Құтқарушы • 26 Қазан, 2023

Бейбіт күннің батыры

179 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Он сегіз мың ғаламды ақыл-парасатымен билеп, игілігіне жаратып отырған адам баласының да абдырап, көмекке мұқтаж болатын сәті көп. Әсіресе оқыстан болатын оқиға – от пен су, табиғи апат қиын. Қазақ оны бірауыз сөзбен «тілсіз жау» дейді.

Бейбіт күннің батыры

«Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» осындай жауға қарсы күні-түні аттануға әзір тұратын арнайы қызмет бар. Бұл – Төтенше жағдайлар департаменті. Бір өкі­ніш­тісі, адамға қауіп төндіріп, кей­де та­лай өмірді жалмап кететін оқыс оқи­ғалар сол адамның өзінің бей­қам­дығынан, жауапсыздығынан туын­дап жатады. Оның соңы – жыла­ған бала, зарлаған ана...

Данияр мұндай оқиғаның талайын көрген. Небір жантүршігерлік жағдайдың ортасына ойланбай кіріп, тірі жан болса, құтқаруға асыққан. Өйткені Данияр Рахмат­алиев – құтқарушы, Өрт сөндіруші бөлімшенің командирі.

Көп адам түсіне бермейді. Бейбіт те мамыражай өмірдің бағасы арзан емес. Бейбіт өмірді сақтау үшін, басына қауіп төнген жанды құтқару үшін оған мүлде бейтаныс жандар отқа кіреді, суға түседі. Біреудің жауапсыздығынан екінші біреулер еріксіз ерлік жасауға мәжбүр болады. Иә, ерлік деген – көбіне өзгенің қателігін түзету үшін өз өмірін қатерге тігу деген сөз.

Данияр Тілекбайұлы құтқару қызметіне 2016 жылы келіпті. Алғашқы мамандығы да гума­низмнен алыс емес-ті. Орал қала­сындағы медициналық кол­леджді тәмамдаған. Адамдарға кө­ме­к­тескісі келетін. Одан кейін әскер қата­рында өткен бір жыл жас жігіт­ті әбден ширатты. Қиындықтан қо­рық­пайтын қайсар да қайратты жігітті сол тұста құтқару қызметіне шақырды. Міне, арада өткен 8 жыл Данияр Рахматалиевті бүгінгінің батыры етіп шығарды.

Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Даниярдың бүгінгі лауазымы осылай аталады. 2016 жылдың тамызынан бері құтқару қызметінде жүрген жігіт 2020 жылдың қазан айында бөлімше командирі болып тағайындалған. Себебі тілсіз жауға қарсы топ бас­тау үшін командирдің бойында ақыл, тәжірибе, батырлық қажет. Данияр­дың бойында осының бәрі бар.

– Бір күні 5 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар келді. Шақыру бойынша жедел жетіп, екінші қабаттағы бір пәтерде өрт болып жатқанын көрдік. Сол жерде жүрген адамдар өрт шыққан пәтерде адам бар екенін айтты. Біз өртті сөндіріп, жапа шеккен адамды дәрігерлердің қолына тапсырдық, – дейді Данияр әскери адамға тән әдетпен әңгімені қысқа қайырып.

Бұл оқиға былай болған: 2022 жылы желтоқсанның 3-і күні Орал қаласындағы Гастелло көшесіндегі көпқабатты үйден өрт шықты. Куәгерлер жедел түрде тиісті орын­дарға хабар береді. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жағдайды тез бағамдап үлгереді. От – екінші қабаттағы бір пәтерде. Айналада асып-сасып жүрген адамдар ол пәтерде адам бар екенін айтты. Көрші пәтерлердің тұр­ғын­дары да далаға шыға алмай қалған. Сол жолы азаматтық қор­ғаныс қызметінің аға сержанты Д.Рах­маталиевтің командасы өрт шыққан пәтердегі 25 жасар жігітті де, көрші тұратын 6 адамды да қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Мұның екеуі – кәмелетке толмаған сәби.

Олардың әрбір оқиғаның астарына үңілсеңіз, құтқарушылар жұмысының күрделі де қауіпті екенін түсінесіз. Өйткені қазіргі тұрғын үй – адам тұрмысын жайлы ететін игіліктерімен қатар, сан түрлі қауіптің ошағы да. Құбырмен келіп тұрған табиғи газ, желімен жетіп тұрған электр қуаты, құлағын бұрасаң сарылдап аға жөнелетін ыстық һәм салқын су... Күрделі тұрмыстық техника, алуан приборлар тұтынушыдан сақтық пен қауіпсіздікті талап етеді. Төтенше жағдай туындағанда да құтқарушы осының бәрін алдын ала ескеріп, жағдайға қарай нақты әрекет етуге тиіс. Және қас пен көздің арасында дұрыс шешім қабылдау қажет болады.

– Қандай қиындық көрсек те, маған өз жұмысым ұнайды. Әзірге қызмет ауыстыратын ойым жоқ. Өйткені бұл жұмыс, құтқару қызметі халыққа керек қой. Бұл істі мен болмасам, өзгелерге атқаруға тура келер еді, – дейді жас жігіт.

Даниярдың бөлімшесінде 6 адам бар. Төтенше жағдайға ұшырап, көмек күткен жандар ғана емес, өз бөлімшесіндегі әр жауынгердің де тағдыры Даниярдың мойнында екенін ол жақсы біледі. Сондықтан әр қадамын екшеп, әр шешімді сараптап қабылдайды.

– Бірде төртінші қабатта өрт шыққан пәтерден екі әйел адамды құтқардық. От электр есептегіштің қорабынан басталған екен. Далаға шығар есікке беттеу мүмкін бол­ма­ған. Амал жоқ, екі әйел қа­шып, балконға тығылған. Үш ай­лық сәбиді төсек жаймасына орап төмен­ге, үшінші қабаттағы көр­шіле­ріне беріп үлгерген бейшара жан­дар біз жеткенше тағдырын бір Құдайға тапсырып, жалбарынып тұр екен. Қолқаны қабатын қою түтіннің арасынан өтіп, оларды бір-бірлеп далаға шығардым. Өзімнің өрттен қорғайтын бас киімім мен бетпердемді кигіздім. Біз мұндайға үйренгенбіз ғой, – дейді Данияр.

Бір қызығы, өрт ішінде салмақты көрінген, өздерін сабырлы ұстаған қыздар далаға шығып, қауіптен әбден құтылғанын сезгеннен кейін барып егіл-тегіл жылапты. Ал жел­­тоқ­санның аязды түні бүкіл көр­шілерін әбігерге салып, өз пәте­рінде өрт шығарған 25 жасар жігіт удай мас болған. Бірақ қандай жағдай болса да құтқарушы сезімін іркіп ұстайды. Ешкімді алаламайды. Оның міндеті – басына қауіп төнген жанды құтқару ғана.

Өрттің көбі жауапсыздықтан болады дедік қой. Өкінішке қарай, оқыс оқиғаның бәрі сәтті аяқтала бермейді. Данияр талай мәрте өрт ішінен жансыз денені де өз қолымен алып шыққан. «Әсіресе үйсіз-күйсіз қаңғыбастар, ішкілікке салынған жандар осындай жағдайға жиі ұшырайды. Әр оқиға әртүрлі болғанымен, олардың түп негізі салақтықтан, бейқамдықтан туындап жатады. Сондықтан адамдар өз әрекетіне мұқият болса екен», дейді құтқарушы.

Құтқару оның қызметі болға­нымен, мұндай жандарға қоғамның құрметі де керек. Бейбіт күнде өз басын қатерге тігіп жүрген Данияр Тілекбайұлы биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды. Отаны батыр ұлдың ерлігін осылай бағалады.

 

Батыс Қазақстан облысы