«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Кешегі күндері атамыз «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деп айтқан екен. Мінекей, соны сіз ескеріп, қалам ұстаған біз сияқты бір топ жазушының қадірін көтеріп отырсыз. Сондықтан да сізге деген алғысымыз - алабөтен!
Осыдан бірнеше күн бұрын сіз Қытайда қытайша сөйлеп, бүкіл қытайды таң қалдырып едіңіз. Ал ендігі жерде сіз басқарып отырған Қазақстан бүкіл әлемді таң қалдыратын күнге де жеткейміз!», деді Самғұл Елубай марапаттау рәсімі барысында.
Egemen.kz сайтының тілшісіне берген шағын сұхбатында Смағұл Елубай кеңес одағы өкіметі кезеңіндегі жазушыларға берген қаламақы мен қазіргі қаламақыны салыстырып, өзінің пікірін білдірді.
- «Халық жазушысы» деген марапатқа келетін болсақ, талантты жазушылар Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржеке, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашкова қарындасымызға берілді. Бұл жерде Құрылтай, Жазушылар одағы, және өзге де Қазақстандағы беделді ұйымдар ұсынған кандидаттар болды. Жазушыларға келетін болсақ, бағана атап өткендей «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген ұғым тура осы жазушылардың басында бар жағдай. Өйткені, біз кеңес одағы құлағаннан кейін бөркімізді аспанға лақтырып, өлгеніміз тірілгендей болып, өшкеніміз жанғандай болып қуандық. Бірақ сол совет өкіметі құлағаннан кейін қатты қуанған және елдің сөзі болған жазушылар таяқ жеді. Олар қаламақы дегенді ұмытты, біз де ұмыттық. Қазір қаламақы береміз десе біз таң қаламыз. Мінекей, осындай жағдайда жазушының қадірі қалай болсын. Тіпті халықтың алдына тұрмақ, өзінің үйінде қадірі болмайды. Үйге табыс алып келмейтін отағасының қадірі ешқашан, еш жерде болған емес. Жазушылардың адал табысына адал қаламақы төлеу совет заманында өте үлкен дәрежеде болды. Мысалы, біздің жасымызға келген жазушылар 4 томдық таңдамалы шығарма шығаратын болса, өмірінің соңғы асуларына дейін есептесең он пәтер сатып алатындай қаламақыға ие болған екен. Ол нәрсені көзіміз көрді ғой. Ал енді сол қыруар қаламақы бүгінгі қаламгерлердің көзінен бұлбұл ұшты деп айтуға болады», деп бөлісті Смағұл Елубай.