Жәдігер • 29 Қазан, 2023

Қанағаңның жазу мәшіңкесі

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заманында академик Қаныш Сәтбаев пайдаланған жазу мәшіңкесі табылды. Жәдігерді баянауылдық ерлі-зайыпты Михаил және Галина Баек отбасы осы уақытқа дейін сақтап келген.

Қанағаңның жазу мәшіңкесі

«Яналиф» маркалы жазу мәшің­кесі шамамен өткен ғасырдың 20-жыл­дары Еуропада шығарылған. Баянауыл тұрғыны Михаил Баектің айтуынша, арғы нағашы атасы Леонтий Белдининов фельдшер болыпты. Төңіректегі адамдарды дәстүрлі және халық емімен емдеп, шипалы қолдарымен талай жанға өмір сыйлаған. Ол заманында Қаныш Сәтбаевпен өте жақын араласқан. Қанағаң Томда оқып жүргенде суық тидіріп, өкпе ауруына шалдыққанын білген соң туған жеріне келіп ұзақ емделеді. Сол уақытта фельдшер Л.Белдининов оны Баянауылдағы ауруханада, кей уақытта өз үйінде қабылдап, қымызбен емдейді. Кейінгі жылдары да ғалым туған еліне келгенде ақ желеңді абзал жанның үйіне барып сәлемдесіп, қона жатып әңгімелескен. Кейін емшінің күйеу баласы Александр Черкашин Сәтбаевпен танысып, академиктің шарапатын молынан көрген екен. Ол негізгі мамандығы бухгалтер бола тұра, Қанағаңның ақылымен бірнеше кітап жазып, кейін жергілікті «Победа» газетінде тілші болып жұмыс істеген.

– Қазіргі біз тұрып жатқан үйіміз – бір ғасырдан астам уақыт бұрын арғы атамыз Леонтийдің қолымен салынған тарихи баспана. Қаныш аға мұнда ұзақ уақыт аялдаған. Туған еліне келген сайын қонады. Бұл мәшіңкені Сәтбаевтың өзі әкеліп, атамыз А.Черкашинге тарту етуі де ғажап емес. Себебі мұндай қымбат құрылғыға ол уақытта екінің бірінің қолы жетпегені анық. Ал Черкашин бұл мәшіңкеде үш бірдей кітап жазған: «Баянаул», «Дочь Баянаула», «Судьба Косума». Алғашқы және соңғы кітаптары қолжазба күйінде қалса, екінші кітабы баспа бетін көрген. Сәтбаев Баянауылға келіп тұрғанда бұл мәшіңкеде жұмыс істегені анық. Себебі ол кісі жүрген жерінде үнемі хат-хабар, мақала жазумен айналысатынын әжеміз Капитолина Черкашина айтып отыратын, – дейді М.Баек.

Ұлыдан қалған жәдігер Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне тапсырылды.

 

Павлодар облысы