Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Құрсағынан шыққан сәбиге мейірімі түспек түгілі бағуды, сағынуды, бір көруді ойламайтын сылқымдардың көпшілігі – ата-ана құқынан айырылған, әбден ішімдікке салынған, әлеуметтік тұрғыда құрдымға кеткен жандар. Өкінішке қарай, жауапкершіліктен жұрдай болған ұзын етектілердің бәрі демесек те, көпшілігі еш жерде жұмыс істемейді және көлденең кездескен кісілерден топырлатып бала туып алған.
Дегенмен бұл жерде жауыз, ішкіш күйеудің азабына, ата-енесінің азарына шыдамай психологиялық күйзеліске түсіп, бала тұрмақ, бас амандығы қайғы болып, басы ауған жағына қаңғып кеткен әйелдер туралы әңгіме бөлек. Ілгеріде мұндай оқиғалар ілуде бір кездессе, бүгінде отбасынан безген келіншектер ешкімге таңсық емес. Мысалы ретінде биыл күйеуі түрмеден шыққаннан кейін бала-шағасынан безіп, үйінен айлап кетіп қалған әйелді алға тартуға болады. Егер осы оқиғаның әлеуметтік мәніне тереңдесек, басқа да жанама мәселелердің тиегі ағытылатыны даусыз.
Сонымен, осы күндері елімізде баласына алимент төлемеген 150-ге жуық әйел іздестіріліп жатыр. Ендігі жерде баласынан бас тартқандар қатарында көкек әкелер ғана емес, бала-шағасын күйеуіне тастап, «гәккулетіп» кеткен әйелдер де бар. Нақты сандарға сүйенсек, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық дерегі бойынша, Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Оның 1 476-сы – ер адам және 142-сі – әйел адам. Бұл жерде тағы бәр мәселені қозғай кетуге болады. Осы көрсеткішке үйден безген әйелін, кетіп қалған келінді сотқа беруге арланып, дымы құрып отырған отбасылар бар екенін де қосуға болады.
Ал қадағалаушы мекемелер жариялаған статистикаға сүйенсек, ер-азамат болсын, әйелі болсын, алименттен қашып, іздеуде жүргендердің көбі – 31-40 жас аралығында. Өңірлер бойынша жіктейтін болсақ, Астанада – 361, Алматыда – 191, Ақтөбе облысында – 143, Қостанай облысында – 140, Жамбыл облысында – 140, Павлодар облысында – 108, Алматы облысында – 102, Маңғыстау облысында 59 адам баласын бағысудан қашып жүр.
Әлі жыл аяқталған жоқ, тек 2023 жылдың 9 айында Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілері бойынша қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 427 қылмыстық іс тіркелген. Оқырманға түсінікті болуы үшін, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін айта кетуге болады.
Тек алимент төлеуден қашуға қатысты өңірлерде қылмыстық құқық бұзушылық, яғни заңға бағынбаудың ең көп бөлігі – Маңғыстау, Алматы, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелгенін қоса кеткен жөн. Биыл 9 айда Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 207 адам сотталып отыр. Мәселен, 4 адам бас бостандығынан айырылса, 2 адам шартты түрде сотталған. Сол сияқты 196 азаматтың бас бостандығы шектеліп, 5 әке қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жалпы алимент бойынша сот орындаушылары тек алимент өндіріп алуға қатысты 309 670 істі атқарғанын мәлімдеп отыр.
Осы орайда балаларын ғана емес, ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға да алимент өндіріп алынатынын айта кету керек. Түсінікті тілмен баяндағанда, 291 886 атқарушылық іс – балаларды күтіп-бағуға арналған алимент болса, 773 атқарушылық іс – еңбекке қабілетсіз ата-аналарын күтіп-бағуға, 4 506 атқарушылық іс еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағу үшін өндіріліп алынған.
Ал енді Алматы қаласына келетін болсақ, сот орындаушылары алимент өндіріп алу туралы 16 мыңнан аса атқарушылық іс бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Борышкерлер алиментті өз бетінше төлейтін атқарушылық істер де бар. Алайда сот шешімдерін, соның ішінде алиментке қатысты шешімдерді орындауға кедергі келтіретін қиындықтар көп. Мысалы, борышкердің қолма-қол ақшасының болмауы, тұрғылықты мекенжайын көрсетпеуі, тұрақты жұмыс орнының болмауы, өндіріп алуға болатын мүлкі мен қаражатының болмауы сынды жағдайлар жеткілікті», дейді Алматы қалалық Әділет департаменті атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету бойынша бөлім басшысы Әнуар Жексеков.
Осыдан келіп туындайтын мәселе – алимент төлеуді қамтамасыз ету үшін борышкерлерді жұмысқа орналастыру қажет. Мәселен, осы мақсатта мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл туралы меморандумға да қол қойылғандықтан, 2023 жылы алимент бойынша борышкерлер үшін 4 бос орындар жәрмеңкесі өткізілсе, оған 320 жұмыс орнына ашық бос жұмыс орындары бар 15-тен аса ірі компания (мысалы, Forte Bank, Sulpak, Helios, Рамс Қазақстан, т.б.) шақырылды.
Бірақ осыған қарамастан, биыл қалалық Әділет департаменті барлығы 78 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартуға, 5 тәулікке дейін 81 әкімшілік қамау жазасын қолдануға мәжбүр болған. Сол сияқты алимент төлеуден қашқан 4 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, сот орындаушыларының 4 ұсынысы – құзырлы органдарының қарауында.
«Алимент өндіріп алу жөніндегі барлық қабылданып жатқан шараны ескере отырып, борышкерлер 50 млн теңгеден аса берешек төледі. Осылайша, департамент сот актілерін орындау жөніндегі міндеттерді шешіп, алдағы уақытта да істердің әлеуметтік маңызды санаттарын нақты орындау үшін жұмысын жалғастырады», дейді қалалық Әділет департаментінің өкілі.
Сот орындаушылары кейде «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан», дейтін қадамдарға баруға мәжбүр болып жатады. Мысалы, Алматыдағы сот орындаушылары биыл борышкерлердің 3 жылжымайтын мүлігін, 7 көлігін сату арқылы 20 млн теңгеден аса берешектің орнын толтырды.
Тақырыпқа қатысты тағы бір мәселені айналып өтуге болмайды. Өкінішке қарай, ата-ана жауапкершілігінен қашқандардан бөлек, өз міндетіне жүрдім-бардым қарайтын мамандар да табылады. Айтқымыз келіп отырғаны, 2023 жылы алимент бойынша әрекетсіздігі үшін 8 жеке сот орындаушысына қатысты лицензияның қолданысынан айыру туралы ұсыныс жіберілді, 4 сот орындаушысы лицензиядан айырылды, төртеуі – сот қарауында.
Ал көңілге қуаныш ұялататын мәлімет – 2023 жылы 27-ден аса адам отбасымен қайта қауышып, алимент төлеу мәселесі жойылды. Сонымен қатар алимент өндірісін нақты орындау және борышкерлер мен өндіріп алушылар арасында ымыраға келу үшін сот орындаушылары көбінесе медиаторлардың көмегіне жүгінеді. Осы орайда 2023 жылы 116 бітімгершілік келісім жасалды.
Қысқасы, алимент төлегісі келмейтіндерді тәубеге келтіріп отыратын түрлі шаралар бар десек те, әлі де ата-аналық парызынан түрлі айла-шарғымен қашып жүргендердің ішінде әйел адамдардың болғаны өкінішті-ақ.
АЛМАТЫ