Енді, міне, жуырда Алматыдағы «Алгорифм» баспасынан басылып шыққан «Министр Қабылбаев» деп аталатын көлемді деректі кітап өз оқырманына жол тартып отыр. Кітап Ақмола облысының әкімі болып тағайындалғанға дейін аталған саланы басқарған генерал-полковник Марат Ахметжановтың алғысөзі және ақын Бауыржан Жақыптың кітап кейіпкері туралы толғауымен ашылған. Ал аталған кітаптың қос авторына келетін болсақ, оның бірі – жоғарыда аталған Қостанайдағы полиция академиясының экс-бастығы, профессор, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов болса, екіншісі – журналист-жазушы, «Құрмет» ордені мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Егеменнің» ардагері Дәулет Сейсенұлы.
Тегінде Шырақбек Қабылбаевтың қызығы мен қиындығы мол тағдырлы өмір жолы кезек алмасып жатқан көрінеді. Айталық, ол сонау бір қиырдағы Абыралы өңірінен небәрі үш кластық біліммен Алаштың туы көтерілген Семей қаласына келіп, сондағы атақты «Казпедтехникум» табалдырығын аттағанда жасы он алтыда екен. Сонда алдынан кейінде есімі әлемге әйгіленген классик жазушы М.Әуезов шығып, ұстаз ретінде жолының ашылуына сеп болыпты. Соның алдында мұнда Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов сынды ұлт мақтаныштары оқыған екен. Осы оқу орнында білім алып, министр дәрежесіне дейін көтерілген екі түлектің бірі – Шырақбек Қабылбаев.
Ал оған дейін жас Шырақбек өмір жолы қалалық білім бөлімінің жауапты қызметкері, мектеп басшысы, қазақ атты әскерінің жауынгері, ішкі істер органының да жауапты қызметкері болып жалғаса береді. Негізі ағартушылық қызметті қалаған ауыл азаматының өмір жолы сол кездегі заман талабына орай осылайша күрт өзгерген. Бұдан кейінгі жерде оның партия органындағы еңбек жолы басталады. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті екінші хатшысының көмекшісі, нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болып жалғаса береді. Бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жүрген кезінде Қазақстан делегациясын бастап, тыл еңбеккерлерінің сәлемдемесін алып кескілескен майданның алдыңғы шебінде жүрген панфиловшыларға баратындығы, осы қиын сапарда оның батыр Бауыржанмен достасып қайтатыны өз алдына бір әңгіме. Ал әкімшілік бөліміне жетекшілік етіп жатқан елуінші жылдардың басында қайтадан басталған қуғын-сүргінде кешегі ұстазы Әуезовті ұстап, қамалғалы тұрған жерінен республика басшысы Шаяхметовпен ақылдаса отырып, астыртын Мәскеуге аттандырып жіберетіні тарихи шындық. Осы орайда, қазақ әдебиетімен бірге әлем классиктерінің шығармаларымен де жете таныс Шырақбектің Сәбит, Ғабит секілді айтулы қаламгерлермен де досжар болғандығын айта кетсек артық болмас.
Енді оның негізгі қызметіне келетін болсақ, Қазақстанда тың игеріліп жатқан шақта ішкі істер органына министр болып тағайындалған оның халық пен тәртіп сақшыларының арасындағы байланысты нығайту мақсатымен орган қызметіне кешегі отты жылдарда сынақтан өткен майдангерлер мен партия, комсомол қызметкерлерін көптеп тартуды, мұның сыртында оларды оқытуды, қызметтік көлікпен, үй-жаймен, демалыс орындарымен қамтамасыз етуді, милиция қызметін көркем фильм мен көркем шығармаларда, күнделікті баспасөз беттерінде насихаттап отыруға мұрындық болуды өзінің бірінші кезектегі міндетім деп білген. Тәртіп сақшыларын оқыту демекші, министр Қабылбаевтың тұсында еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы оқу орындары көптеп ашылған.
Өкінішке қарай, 1959 жылғы Теміртау оқиғасына байланысты өз ісінің іскер басшысы жазықсыз жазаланып, орнынан алынған. Оған жұмысшыларға қарсы оқ ату жөнінде бұйрық берген Қабылбаев деген айып тағылған. Байыпты да білікті басшы сонда адвокаттың қызметіне жүгінбестен ақыр соңында өзін өзі ақтап шығады. Кітап авторлары министрдің жеке архивіндегі құжаттар мен көзкөргендердің естеліктері арқылы оқырманға сол атышулы оқиғаның жай-жапсарын шындық тұрғысында баяндайды. Олардың пайымдауынша Теміртау көтерілісі кезінде қарудың қолданылуына сол кездегі кеңестік империяның әпербақан басшысы Н.Хрущевтің өзі себепші болған. Осы тұста АҚШ-қа сапармен бара қалған оған мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекеттің басшысы Дуайт Эйзенхауэр «осы сіздің елдегі Теміртауда мынадай бейбіт заманда жұмысшыларға қару қолданылғаны қалай?» деп күтпеген жерден бүйірден сұрақ қойыпты деседі. Соның салқыны айналып келгенде ұлт кадрларының арасынан алғаш болып ішкі істер органына басшы болып келген Қабылбаевқа тиген.
«Аққа Құдай жақ» деген. Жоғары билік басына Брежнев келгенде бәрі қалпына келіп, әділетті орныққан. Оның бір себебі – кең қолтық атанған Брежнев Қазақстанда билік басында жүргенде Қабылбаевтың министр қызметіне тағайындалуына себепші болған. Ақыр соңында Қабылбаев ұлт кадрларының ішінде алғаш генерал-лейтенант шеніне қол жеткізеді. Соның бәрін қос автор байыппен баяндайды. Кейінгі заманның министрі өзінің алғысөзінде айтқандай, бұл кітап қазірде еліміздің полиция оқу орындарында оқып жатқан курсанттармен бірге, барлық офицер құрамы үшін таптырмас оқу құралы. Оның сонымен бірге қарапайым оқырманға да арнап жазылғаны анық.
Абай облысы