Қоғам • 24 Қазан, 2023

Елордада «Егемен Қазақстан: Жастар Дауысы» атты форум өтті

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Maqsut Narikbayev University-де Республика күніне орай «Егемен Қазақстан: Жастар Дауысы» атты форум өтті. Аталған іс-шараны Конституциялық және саяси зерттеулер институты ұйымдастырды. Форумның мақсаты – әртүрлі буын заңгерлеріне Қазақстанның егеменді дамуының өзекті мәселелерін және құқықты интерактивті платформада талқылауға мүмкіндік беру.

Елордада «Егемен Қазақстан: Жастар Дауысы» атты форум өтті

Фото: ашық дереккөз

Форумға қатысушылардың қатарында елімізге белгілі ғылым және қоғам қайраткерлері, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы И.И. Рогов, АХҚО сотының аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл, MNU Қамқоршылық кеңесінің мүшесі А.А. Ахметов, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қорының директоры З.Қ. Батталова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ү.Ш. Шапақ, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы С.П. Тұрсынбекова, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының төрағасы  С.В.Сизинцев, «Fortune Partners» ЖШС басқарушы директоры Д.А. Тоқмурзина және басқа да зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.

Maqsut Narikbayev University Провосты Сергей Пен өз сөзінде нарықта жаңа көзқарастағы мамандарға деген сұраныстың артқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта саяси контекст өте қатты өзгеріп кетті. Сондықтан жаңа көзқарастағы мамандарға деген сұраныс артты. Ал студенттеріміз өз позициясын қоғамдық ортада ашық айтуға машықтану үшін біз шараны диалог форматында ұйымдастырдық. Бұл формат студенттердің басқа азаматтарға, олардың пікірлеріне еліктемей, мәселелерге деген жеке пікір мен көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді», деді ол.  

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы И.Рогов форум қатысушыларына егемендік алған кезеңдегі оқиғалар туралы және ол оқиғаларға өзінің қатысқаны жайындағы естеліктерді айтып берді. «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылданғаннан кейін ғалымдар мен заңгерлер Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге кірісті, бірақ 1991 жылғы оқиғалар заң траекториясын жаңа бағытқа өзгертті. Игорь Иванович өз сөзін: «Егемендік туралы декларация болмаса, тәуелсіздік те болмас еді», деп түйіндеді.

Форумға қатысушылар бүгінгі Қазақстандағы оқиғалар жастарға елдің даму үдерістеріне белсенді үлес қосу мүмкіндігін беретін маңызды бетбұрыс деген қорытындыға келді.