Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, қордың етек-жеңін жинау аясында «Ұлттық қор – балаларға» жобасына да дұрыстап көңіл бөлінеді. Бұл орайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен (БЖЗҚ) интеграция жүзеге асырылмақ.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл ішінде дүниеге келген, қайтыс болған, азаматтық алған және азаматтықты жоғалтқан балалар санын нақтылайды. Деректер толықтай нақтыланғаннан соң Ұлттық банк кәмелет жасына жеткен балаларға төлем жасау үшін қажетті соманы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады», дейді вице-министр.
Оның сөзінше, БЖЗҚ қаражатты балалардың мақсатқа сай пайдалануы үшін екінші деңгейлі банкте немесе ұлттық пошта операторында ашылған шотына жібереді.
Парламент қабылдаған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген. 2023 жылғы 1 қазандағы ресми деректер бойынша елдегі 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны – шамамен 7 млн адам. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылады.
18 жасқа толғанға дейін балалар «қатысушылар» болып есептеледі, кәмелетке толғаннан кейін «алушылар» санатына көшеді.