Іс-шара барысында тараптар өңірлік дамудың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ ШЫҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады.
Өз сөзінде Әлихан Смайылов ШЫҰ елеулі табиғи ресурстарға, технологиялық және зияткерлік әлеуетке ие бола отырып, өзінің негізгі мақсаттарына нық қадам басып келе жатқанын атап өтті.
«Бұл – тең құқықтық серіктестік негізінде аймақтағы теңгерімді экономикалық өсімге, әлеуметтік және мәдени дамуға қол жеткізу», деді ол.
Премьер-министр шілдедегі Саммит қорытындысы бойынша ШЫҰ елдерінің басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыру бойынша бірқатар міндет қойғанын еске салды.
«Аталған бағыттағы бірлескен күш-жігердің басты мақсаты – ШЫҰ мүшелерінің барлығының мүдделеріне сай келетін алаң ретіндегі рөлін одан әрі нығайту. Бұл – ШЫҰ-ға төрағалық ету шеңберінде Қазақстан үшін аса маңызды тәсіл», деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, аймақішілік сауда 20 жылдан астам уақыт ішінде 100 есеге жуық өсті. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы шамамен 20%-ға өсіп, 61 млрд долларға жетті.
«Электрондық сауда келешегі зор салалардың біріне айналып отыр. Түрлі бағалау бойынша ШЫҰ елдерінде электрондық сатудан түскен жалпы табыс биыл шамамен 1,5 трлн долларды құрауы мүмкін. Біз ең әуелі кедендік рәсімдерді жеңілдету арқылы электрондық коммерцияны қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек», деді Әлихан Смайылов.
Осы мақсатта Премьер-министр ШЫҰ елдерінің кеден органдары басшыларының кезектен тыс отырысын өткізуді, сондай-ақ өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін арттыруды және «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды ұсынды.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды бағыт – ШЫҰ мемлекеттерінің географиялық жағдайын ескере отырып, кең ауқымды көлік желісін құру.
«Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Бұл бастама Транскаспий халықаралық көлік бағытымен бірге «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздерінің мүмкіндіктерін ашу үшін қажетті алғышарттардың бірі», деді Әлихан Смайылов.
Ол сондай-ақ Қазақстан жүк транзитін арттыруға және «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол қатынасының табысты жұмыс істеуіне мүдделі екенін атап өтті.
Көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Үкімет басшысы тиісті министрліктер деңгейінде өңірде қолжетімді халықаралық бағыттарды ескере отырып, жаңа оңтайлы тәсілдерді әзірлеу туралы ұсыныс айтты.
«Біздің ойымызша, Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру бұл үдеріске қосымша серпін бере алады», деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов атап өткендей, инвестициялық ынтымақтастықты жан-жақты нығайту да бірлескен жұмыстың негізгі міндеттерінің бірі болуға тиіс. Бұл бағытта Қазақстан Президентінің ШЫҰ-ның инвестициялық қорын құру туралы бастамасы маңызды рөл атқара алады.
«Бұл мәселеде ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің тарапынан белсенділік күтеміз», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы сондай-ақ Ұйым елдері экономикасының технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көшуін жеделдету маңызды екенін атап өтті. Мұнда инновацияларды енгізу және жаңа индустрияларды қалыптастыру негіз болып табылады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерді 2024 жылдың ақпан айында өтетін «Digital Almaty» цифрлық форумына қатысуға шақырғым келеді. Ол ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хабты қалыптастыруға арналады», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-министр Ұйым кеңістігінде туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Елдерімізде орналасқан рухани киелі орындар мен бірегей көне ескерткіштер ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Бұл – аймақтық туризмді жандандырудың берік негізі және кең ауқымды мүмкіндіктер алаңы. Қазақстан бұл үдеріске өз үлесін қосуға дайын», деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, Түркістанда ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы ұйымдастырылады, онда «ШЫҰ-ның рухани киелі орындары» жобасының тұсаукесері де өтеді деп жоспарланған.
Сөз соңында Әлихан Смайылов Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы қарқынды дамып келе жатқан халықаралық құрылымдардың бірі ретінде өзінің құндылығын көрсетіп, ортақ мүддеге қызмет ететінін баса айтты.
«Қазақстан Үкіметі елдеріміз бен жалпы өңір үшін өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізе отырып, әріптестермен тығыз ынтымақтастықта жұмысты әрі қарай жалғастыруға дайын», деп түйіндеді сөзін.
Іс-шараға Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер, Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян, Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің басшысы, Министрлер кабинетінің төрағасы – Ақылбек Жапаров, Пәкістан Сыртқы істер министрі Джалил Аббас Джилани, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода және Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар арасында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, Ұйым жанындағы бақылаушы мемлекеттердің өкілдері – Беларусь Премьер-министрі Роман Головченко және Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, төрағалық етуші тарап қонағы – Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурат Гелдымурадов, сондай-ақ ТМД, ЕЭК және АӨСШК тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары бар.
Отырыс қорытындысы бойынша делегация басшылары бірқатар құжаттарға қол қойды. Олардың қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған 2024 жылы ШЫҰ-ның Экология жылына арналған іс-шаралар жоспары бар. Оның аясында тақырыптық конференциялар мен танымдық іс-шаралар, қоршаған ортаны қорғау бойынша ауқымды акциялар және т.б. жоспарланған.
Сонымен қатар ШЫҰ елдерінің теміржол инфрақұрылымының өзара байланысын дамытуға, цифрлық сауданы жандандыруға қатысты және тағы басқа бірқатар құжатқа қол қойылды.