Мемлекет басшысының Жарлығымен 5571 әскери бөлімінің аға маманы аға сержант Жарқынбек Айдарханбеков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ал 3477 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Тілек Құмарбеков «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне мемлекеттік награданы Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада өз қолымен табыстады.
- Бүгін мен мемлекеттік награда - «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл сыйлық маған екі әйелді суық қарумен жарақаттаған қылмыскерді ұстағаным үшін беріледі. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановқа, маған осы мемлекеттік награданы беру туралы өтініш білдіргені үшін алғысымды білдіремін, - деді аға сержант Жарқынбек Айдарханбеков.
Еске салсақ, оқиға 2022 жылдың 18 шілдесінде Алматы қаласында болған. Жарқынбек Айдарханбеков сағат түнгі 00:50 шамасында үйінен шыққан бетте көмек сұраған әйел адамдардың ащы дауысын естіген. Айғай шыққан жерге жеткен әскери қызметші белгісіз ер азаматтың екі әйелді суық қарумен жарақаттап жатқанын байқайды. Ұландықты көрген сәтте бұзақы оқиға орнынан ізін суытуға тырысады. Алайда Жарқынбек қауіпті қылмыскерді тез ұстады.
- Республика күні қарсаңында «Ерлігі үшін» медалін алғаныма қуаныштымын. Бұл үшін әскер қолбасшылығына шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Өткен жылы мен Үлбі өзеніне батып бара жатқан 6 жасар баланы құтқардым. Көмекке зәру бүлдіршінді құтқаруға ұмтылған сәтте өз өмірімді ойлап жататын уақыт болған жоқ, - деді ефрейтор тілек Құмарбеков.
2022 жылдың 16 шілдесі күні су ағынын еңсере алмай тұншығып жатқан баланы байқаған ефрейтор Тілек Құмарбеков дереу суға секірген болатын. Оның қолынан ұстап, жағаға шығарғаны сол еді, кенет өзі су жұтып, тұншыға бастайды. Баланы құтқарып үлгергенімен, өзі өзенге батып бара жатты. Мұны көрген жағадағылар лезде көмекке келіп, Тілекті судан шығарып алды. Суда біраз қалып қойған әскери қызметші есінен танып қалған. Ауруханаға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде оған реанимациялық шаралар жасалып, ол есін жиған еді.
Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарында Ұлттық ұланның 260-қа жуық әскери қызметшісі әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны, қызметте көрсеткен ерліктері, батылдығы мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.