«Татулықты ту еткен еліміздің бағындырған белестері, алған асулары көп. Бүгінде Қазақстан – еңсесі биік, экономикасы өрлеген, әлеуеті артқан заманауи мемлекет», деген облыс әкімі былтырдан бері қайта түлеген өңірдің ел қуатын еселеудегі орны ерекше екендігіне тоқталды.
– Алматы облысы еліміздің қуатын арттыруда ерекше орын алады. Отандық экономикалық зерттеулер институты біздің бастамамызға сәйкес Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Қонаев қаласының Бас жоспары биыл бекітілді, ал келесі жылы облыс орталығының «Жаңа Іле» алаңында құрылыс жұмыстары басталады. Онда академиялық қалашық, театр, мұражай, кітапхана, көпсалалы клиникалық аурухана, спорт кешені, шығармашылық орталық, теміржол вокзалы, Ботаникалық бақ және абаттандырылған жағалау салынады. Қонаев қаласының аумағы да белсенді дамып келеді. «G4 City» жобасының іске асуы оны жаңа деңгейге көтерді.
Ұлттық мерекеде еңселі еліміздің құт-берекесін тасытып, ынтымақ-бірлігін жарастырып жүрген еңбек ардагерлері, ақсақалдар алқасының мүшелері мен түрлі бағытта қызмет ететін мамандар марапатталды.
Атап айтсақ, «Парасат» орденімен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов пен «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов марапатталды. Сонымен қатар Ұйғыр ауданының еңбек ардагері Абдиманап Амитахунов, Райымбек аудандық ардагерлер мен ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев, Еңбекшіқазақ ауданының еңбек ардагері Мейраш Нұрақанқызы, Талғар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тимур Ақмырзаұлы және «Kelun-Kazpharm» ЖШС бас директоры Мерей Сламұлы «Құрмет» орденінің иегерлері атанды. Өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар мамандарға «Еңбек даңқы» ордені, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдері және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды.
Қуаныш еселенген осы күні Сүйінбай атындағы облыстық филармонияға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев 51 орындық автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті.
«Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен қаржы бөлініп, бүгін автобусқа ие болдық. Өте қуаныштымыз. Енді ұжымның жан-жаққа іссапарға баруы жеңілдейді. Мереке құтты болсын, барша жұртқа тек жақсылық тілеймін», деді филармония басшысы Данияр Құрамысов.
Еселі еңбектері еленген еңбек адамдарының қуаныштарында шек болмады.
«Бүгін менің ғана емес, біздің ауылдың, ауданымыздың еңбегі бағаланып жатыр. Оған Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болды. 40 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп келемін. Осы жылдарда халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянып қалған кезіміз жоқ. Жұмысшыларға 150-ге жуық үй салып бердік. Қазақстан экономикасының дамуына кішкентай болса да үлес қостық деп санаймыз. Бүгінгі марапат – соның бір белгісі», деп ағынан жарылған «Парасат» орденінің иегері Темірлан Шайнүсіпов аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болуына тілектестігін білдірді.
Республика күніне орай, Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Аталған ғимарат Қонаев қаласына кіреберіс тұста орналасқан. Бұл нысан бұрындары ойынхана болған.
Сіздер жаңа құрылған облысымыздың барлық қызметшілері сияқты көшіп-қонудың қиындығын да, өзіндік қызығын да көрдіңіздер. Бірақ ешқандай кедергіге қарамастан, аянбай еңбек етіп келесіздер. Жаңа ғимаратта ел болашағын жарқын етер жобалар іске аса берсін, ұлттық мереке құтты болсын!», деді облыс әкімі Марат Елеусізұлы.
Ал департамент басшысы біртіндеп олқылықтар оңалып келе жатқанын алға тартты.
«Айтулы мерекеге орай қуанышқа кенелдік. Осыған дейін біз 3 жерде бөлініп отырдық. Бұл ғимаратты облыс басшылығының қолдауымен сатып алдық. Нысанды жөндеуден өткіздік. Мұнда 196 адам қызмет етуге тиіс. Бастапқыда салықтар бойынша барлық жұмысты 86 маман ғана жүргізді. Бүгінде штат саны 160-қа жетті. Әлі де білікті мамандар қажет, байқау жариялануда», деген департамент басшысы Құлмұханбет Исақов еңселі ғимаратта жұмыс жандана түсетіндігіне уәде етті.
Елдігімізді асқақтатқан Республика күні Қарасай ауданындағы Сүлеймен Демирель атындағы университеттің спорт және мәдениет кешені қолданысқа берілді.
Кешеннің жалпы аумағы – 4 370 шаршы метр. Оның ішінде 1 400 шаршы метрлік спорт залы орналасқан. Нысанда ұлдар мен қыздарға арналған 2 фитнес орталығы бар. Сондай-ақ мұнда әртүрлі мәдени іс-шараларға арналған алаңдар, акт залы орналасқан. Жалпы, университетте 28 студенттік клуб спорттық, шығармашылық және мәдени бастамаларды жүзеге асыруда. Кешен заманауи керек-жарақтармен жабдықталған.
Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, ұжымды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде өңір үшін маман даярлауда СДУ-дің рөлі маңызды екенін айрықша атады.
Сүлеймен Демирель атындағы университеттің спорт және мәдениет кешенінің алқызыл лентасы қиылған соң облыстағы 200 мектеп директорларының қатысуымен семинар-тренинг өткізілді. Бұл шара оқу ошақтарындағы, педагогика саласындағы түйткілді мәселелерді талқылау үшін арнайы ұйымдастырылған.
Алматы облысы