Оқу-жаттығу жұмыстарының басты мақсаты – орман және дала өрті орын ала қалған жағдайда бірлескен іс-қимылды мейлінше пысықтау. Барлық қызмет арасында өртті жедел сөндірудің тиімді әдіс-тәсілдері туралы тәжірибе алмасу. Бұл, шын мәнінде, өте қажет дүние. Алапат өрт басталған кезде көпті көрген орман қорғаушылардың өздері абдырап қалатын да кез болады. Тылсым табиғат тақсірет тартпау үшін өрт оқиғасының алдын алу және лезде оқшаулап, сөндіру тәсілдері жетілдіріле бермек.
Оқу-жаттығу жұмысына Төтенше жағдайлар министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің өкілдері, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және еріктілер қатысты.
Қатысушылар өрт шыққан жерді әуеден тексеріп, ауқымын анықтағаннан кейін өрт сөндірушілер десантын түсіріп, зардап шеккендерді құтқармақ. Орман шаруашылығы мекемелерінің күштері мен құрал-жабдықтары мейлінше тиімді жұмылдырылмақ. Міне, осындай жұмыстарды саралағаннан кейін өзара іс-қимылды ұтымды үйлестіру мәселесі талқыланды. Тілсіз жаудың қаупі өте зор. Сондықтан қызыл тілі сумаңдаған өрттің шарпуы мүмкін деп есептелген ауыл-аймақтың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп, уақытша орналастыру мәселесі де бастан жақты айырғандай етіп тәптіштелді. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсету жайы да екшелді. Жаттығуға 250-ден аса адам, 100-ден аса техника және 5 тікұшақ жұмылдырылды.
– Бұл форматтағы оқу-жаттығу жұмыстары алғаш рет өткізіліп отыр. Егер жағдай күрделі болса, барлық республикалық күш-қуат жұмылдырылады. Біз бүгін Орман кодексіне және ілеспе нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістерді енгізуді талап ететін нормалар мен заңнамаларды талқыладық, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов.
Ауқымды іс-шараның соңында орман және дала өртін сөндіру тәсілдері мен тактикасы пысықталды.
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы