09 Маусым, 2010

АЗИЯ КЕҢЕСІ — ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ, ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТІРЕГІ

856 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Кеше Ыстамбұл қаласындағы “Чираган” сарайында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) ІІІ саммиті ашылды. Оның жұмысына АӨСШК-ге мүше бірқатар мемлекеттердің басшылары: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж және Ресей Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин, сондай-ақ ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің мүшесі, вице-премьер Дай Бинго, Ирак вице-президенті Т. Әл-Хашими, Вьетнам вице-президенті Нгуен Тхи Зоан, Тәжікстан Оли Маджилисінің төрағасы Ш.Зухуров, Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрі Шейх Бен Занд Абдалла әл Нахаян қатысты. Кеше Ыстамбұл  қаласында Азиядағы өзара  іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің  ІІІ саммиті ашылды.  Онда Кеңестің  Іс басындағы төрағасы,  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. АӨСШК-нің бұл саммитіне Украина Президенті В.Янукович байқаушы ретінде, Македония Президенті Г.Иванов қонақ ретінде арнайы келген екен. Бұлардан бөлек АӨСШК-ге мүше өзге мем­лекеттердің барлығы дерлік сыртқы істер министрлерін жіберіпті. Кеңес саммитіне сондай-ақ халықаралық беделді ұйымдардың басшылары мен арнайы өкілдері де келді. Қазақстан Президентінің баста­ма­сымен құрылып, Азияда қауіп­сіз­дік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатын көздеген АӨСШК бүгінде әлемдік қоғамдастықтың на­зарын аударып отыр. Бірқатар мем­лекеттердің басшылары мен лауазымды тұлғалардың аты-жөн­дерін келтіріп отырғанымыз сон­дықтан. Ертеңгілік сағат тілі 9.30-ды көр­сеткенде саммитке қатысушы елдердің делегация басшылары ретіне қарай келе бастады. Оларды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл күтіп алып жатты. Оның мәнісі мынада еді: Қазақстан басшысы АӨСШК-нің қазіргі төр­ағасы, ал Түркия басшысы АӨСШК-нің жаңа төрағасы, әрі ша­ңырақ иесі. Көп кешікпей “Чираган” са­райы­ның Боллрум залында Кеңес­тің ІІІ саммиті жұмысын бастады. Саммиттің ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті, АӨСШК-нің қазіргі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл сөз сөйледі. Қазақстан басшысы алдымен АӨСШК-нің қауіпсіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз етудегі рөліне тоқталды. Өткен жылдар ішінде Азия Кеңесі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселесі жөніндегі беделді форумға айналып, жалпы өңірлік үнқатысудың маңызды тетігі ре­тінде қалыптасты, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Форумның институттық кезеңі аяқталғанын ризашылықпен атап өтуге болады. Азия Кеңесі қа­былдаған маңызды құжаттар біздің форумның уақыт көшіне ілесе алатынын көрсетіп отыр. Қазіргі кезде бүкіл әлем осы за­манғы қауіп-қатерлерге төтеп беру­дің тиімді жолдарын қарастырып жатқаны белгілі. Кеңес аясында қағидаттар декларациясы, Алматы актісі, Сенім шаралары тізілімде­ме­сі, Рәсімдер ережелері, сондай-ақ Артықшылықтар мен иммунитеттер конвенциясы қабылданған. Прези­дент­тің атап өткеніндей, бұл құ­жат­тар бойынша нақты ықпалдасу үшін кең ауқымды құқықтық негіз қалыптастырылуда. Сонымен қатар, Кеңестің басым бағыттарын дамыту барысында да айтарлықтай ілгері­леу бар. Бес жыл бойы жүргізілген келіссөздер нәтижесінде әскери-сая­си өлшемдегі мәселелерді тал­қы­лауды бастау туралы уағда­лас­тыққа қол жеткізілді. Қазақстан бас­шысы сондай-ақ, Кеңестің үй­лестіруші және тең үйлестіруші ел­дердің көлік дәлізін дамытып, есірт­кі трафигімен күрес және тө­тенше жағдайларды басқару сияқ­ты жекелеген сенім шараларын жү­зеге асырудағы қызметін атап өтті. Бұдан кейін Н.Назарбаев Қа­зақстанда Азия Кеңесінің халық­аралық хатшылығы табысты жұмыс істеп жатқандығын, екі саммит өт­кізіліп, министрлер деңгейінде үш кездесу болғандығын атап көрсетті. Халықаралық және өңірлік ұйым­дармен, форумдармен байланыстар орнатылды. Азия Кеңесі БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесіне ие болды, деді Нұр­сұл­тан Әбішұлы осыған қатысты. Ке­ңес болашақта Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі то­лыққанды ұйымға айналу бағыты бойынша дамып келеді. Азия Ке­ңе­сіне Иран мен Вьетнамның мүше болып кіруімен, ал Бангладештің байқаушы мәртебесін иеленуімен құттықтаймын. Енді біздің форум Азия құрлығының 90 пайызын және жер шары тұрғындарының тең жартысын құрайтын 22 мем­лекеттің басын қосып отыр. Қазақстан Президенті форумға қатысушылар құрамының кеңеюіне және оның халықаралық беделінің артуына орай, көпшіліктің қарауы­на Азия Кеңесі Хатшылығы бас­шы­сының мәртебесін Атқарушы директор деңгейінен Бас хатшы деңгейіне көтеру туралы ұсыныс білдірді. Бүгінде ядролық қауіп-қатер адамзат үшін ең күрделі түйткіл­дер­дің бірі болып отыр. Ал еліміз ядро­лық қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде ха­лықаралық қауіпсіздікті нығайту­да­ғы іс-әрекетін одан әрі жалғас­ты­руда. Үстіміздегі жылдың сәуір ай­ын­да Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте мен жалпыға ортақ ядро­лық қаруды тіктеп те, көлбеу де таратпау туралы әмбебап келісім-шарт әзірлеу, ядролық қарусыз аймақтардың құқықтық мәртебесін реттеу, ядролық отынның халық­ара­лық банкін жасау, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік орталығын құру туралы ұсыныс енгізген едім, деп жалғастырды сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан екі ядролық держава – Үндістан мен Пәкстан арасындағы жақындасуды қолдай­ды. Біз сондай-ақ, Таяу Шығыста ядролық қарусыз аймақ құру бағытындағы жұмыстар оңтайлы шешімін табады деп үміттенеміз. Иран ядролық бағдарламасы төңі­регінде қалыптасқан жағдайды тек қана дипломатиялық жолмен шешкен жөн деп есептейміз. Қазақстан басшысы Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея ара­сын­дағы қатынастың қайтадан ушы­ғуы­на алаңдаушылық білдіре келіп, тараптарды ұстамдылыққа шақыр­ды. Бұл жерде әскери-саяси бағыт­тағы үнқатысуды дамыту аса ма­ңызды екендігіне назар аудартты. Өйткені, Азия Кеңесінің қолында өзара қатынастардың басты бағыт­тарын айқындайтын Сенім шара­лары тізілімдемесі бар. Ауғанстанды тұрақтандыру мә­селесі халықаралық жиындарда жиі көтеріліп жүр. Ауғанстанның ор­нықты әрі тұрақты дамуына бәріміз де бір кісідей мүдделіміз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ауғандық есірткі желісімен күресіне үлкен мән береді. Біз Орталық Азия өңір­лік ақпараттық үйлестіру орта­лы­ғын аштық. Азия Кеңесі осы орта­лықпен тығыз ынтымақтастық ор­натуы керек деп ойлаймын. Өткен жылдың сәуірінде Бао­ода­ғы Азия форумында Қазақстан Президенті индустриясы дамыған мемлекеттер кіретін “Азиялық жиыр­малық” бірлестігін құру ту­ра­л­ы бастама көтерген болатын. Н.На­зарбаев сөз барысында сая­саттағы және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл және сенім шараларын сонымен бірге қаржы-валюта саласына қа­тысты бастамаларда Кеңестің аясында қолдануға болар еді деген ой тастады. Сондай-ақ Қазақстан астық және басқа да азық-түлік түрлерін экспорттаушы ірі мем­лекет ретінде БҰҰ-ның Аштықты жою және әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуде мың­жылдық мақсаттарын орындауға өзіндік үлес қосып келеді. Бүгінде көптеген мемлекеттер өңірдегі көршілермен күш біріктіру қажет­ті­гін сезініп отыр. Мен эконо­микалық байланыстарды дамытуға деген ортақ мүдделер өңірлік қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қамта­ма­сыз етудің басты факторы болары­на сенімдімін. Қазақстан басшысы Қырғыз­стан­дағы жағдайға да арнайы тоқ­талды. Қырғызстандағы күрделі әрі тұрақсыз жағдай әлі сақталып отыр, деді осы мәселеге байла­ныс­ты. Қазақстан қырғыз тарапының билікті ресмилендіру жолында ат­қарып жатқан іс-шараларын қол­дай­ды. Біз Қырғыз Республика­сын­да конституциялық тәртіп орнатып, шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың қалыптасуына мүдде­ліміз. Қазақстан басшысы осыған орай, халықаралық қоғамдастықты Қырғызстанға халықаралық көмек көрсетудің кең ауқымды жоспарын жасауға шақырды. Президент саммитті ашардағы сөйлеген сөзінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін атқарып келе жатқандығын, бұл Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашатынын, сон­дай-ақ Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте өзара сенімді нығайтуға септігін тигізе­тінін, сондықтан да 2010 жылы ЕҚЫҰ мемлекеттері басшылары­ның саммитін шақыру туралы бас­тама көтергенін көлденең тартты. Сонымен қатар, Н.Назарбаев Ұйым­ға төрағалық етуші елдің басшысы ретінде ЕҚЫҰ – Азия Кеңесі форумын құруды ұсынды. Нұрсұлтан Әбішұлының атап өтуін­ше, бұл екі ұйымның ынтымақ­тас­тығы мен әрекеттестігі Континент­тік қауіпсіздік тұғырнамасын қа­лыптастыруға жол ашуы тиіс. Қа­зақстан тәжірибесін Азия Кеңесі қызметінің гуманитарлық өлшемін дамыту барысында кеңінен пайдалануға болар еді. Мемлекет басшысы сөзінің со­ңында Қазақстан Азия Кеңесіндегі өзінің төрағалық мандатын Түр­кия­ға тапсырғалы отырғанын, бұл жауапты міндетті абыроймен орын­дауға Түркияның тарихи, саяси және мәдени тәжірибесі жететінін айта келіп, Түркияға табыстар ті­леді. Жалаледдин Румидің: “Бір шамшырақ келесі бір шамшырақты тұтатқанда жарығын жоғалтпас”, деген қанатты сөзін келтірді. Ал Түркия Президенті Абдулла Гүл осы халықаралық жиынға қа­ты­сушыларға алғыс айта келіп, осы­дан 18 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен негізі қаланған АӨСШК-нің бүгінде Азияда ғана емес, әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі орнын атап көрсетті. Түркия бас­шысының сөзіне қарағанда, Кеңес беделді халықаралық ұйымға айналды. Оған мүше мемлекеттер қатары арта түсті, бүгін АӨСШК құрамына тағы екі мемлекет – Иран мен Вьетнам кіріп отыр. Кеңес құрылып, жұмыс істей бас­тағаннан бері АӨСШК-нің екі саммиті өтті, бұл саммиттер Қазақ­станда ұйымдастырылды. Әрі қарай Түркия Президенті бүгін АӨСШК төрағалығы Түрік Республикасына тапсырылып отыр­ғанына тоқталды. Абдулла Гүлдің айтуынша, бұл үлкен оқиға болып табылады. Өйткені, төраға­лық міндет Кеңес тарихында ал­ғаш рет шет мемлекетке жүктеліп отыр. Сонымен қатар ол бүгінде кей­бір өңірлерде қалыптасқан жағ­дай­ларға алаңдаушылық білдірді. Бір жерде орын алған кикілжің оның маңайындағыларға да қауіп төн­ді­реді. Тұрақтылық өркендеу мен өсуге жеткізеді. Өзара түсініс­пеу­шілік проблемалар туғызады, ол жан­жалдарға соқтырады, деді А.Гүл. Түркия Президенті сондай-ақ жанжалдарды реттеуде үнқатысу­дың орны бөлек екеніне екпін түсіре келіп, осыған мысал ретінде Астанада өткен АӨСШК-нің екі саммитін келтірді. Сондықтан да кез келген кикілжіңді реттеу Ке­ңес­ке мүше елдердің барлығына ор­тақ. Түркияның төрағалығы ба­рысында оған мүше елдердің бар­лығы қолдау көрсетеді деп сене­мін, сонда ғана алға қойылған мақ­сатқа қол жеткізуге болады, деді А.Гүл. Шешеннің атап өтуінше, АӨСШК қызметінің тағы бір бас­ты бағыты экономикалық тұрақ­тылық болып табылады. Түркия бұл бағытты белсенді түрде жал­ғас­тыратын болады. Өйткені, жа­һандық қаржы дағдарысы көпте­ген елдерге ауыр соқты. Оны қал­пы­на келтіруге уақыт керек, әрі бұл бірлесіп қарастырғанды қажет етеді. Сонымен қатар Түркия Пре­зиденті кейбір елдердің ертеде орын алған оқиғаларды қайта қопсытып, оны бүгін өшпенділікке айналдыруға болмайтындығын да атап өтті. Саммиттің ашылуында Ауған­стан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзай да сөйлеген еді. Ол Ауғанстандағы жағ­дайды айта келіп, есірткі тра­фигіне қарсы күресте бірлесе іс-қимыл танытқанның қайтарымы болатынын алға тартты. Ауғанстан басшысы сондай-ақ осымен үшін­ші рет өтіп отырған АӨСШК сам­миті қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде белсенді іс-шаралар жүргізіп келе жатқанын айта келіп, осындай саммиттің құрылуына бастамашы болған, екі саммитті жоғары деңгейде ұйым­дас­тырған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа шынайы ризашы­лығын білдірді. Бұдан кейін АӨСШК форумы­ның сессиялары басталды. Онда сөз алған делегация басшылары Азия­да қауіпсіздік пен тұрақты­лық­ты нығайту, есірткі тасы­мал­ы­мен күрес, энергетика және азық-түлік тапшылығын жою, тағы басқа да күрделі пробле­ма­лар­ды шешу жолдарын қарас­тыр­ды, ұсыныс-пікірлер білдірді. Ал АӨСШК-нің жаңа төрағасы Түр­кияға табыстар тіледі, сенім біл­дірді. Саммитте сондай-ақ Ирак пен Вьетнам Кеңеске тең құқылы мүше болып қабылданып, Бан­гла­деш байқаушы мәртебесін алды. Жиын­да АӨСШК Атқарушы ди­ректоры­ның кандидатурасы бек­і­тіл­ді. Бұл қызметке Ч.Алдемир ұсынылған болатын. Сонымен бірге саммиттің басты құжаты – Ыстамбұл дек­ларациясы қабыл­данды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше АӨСШК форумы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өт­кізді. Атап айтқанда, Ресей Үкі­метінің Төрағасы Владимир Путин­мен, Украина Президенті Виктор Януковичпен және Ауған­стан Президенті Хамид Карзаймен кездесіп, тиісті мәселелерді тал­қы­лады. Ал жиын аяқталған соң Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия президенттері және Ресей Үкіметі Төрағасының кешкі ас үстіндегі бейресми кездесуі болды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ыстамбұлдан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. ТҰҒЫРЛЫ ПІКІРЛЕР ТОҒЫСЫ Түркия Президенті Абдулла ГҮЛ: – 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы ретінде АӨСШК ұйымын құру идеясын ұсынды. Бұл жаһандық ауқымдағы тарихи оқиға болды. АӨСШК табысты дамып келеді. Мұның басты қағидаты ынтымақ­тас­тық негізіндегі қауіпсіздік бо­лып табылатын АӨСШК үдерісінің маңызын көрсетеді. Ресей Премьері Владимир Путин: – АӨСШК-нің беделі көп жағдайда осы форумды құру бастамашысы болып табылатын Н.Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында айтарлықтай артқанын атап өтпей тұра алмаймын. Алаатдин БУЮККАЯ,  Түркия Парламентінің депутаты: – Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінбесінен АӨСШК-ні құруды ұсынды. Қазірдің өзінде 20 мемлекет осы ұйымның мүшесі болып табылады. Біз Қазақстан көшбасшысының бастамасын жоғары бағалаймыз және біз Нұрсұлтан Назарбаевты сіздердің ғана емес, біздің де президентіміз деп есептейтінімді айта аламын. Булент ТУЛУК,  Түркияның АӨСШК СІМ мәселелері жөнін­дегі топтың жетекшісі: – АӨСШК-нің бүгінгі же­тіс­тігі – ол Президент Н.Назарбаев стратегиясының толық мәндегі көрегендігі. Біз бұл ұйымға ерекше мән береміз. Азия өңіріндегі тұ­рақтылық біз үшін әрқашанда алғашқы орында тұрады. Ахмет КЕНАН Танрыкулу, Түркия Парламентінің депутаты: – Түркия Президенті Абдулла Гүл жақында Қазақстанда бол­ған­да Нұрсұлтан Назарбаевқа Ан­ка­рада ескерткіш орнатылады деп мәлімдеді. Меніңше, бұл сөз түрік халқының атынан айтылды деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл түркі халқының көшбас­шы­сы болып табылады. Бұл өте дұрыс шешім деп есептеймін. Ауғанстан Президенті Хамид КАРЗАЙ: – АӨСШК-нің Алматы актісі та­рихи маңызға ие. АӨСШК Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығының арқасында дүниеге келді. Оның көп жылғы күш-жігерінің нәти­жесінде АӨСШК күрт өсті. Синан ОГАН, “ТУРКСАМ” ха­лықаралық қатынас және страте­гия­лық талдау түрік орталы­ғы­ның президенті: – Мен Анкарада Президент Н.Назарбаев мырзаға ескерткіш ор­на­ту­дың да уақыты келді деп санай­мын. Біз бұған қолдау білдіреміз және бұл өте орынды идея деп бі­леміз. Өйткені, түркі әлемі көптен бері өз көшбасшысын қажет етті. Назарбаев бүгінде түркі әлемінің көшбасшысы болып табылады. Эльхан МЕХТИЕВ, бейбітшілік және кикілжіңдерді шешудің Баку қаласындағы орталығының директоры: – Біз Қазақстанның Кавказда ғана емес, ЕҚЫҰ кеңістігінде де бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылысын көріп отырмыз. Сон­дай-ақ бұл Қазақстанның Қыр­ғыз­стандағы жағдайды тұрақтан­ды­ру­дағы рөлінен де анық көрінді. Бұл халықаралық қоғамдастық тарапы­нан да жоғары бағаланды. Валерий НИКОЛАЕНКО, по­ли­техника ғылымдарының докторы, Мәскеу қаласы: – Қазақстан қазір ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде, бұл Қазақ­стан­ның және Н.Назарбаевтың Азия­дағы ғана емес, Еуропа мен ТМД-дағы беделінің зор екенін біл­діреді. Македония Президенті Георгий ИВАНОВ: – Президент Нұрсұлтан На­зарбаевты АӨСШК-ні табысты құ­рып, оған табысты төрағалық ет­ке­німен құттықтаймын. Бұл –маңызды форум. Цэрэн ДАВААДОРЖ, Моңғо­лия ұлттық қауіпсіздік кеңесі тал­дау қызметінің директоры: – Президент Н.Назарбаевтың бас­тамасы дер шағында болды, Азия өңірі бұл бастаманы қабыл­дады. Н.Назарбаевтың елді бас­қару үлгісінен біз үйренуіміз керек. Әзірбайжан Президенті Ильхам ӘЛИЕВ: – Мен Президент Н.Назар­баев­қа АӨСШК-ні маңызды ха­лықаралық форум ретінде транс­формациялаған күш-жігері үшін ризашылығымды білдіргім келеді. АӨСШК-нің болашағы зор. Иран Президенті Махмұд АХМАДИНЕЖАД: – Мен халықаралық пробле­ма­ларды талқылауда маңызды үнқатысу алаңы болып табылатын АӨСШК-ні құрғаны үшін Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевқа зор ризашылығымды білдіремін. Моңғолия Президенті Цахиагийн ЭЛЬБЕГДОРЖ: – АӨСШК – Азиядағы ын­ты­мақтастық пен қауіпсіздік жө­ніндегі негіз қалаушы институт. Осыған байланысты АӨСШК-ні құру мен дамытудағы Президент Н.Назарбаевтың үлкен рөлін атап өткен жөн. Украина Президенті Виктор ЯНУКОВИЧ: – Мен Нұрсұлтан Назар­баевқа АӨСШК-ні құрып, оған табысты төрағалық еткені үшін риза­шы­лығымды білдіремін. Н.Назар­баев­тың арқасында АӨСШК қауіп­сіздіктің тек Азия­дағы ғана емес, сондай-ақ жаһан­дық ауқымдағы маңызды эле­менті­не айналды.