Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып отырған Әділетті Қазақстан жобасының халыққа берері мол, маңызы зор. Кейінгі жылдарда халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бағдарламалар: жағдайы жоқ отбасыларға берілетін қаржы көлемінің артуы, зейнеткерлердің зейнетақысын ұлғайту, карантин кезеңдерінде халыққа төленген қаржылай көмек, аз қамтылған шаңырақ пен көпбалалы отбасыларға бір реттік кредиттік амнистия, студенттердің шәкіртақысы мен ұстаздардың айлығын көбейту секілді игі шаралар атқарылып келеді. 2024 жылдан бастап 18-ге толмаған әр азаматымызға дербес шот ашылып, оның қорына қаржылай көмек аудару да жоспарланып отыр. Одан басқа да Үкіметтің қайта жасақталуы, халықтың мүддесін ойлайтын басшылардың келуі, жаңашыл депутаттардың мінберге көтеріліп, халықаралық қарым-қатынастарды оң бағытта реттеу, елде бейбітшілік пен татулықты сақтау мақсатында халықаралық кездесулер, келіссөздер жүргізу сияқты Мемлекет басшысының тарапынан жүзеге асырылып жатқан істер аз емес. Елдегі экономикалық жағдайдың артуы мен ел болашағы тек басшылықтың құзыретіндегі мәселе емес, сонымен қатар барша халық болып бірлесе атқаратын шаруалар мен игі істердің үлес салмағы мол.
Мемлекет тарапынан беріліп жатқан білім гранттары мен басқа да қаржылай гранттар – ел болашағына жасалған инвестиция, елдің жарқын болашағының кепілі. Осы іс-шаралардың оң жолға қойылуы – Әділетті Қазақстан құрудың басты қадамының бірі. Осындай игі іс-шаралармен қатар, халықтың рухани дамуы мен ішкі және сыртқы мәдениетке назар аударуы, білімге ұмтылуы – ортақ мүддеге жетудегі алғышарттардың бірі. Ел әлеуетінің көтеріліп, халықтың жағдайының артуы болашақ үшін маңызды рөл атқарады. Мемлекетіміздің көркеюіне үлесін қосу – саналы ұрпақ міндеті. Әділетті қоғамның парасатты ұрпақтың қатарына қосылудың күні алыс емес екеніне шынайы сенемін.
Еңлік ҚАСАБЕКОВА,
Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері