Үкімет • 24 Қазан, 2023

Кеңес құрамы бекітілді

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтіп, депутаттар Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құру мәселесін қарап, оның құрамын бекітті. Сондай-ақ олар 26 қазан күні өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті.

Кеңес құрамы бекітілді

Алдағы Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақ­стан Республикасы мен Кипр Рес­пуб­ликасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратифи­кациялау туралы» және «Қазақ­стан Республикасы мен Кипр Респуб­ликасы арасындағы қылмыстық істер бо­йынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заңдарды қарайды.

Аталған заңдардың нормаларына сәйкес мемлекеттер қыл­мыс­тық құқық бұзушылық сала­сында өзара құқықтық көмек көр­сете­ді. Нақты айтқанда, шарт­тарда екі елдің құзы­ретті орган­дарының адамдарды ұстап беру, кейін­ге қалдыру немесе уақытша ұстап беру бо­йын­ша өзара іс-қимыл мәселелері, ұстап беру­ден бас тарту үшін міндетті және факуль­та­­тивтік негіздер егжей-тегжей регламенттелген.

Отырыс барысында депутаттар Сенат жанынан Инклюзия жө­нін­дегі кеңес құру туралы мәсе­лені қарап, оның құрамын бекітті.

«Кедергісіз орта қалыптастыру және мүге­дектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау – мемле­кет­тің алдында тұрған басым мін­­дет­тердің бірі. Инклюзия жөнін­дегі кеңес­тің қызметі елімізде толық­қанды инклю­зив­ті орта құруға ықпал етуді көздейді. Бұл алаң­ның жұмысына сарапшылар мен қоғам бел­сен­ділерін де жұмылдырамыз. Алдағы уақыт­та Кеңес ерекше қажеттілігі бар азаматтар­дың өмір сүру сапасын жақсартуға тың серпін береді деп сенеміз. Сенат осы бағытта барлық мүдделі тараппен белсенді жұмысын жалғастыра береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Кеңестің құрамына Сенат депутаттарынан бөлек, сарапшылар қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Сенат жанынан Инклюзия жөніндегі кеңес құру туралы бастама алғаш рет биыл қыркүйек айында Палатада көтерілген болатын.

Сонымен қатар Бюро отырысында «Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағ­дары» атты Қазақстан халқы­на Жолдауын іске асыру шең­берін­де салық саясатының және салықтық әкім­шілендіруді жаңғыр­тудың негізгі тәсіл­дері мен тұжы­рым­дамалық мәселелері» тақы­ры­бына арналған алдағы Үкімет сағатына дайындық барысы талқыланды.

Сенат төрағасы атап өткендей, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда салық саясатына жеке тоқталып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Осыған орай, жаңа Салық кодексін әзірлеу Парламенттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ отырыс кезінде Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.