Аймақтар • 26 Қазан, 2023

Мақтаулы жандар марапатталды

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда Республика күніне орай «Тұғыры биік Қазақстан» атты салтанатты іс-шара өтті. Онда мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 44 адам марапатталды.

Мақтаулы жандар марапатталды

М.Өтемісұлы атындағы академия­лық қазақ драма театрында өткен жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов өңір жұртшылығын Республика күнімен құттықтап, әр саланың үздіктеріне наг­рада тапсырды.

«Бұл тарихи құжат ел Конститу­циясы мен заңдарының үстемдігін айқындап берді. Біз жас буынға ел тарихындағы осындай айтулы күндердің бағасы мен мәнін ұғындырумыз керек. Қоғамда шынайы демократияландыру үдерісі жүріп жатқанын азаматтардың еркі мен бостандығының қамтамасыз етілуінен, азаматтық қоғам құра алғанымыздан анық аңғаруға болады», деді Серік Шәпкенов.

Президент Жарлығымен мемлекет­тік награда алып, мерейі өскендердің арасында еңбек ардагерлері мен әр салада еңбек ететін жандар бар. Олар – мұнайлы өңірдің дәулетін тасытып, сәулетін асырып жүрген мемлекеттік қызметшілер, мұнайшылар, спортшылар мен мұғалімдер, медицина қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен өнер, энергетика саласы­ның, БАҚ өкілдері. Мәселен, «Пара­сат» орденімен еңбек ардагері Мә­дина Ғабдісәлімова марапатталды. Ол  партия жұмысында шыңдалып, кейін 1982-1991 жылдары облыстық кәсіподақтар кеңесіне жетекшілік еткен. Қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғады. Тәрбиелік, тәлімдік маңызы зор түрлі комиссияны, қоғамдық ұйым­дарды, бейбітшілікті қорғау қо­рын, облыстық әйелдер кеңесін бас­қар­ды. Облыс әкімі жанындағы отбасы және демографиялық саясат комис­сиясының кеңесшісі ретінде әйелдердің әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларын шешуге үлесін қосып келеді.

Әр салада ізденісімен, іскерлігімен танылған 9 адам «Құрмет» орденімен марапатталды. Мәселен, Халел Жамалов алғашқы еңбек жолын Құлсары автокөлік кәсіпорнының электригі ретінде бастаған. Кейін Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында V санатты машинист, бұрғылау шеберінің көмекшісі, инженерлік-техникалық қызметтің меха­нигі болған. Соңғы жылдары Жылыой ауданының әкімі лауазымына тағайын­далған еді. Қазір «Горизонт» ЖШС бас менеджері  қызметін атқарып жүр.

Жергілікті спортшылар арасында Ана­толий Лысяк жаттықтырушы ретінде танымал. Бұқаралық спортты дамы­­туға үлес қосып жүрген ол Аты­рау қалас­ындағы Қ.Сәтбаев атын­­дағы №19 мектеп-гимназиясында денешынық­тыру пәнінен дәріс бере­ді. Бұған қоса, «Атырау барыстары» баскетбол академиясында жас өрен­дерді спортқа баулып жүр. Оның шә­кірт­тері облыстық, республикалық, халық­аралық додаларда жүлдегер атанған.

Сондай-ақ 3 жерлесіміз ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің, 2 майталман «Шапағат» медалінің иегері атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалі 19 адамға берілді. Олардың арасында 40 жылдан бері БАҚ саласында еңбек етіп жүрген танымал қаламгер, «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов те бар. Еңбек жолын 1983 жылы қазіргі облыстық «Атырау» газетінде бастаған. Кейін «Жас Алаш» басылымының батыс өңірдегі меншікті тілшісі ретінде шыңдалған. Қаламы қарымды журналист республикалық «Алтын орда» газе­тінің, содан соң 10 жыл облыстық «Аты­рау» газетінің бас редакторы болды. 

Дәл осындай медальмен марапат­талған «Былина» газетінің тілшісі Лев Гузиков та өңір шежіресінің түзілуіне үлес қосып жүрген жан. Ал Исатай ауда­нын­дағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің мұғалімі Тәбила Ис­ма­­ғұ­лова оқушыларды матема­тика пәнінің қыр-сырына баулиды. Отыз бес жылдан бері ұстаздық етуден жалықпаған педа­гог білім ордасының директоры да, бас­шының орынбасары да болып, өз тәжі­ри­бесін әріптестерімен үнемі бөлісіп келеді.

Бұл күні М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі Ғазиза Бисенова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Бір топ атыраулыққа Қазақстан Респуб­ликасының Құрмет грамотасы берілді.

 

Атырау облысы