Ғылым • 27 Қазан, 2023

Жас ғалымның тың зерттеуі

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жас зерттеуші, PhD Айнаш Шабдирова «Т­оған гео­механика­сы­ның не­гізін­де Каспий маңы бассей­­нін­де СО2 сақтау әлеуе­тін баға­лау және CO2-нің тау жы­ныстары­­мен әрекет­тесуі» жобасын қолға алды. Жоба зиянды газдар­ды, оның ішін­де көмір­қышқыл газын жер астына ай­дау және сақ­тау үдерісіне бай­­ла­нысты.

Жас ғалымның тың зерттеуі

Яғни көмірқышқыл газын арнайы айдау ұңғымасымен жердің астына бірнеше километр тереңдікке айдап, ұңғы­маның бетін жауып тастайды. Осылайша, бірнеше миллион текше метр көмірқышқыл газы жердің астында мыңдаған жыл бойы сақталып тұрады.

Айнаштың көмірқышқыл газы әсеріне байланысты кол­лекторлық жыныстардың қасиет­терінің өзгеруін зерттегеніне біраз уақыт болды. Осы жобасында тау жыныстарының негізгі үлгілері көмірқышқыл газы әсеріне дейін және одан кейін де сыналады.

Ең қуаныштысы, нәтижелер Каспий маңы бассейнінің мұнай кен орындарының коллекторлық қа­бат­тарының СО2 әлеуетін ба­ға­­­­лау үшін пайдаланылады.­ Еске сала кетейік, жоба «Гео­ло­гия, ми­нералдық және көмір­су­текті шикі­затты өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, техно­ло­гия­лар,­ қауіпсіз өнімдер мен құ­ры­­­лымдар» бағыты бо­йынша жү­­зе­ге­­ асырылып жатыр.

Мамандардың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру қиын әрі қымбат. Сол себепті де қазір өте үлкен, тиянақты зерттеу жасалып жатыр. Дамыған елдердің тәжірбиесіне сүйенсек, жақсы нәтиже алуға болады. Мысалы, АҚШ, Канада, Қытай, Еуропада көмірқышқыл газын сақтау жобалары бар. Бізге CCUS жобасын іске асыруға жер астында газды сақтайтын қоймалар керек. Кез келген жерге көмірқышқыл газын айдауға болмайды. Мұны ғалымдар жер астында кеуекті қабаттар болуға тиіс, олардың үстінде газды жер бе­тіне өткізбейтін өткізгіштігі өте тө­мен қабаттар болуы керек деп түсіндіреді. Десе де, қойма мәсе­лесі біздің елге қиынға соқ­пауға тиіс. Себебі елдегі бо­са­ған мұнай-газ кен орындары көмір­қыш­қыл газын сақтауға дайын қойма. Тек дұрыс жүйе керек.

вар

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

– Қазақстан – әлемдік қауым­дас­тық­тың белді мүшесі ретінде климаттың өзгеруі бойынша 2015 жылғы Париж келісімін қабылдаған ел. Аталған келісім бойынша біз 2030 жылға дейін зиянды газдар көлемін 15 пайызға азайтуға міндеттіміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, көмірқышқыл газын сақтау – өте күрделі үдеріс, оған көп зерттеу жасау керек. Әсіресе «жер астына айдалған СО2 тау жыныс­тарымен қалай әрекеттеседі? Оның геомеханикасын қалай өзгертеді?» деген сұрақтарға жауап алу маңызды. Себебі СО2 айдау кезінде тау жыныстарының механикалық қасиеттері өзгеріп, қабаттарда жарықтар пайда болса, СО2 сол жарықтар арқылы жоғары қарай қозғалып, жердің бетіне қайта шығып, жер бетіне жақын жерасты­ суын ластауы мүмкін. Тау жыныстарының геомеханикасымен айналысатын ғалым ретінде, мен осындай сұрақтарға жауап алу үшін зерттеулер жүргіземін, – дейді жас ғалым.

Айнаш Шабдирова жарты ғасырлық тарихы бар академик О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін бітірген. Сосын Қазақ-Британ техникалық уни­вер­си­тетінде «Мұнай-газ ісі бакалавры» мамандығы бойынша білім алған. Білім көкжиегін кеңейте түсу үшін «Болашақ» бағдар­ла­масымен Ұлыбританияның Эдинбург қаласындағы Хериот-Уот университетіне магистратураға түскен. Елге оралған соң, екі-үш жылдай өндірісте, ғылыми инс­титуттарда жұмыс істеген. 2015 жылы Назарбаев университетіне PhD бағдарламасына түсіп, 2020 жылы сәтті қорғап шыққан. Айнаш 2022 жылдан бастап С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жұмыс істейді.

– Жасыратыны жоқ, қазір ауа райы күннен-күнге өзгеріп барады, жер бетін­де температура артып, Мұзды мұхит еріп жатыр. Әсіресе «Global warming, climate change» деген сөздерді жиі естиміз. Оның бәрінің себебі біреу – адам­ның іс-әрекеті. Яғни біз бензин, көмір жаққанда бөлінетін зиян­ды­ газдар жер атмосферасының құрамын өзгертіп, температура­ны жоғарылатады. Зиянды газдарды азайтудың негізгі екі жолы бар: бензин мен көмірдің орнына жел, су, күн қуатын қолдану және ауадағы зиянды газдарды жер астында сақтау. Біздің жұмы­сымыз зиянды газдарды, оның ішінде көмірқышқыл газын жер астына айдау және сақтау үдерісімен байланыс­ты. Ағылшынша «Underground CO2 Storage and Sequestration (CCUS)» деп аталады, – деп түсініктеме берді Айнаш.

Жыл сайын ғылыми жо­ба­­­­лар­­ға бөлі­не­тін қаржы өсіп келеді. Бұрын бес жыл­да бір рет ғылыми жобаларға кон­курс жария­ланатын еді. Ал қазір жас ғалымдардың гранттық бағдарламасына жылына екі-үш конкурс өтеді. Елдегі зерттеу институттарының 500 ғылыми қызметкеріне өзінің зерттеу бағытына байланысты озық елдерден «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан да өтуге мүмкіндік берілген.

– Кейінгі жылдары ғылымға көп көңіл бөлініп жатыр, бұл қуан­­тарлық жағдай. Әттеген-айлары да жоқ емес, әрине. Бірақ бағытымыз дұрыс деп ойлаймын. Ғылымға бөлінген қаражат – ол елдің болашағына салынған инвестиция. Бірақ әр істің өзіндік жүйесі болуы керек деп ойлаймын. Себебі ғылымға жай ақша бөлу аз, алдымен сол ғылымды жасайтын ғалымдарды дайындау керек. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының жағдайын дұрыстау маңызды. Ең бастысы, сол оқу орындарына келетін оқушылардың біліміне көбірек көңіл бөлген дұрыс. Жалпы, әлем­ге­ қарасақ, білімі мен ғылымы жоғары деңгейдегі мемлекеттерде коррупция да аз, технологиясы да дамыған, – деген тілегін де айтты жанашыр ғалым.

Айтқанының жаны бар, расымен.