– «Баспана – бақыттың кілті» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған. Кез келген адамның, кез келген отбасының үлкен арманы осылай сіздер секілді баспаналы болу емес пе? Мінеки, бүгін ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында сол қуанышқа ие болып жатырсыздар. Құтты болсын! Биыл Қостанай қаласында 33 көпқабатты үй тұрғызылды. Ал алдағы 5 жылда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Демек тағы 80 мың адам баспаналы болады деген сөз, – деді аймақ басшысы.
Баспана қуанышына ие болғандардың ішінде көпбалалы ана Ләззат Қапабаева да бар. Бес бала тәрбиелеп отырған ананың тұңғышы – 22-де, кенжесі 4 жаста екен. 4 жыл бойы пәтер жалдап тұру оңайға соқпапты.
– Өзіміз осыдан төрт жыл бұрын Ұзынкөл ауданынан көшіп келдік. Содан бері әркімнің босағасын паналап жүрдік. Көп баламен пәтер жалдап тұру қазір өте қиын. Енді міне, соның бәрі артта қалып, өз пәтерімізге қол жеткізгенімізге, шынымды айтсам, әлі де сене алмай тұрмын. Бір жақсы танысымыз көпбалалы ана ретінде кезекке тұрсаң, мемлекет пәтер береді деген соң, облыстық әкімдікке барып, кеңестен өтіп, құжаттарымызды жинап өткіздік. Көп кешікпей, міне, бүгін кезек келіп, пәтердің кілтін алдық. Өзім де, балаларым да қуанып жатырмыз, – дейді Л.Қапабаева.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қостанайда осымен үшінші көпқабатты тұрғын үй жалға берілді. Барлығы – 273 пәтер. Жыл аяғына қарай «Әуежай» шағын ауданында тағы бір 9 қабатты үй пайдалануға берілмек.
Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғабит Бектабановтың айтуынша, биыл қалалық құрылыс басқармасы әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға арнап 40 пәтер сатып алады. Оның бәрі алдымен тұрғын үй бөлімінің балансына беріледі. Содан кейін кезекте тұрғандарға таратылады.
Қостанай облысы