Фото: ашық дереккөз
«Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында аға тілші Айнаш Есалидің «Алименттен қашқан әйелдер» атты мақаласы жарияланды. Автор мұнда бала-шағасын күйеуіне тастап, «гәккулетіп» кеткен әйелдер жайында жазған.
«Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық дерегі бойынша, Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Оның 1 476-сы – ер адам және 142-сі – әйел адам. Бұл жерде тағы бәр мәселені қозғай кетуге болады. Осы көрсеткішке үйден безген әйелін, кетіп қалған келінді сотқа беруге арланып, дымы құрып отырған отбасылар бар екенін де қосуға болады. Ал қадағалаушы мекемелер жариялаған статистикаға сүйенсек, ер-азамат болсын, әйелі болсын, алименттен қашып, іздеуде жүргендердің көбі – 31-40 жас аралығында. Өңірлер бойынша жіктейтін болсақ, Астанада – 361, Алматыда – 191, Ақтөбе облысында – 143, Қостанай облысында – 140, Жамбыл облысында – 140, Павлодар облысында – 108, Алматы облысында – 102, Маңғыстау облысында 59 адам баласын бағысудан қашып жүр», делінген мақалада.
2023 жылдың 9 айында Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілері бойынша қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 427 қылмыстық іс тіркелген. Бұл бап бойынша 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Мақаланың толық нұсқасын оқу үшін мына сілтемеге өтіңіз.