «Бабырнамада» – Сейхұн атымен жүрген Сырдария. Келес өзені жағалауын жайлаған елге бар нәрін беріп, Бірлік ауылының тұсынан аса Сырға барып құяды. Осы өзендердің оң қапталы көкжиегіне көз жетпейтін кең жазира дала, бұйрат-бұйрат қырлар. Өзен бойы – тоғай мен жайқалған егін, жота-белесі – төрт түлік мал. Ешкім жоғарыға қол жайып отырған жоқ, құдай бұйыртқан денсаулықтың арқасында қасиетті жерден нәпақасын теріп жеп жүр.
«Туған жерге туыңды тік» дегендей, Әуезхан ағамыз оқуын тәмамдап, мамандық алғаннан кейін туған ауылына табан тіреп, еңбекке ерте араласты. Асқар таудай әкеміз Әмірхан мен ардақ тұтар аяулы анамыз Айткүлдің қолына келіп, содан бері табан аудармай қарашаңырақтың туын жоғары ұстап, әулеттің өнегелі дәстүрін лайықты жалғастырып келеді.
Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөзі рас. Ағамыз Бірлік ауылында мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, жұмыстың көрігін қыздырды. Еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында елеулі нәтижеге жетіп, озаттар қатарынан көрінді. Ел қазынасының артып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне мол үлес қосты. Сан жылғы тынымсыз еңбек, төккен тер тегін кетпеді. Кеңес кезеңінде де, Тәуелсіздік жылдары да еліміздің түрлі дәрежедегі орден-медальдарымен, төсбелгілерімен, алғысхаттарымен марапатталды. Атап айтқанда, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін», «Ардақты ардагер» секілді марапаттары ауылдың абыройын көтерді. Бұл – негізгілері ғана. Мұның сыртында республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі төсбелгілері мен алғысхаттары бір төбе.
Аудан экономикасының дамуына, ел-жұрттың ауызбірлігі мен ынтымағын арттыруға сіңірген зор еңбегі ескеріліп, Түркістан облысы Келес аудандық мәслихатының 2018 жылғы шешімімен «Келес ауданының құрметті азаматы» атанды.
Бұған қоса Әуезхан Әмірханұлы қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, азаматтық ұстанымынан, елшілдік көзқарасынан айнымай келеді. Кеңес кезінде бірнеше дүркін аудандық, облыстық, республикалық кеңестердің депутаты болып сайланып, биік мінберден еңбеккерлердің мүддесін қорғады. Қаншама өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына ықпал етті. Бүгінде Бірлік ауылында Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Еңбекқор ауыл халқының бірлігі мен татулығына дәнекер тұлға.
Әуезхан ағамыздың үлкен әулеттің ұйытқысы, отбасының тірегі, кішіге қамқор аға, үлкенге ізетті іні, ағайынға жанашыр ретінде де өнегесі мол. «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға деуге әбден лайықты. Сөйлеп кетсе – шешен, бастап кетсе – көсем болатын көшбасшылық қасиеті – бәрімізге үлгі. Егер ол сонау жас күнінде өнер ортасына түсіп, әншілік-күйшілік қабілетін әрі қарай дамытса, осы салада да үлкен жетістікке жетер еді деп ойлаймыз. Ол бүгінге дейін домбырасын баппен шертіп, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» туындысын қоңыр дауыспен әуелете шырқайтыны, әйгілі ШәМші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің әсем әндерін нақышына келтіре орындайтыны айналасын таңғалдырмай қоймайды.
Асқар таудай Әуезхан ағамыз мен әже-апалардың асыл қасиетін бойына жинаған Нәзігай жеңгеміз ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Абзал әке мен батыр ананың кіндігінен тараған бес ұл мен бес қыз әке-шеше жолын жалғастырып, еліміздің түрлі саласында жемісті еңбек етіп, ата-анасына немере-жиен, шөбере-жиеншар сүйдіріп отыр. Бұл отбасының тәлім-тәрбие байлығы маңдай термен тапқан еңбек жемісінің заңды жалғасы секілді.
Халқымыз «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» дейді. Ағамыз еңбекке араласқаннан ауыл-аймақтың сый-құрметіне ие абыройлы азаматқа айналды. Адам баласының көңілін қалдырмайтын кішіпейіл мінезі, елге болсын дейтін кең пейілі, ізетті ұстанымы жылдан-жылға тұлғасын асқарландырып, қадірлі аға, қоғамшыл қайраткер, абыройлы ақсақал деңгейіне көтерді. Бұл – «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ер көгерер» дегендей, жасынан аузы дуалы ақсақалдардың, өзін мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен ақ батасын алғанының жемісі деп есептейміз.
Республика күні қарсаңында ауылда жүріп-ақ елдің жүгін арқалауға септескен аға толқынның қарапайым да тәлімді еңбегін еске алғанды дұрыс көрдік. Расында, еңбек адамы, ауыл-аймаққа қадірлі тұлға – қашанда елдің құты.
Ілесхан АСҚАР,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты