фото: ашық дереккөз
«Осыдан тура бір жыл бұрын мен ауқымды сайлау кезеңі басталатынын айтқан едім. Қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат пен Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы кезең-кезеңімен өтті. Оның бәрі жаңа әрі әділ ережемен жүргізілді. Бұл сайлаулар азаматтарымыздың саяси және сайлау мәдениетінің деңгейі өскенін көрсетті», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі саяси реформадағы аса маңызды қадамның бірі болды. Қазірге дейін 1900-ден астам ауыл округында сайлау өтті. Ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы жаңарды.
«Жақында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтарымыз тікелей сайлайтын болады. Әзірге жаңа тәсілдің тиімділігін байқап көреміз. Адам құқығын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот қайта құрылды. Омбудсмендердің мәртебесі көтеріліп, құзыреті кеңейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілді», деді ел Президенті өз сөзінде.