Қоғам • 24 Қазан, 2023

Ерлік ескірмейді

306 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ішкі істер органдарының тарихында өздерінің борышын адал атқарып, өмірін қиған азаматтар аз емес. Солардың бірі – қырық жыл бұрын қызмет барысында қаза тапқан милиция лейтенанты Қалқаман Сембаев.

Ерлік ескірмейді

Беймезгіл уақытта суық хабар жеткен. Селоның бір тұрғыны әйелі мен балаларына мылтық кезеп, атып тастаймын деп айбат шеккен дейді. Ашу үстінде оқыс оқиғаның болуы әбден мүмкін. Айдың-күннің аманында иненің жасуындай кінәсі жоқ адамдар бір тентектің кесірінен оққа ұшып, опат болып жатса, сұмдық емес пе? Учаске инспекторы Қалқаман Сембаев іле-шала оқиға орнына жеткен. Жамандық қашан жалған болып шығып еді. Шынында да, қаһарына мінген әлгі тентек әйел мен балаға оқтаулы мылтығын тақап тұр екен. Өңі өрт сөндіргендей. Шүріппені басып қалса, бәрі тәмам. Бейкүнә ғұмырлар қиылды дей бер. Инспектор екі көзі тұманданып, есі кете теңселіп тұрған жаман ойлы жерлесін сабыр­ға шақырып көрмек болған. Бірақ сөз түсінер түрі жоқ. Амал жоқ, қарауыл ұшындағы адамдарды өзі қалқалай берген. Бір кезде ебін тауып, қолындағы мылтықты жұлып алудың сәті түсті. Жанын шүберекке түйіп жасаған әрекеті еді. Кейін санаға салып салмақтасақ, ақ ажал әйел мен ба­лаға ғана емес, өзіне де төніп тұр­ғандығын есіне алмаған болар, ет қызумен өмір мен өлім белдескен сәтте ол туралы ойлады дейсіз бе? Ал жазықсыз жандарды аман алып қалуды ойлағаны шындық. Сол үшін де қорған болуға ұмтылды. Қолы­нан мылтығын жұлып алғанымен, қауіптің қара бұлты сейілмеген екен. Қарусыздандырғаннан кейін жа­ны сәл жай тапқан. Бекер болды, тентектің оқтаулы екінші аңшы мылтығы бар екен. Дәл осы жерде қапыда қалғаны. Бурадай буырқанып шабынған әлгі басбұзар бұл жолы шүріппені басып қалды. Ажал аңсаған қорғасын оқ тыныштық сақшысын мұрттай ұшырды.

пыр

– Дәл сол күні түс көріп едім, – дейді жан жары Қадиша. – Бұрын­ғылар «Түс – түлкінің тезегі» демей ме, сол жолы көргенім шынға айналды. Ата-анам жылқы сойып, әлдебір жабдықтың қамымен жүр екен.

Оянған соң көрген түсін анасына айтыпты. Ол болса қызына түсті жақ­сылыққа жору керек, әлдебір қуаныш болатын шығар деп жорамалдаған. Оқыс оқиға болған кезде жаманат хабарды алдымен әкесі естіген. Қызына қалай айтарын білмей қиналған. Бауырына басып тұрып:

– Қызым, енді саған Қалқаман жоқ, – десе керек.

Осы бір сөз қандай суық еді. Қадишаның жан-дүниесін мұздай қарып жіберді. Қара аспан айналып, еңсесін басқандай. Арғы жағы есінде жоқ. Тек жедел жәрдемнің ішінде ғана есін жиған.

Оққа ұшып, жан тәсілім етер алдында соңғы күшін жинаған ержүрек инспектор жалғыз ауыз аманатын жеткізіпті. Аяғы ауыр келіншегі жарық дүниеге аман-есен перзент әкелсе, атын Арман деп қойсыншы деген. Бәлкім, өзінің көкірегінде жүрген үлбіреген асыл арманы шығар. Өмірге ұл емес, қыз келді. Қыз – өріс. Атын азан шақырып Армангүл қойды. Ширақ болып өсті. Әкесінің армандаған қызы жолын қуып ішкі істер саласында қызмет етті. Тұлымы желбіреген кішкентай кезінде әкем тәрізді тыныштық сақшысы боламын деп айтатын. Ешкім үйретпеген, жөн сілтемеген, әлдебір ішкі түйсік оң жолға салғандай. Иә, асқар тау әкенің абзал бейнесі болашағына жол сілтеген адастырмас темірқазық іспетті. Шұғыла нұрын себезгілеп, жан-жүрегіне қуат құятындай, әділ­дікке, адалдыққа шақыратындай.

Өткен өмір өрнегі жан жары Қа­дишаның көкірегінде шемен болып қатып қалған. Арада қаншама жыл өтсе де күні кешегідей көз алдында. Алғашқы танысқан сәті де. Немере ағасы әскери борышын өтеуге аттанып бара жатқанда танысқан. Ол уақытта әскер қатарына алынған бозбаланы ет жақын ағайын-туыстары, ауыл-аймақ, құрбы-құрдастары ақ сапар тілеп шығарып салады. Жиналған топтың ішінде Қалқаман да тұр екен. Міне, ғажап, бір көргенде-ақ бірін-бірі ұнатқан.

– Тосасың ба? – деп сұрапты Қалқаман.

Бойжеткен қыз қапелімде жа­уап бере алмаған. Қалқаман әскери борышын өтеп жүріп, туған жер­дің төсінде қалған қызға жүрек тебі­рентерлік хаттарын жолдайтын. Қадиша да жауап беріп жүрді. Әскери міндетін өтеп келген соң Қалқаман Алматы қаласындағы орта арнаулы милиция мектебіне түскен. Оқудан соң еңбек жолы басталды. 1981 жылы дүркіретіп үйлену тойын өткізген. Жадында қалған қызылды-жасылды әлемнің естен кетпес қызықтары осы. Алданышы Армангүл болды. Әкесі өмірден озғаннан кейін енді-енді ес біліп қалған қыз елегізіп, менің әкем қайда деп сұрайтын. Не айтсын, жолсапарға кеткен дейді де. Бірде мектептен жылап келді. Сөйтсе, сыныптас қыздары әкесінің қаза болғанын айтса керек. Келесі күні сынып жетекшісі үлкен жиын өткізген. Сол жиын үстінде қарапайым учаске­лік инспектор Қалқаман Сембаевтың ерлігі туралы баяндап берген. Армангүлдің көкірегін қуаныш кернеді, сары уайым сарқылғандай. Әкесі үшін мақтанды. Әкесіне ұқсап бокспен, дзюдомен айналысты. Айтпақшы, ерлігі ел есінде қалған Қалқаман Сембаев спортта да талай жетістіктерге жеткен. Спорт шеберлігіне кандидат атанған. Бүгінде өңірдегі полиция қызметкерлерінің жас толқыны қызмет барысын­да қаза тапқан полицейлерді әр­дайым құрметпен еске алады. Бұ­рын­ғы Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жанов Қалқаман Сембаевтың жарына марапат табыс етті. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі берілді.

Ең бастысы, өскелең ұрпаққа үлгі болар өнегесі қалды. Демек, бар арман-тілегі толайым орындалмаса да, алға қойған мақсатының бір парасы атқарылған болар...