Медицина • 30 Қазан, 2023

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 6 мың шаңырақты шаттыққа бөледі

363 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Адамзат сабақтастығының алтын арқауын жалғап ұрпақ өрбіту – әрбір ата-ананың асыл арманы. Өкініштісі, осы аңсаған арманына қол жет­кізе алмай шерменде болған шаңырақ аз емес. Ал ондай қам­көңіл отбасылардың қатарын сейілтіп, шемен болып қатқан шердің түйінін сүйін­ші­мен тарқатуға септігін тигізген шарапаты мол шара – «Аңсаған сәби» әлеу­мет­тік бағдарламасы.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 6 мың шаңырақты шаттыққа бөледі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл «Аңсаған сәби» бағдарламасы көп­теген шаңыраққа шаттық сыйлап, бала сүю бақытын бұйыртты. Аталған бас­тама аясында экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлі­не­тін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе ұлғайды. Бұл ретте ЭКҰ әдісі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылғанын, бұған дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 900-1000 квота бөлініп келгенін атап өткен жөн. Сонда шамамен 7 жылға татитын квота көлеміне мұқтаж отбасылар бір жылда-ақ қол жеткізіп келеді. Осы мақсатта рес­публикалық бюджеттен жылына 6 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отыр.

Бүгінде игі ниеттен туған шарапатты бағдарламаның нәтижесі де қуантады. 2021-2023 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 20 мыңнан аса пациентке ЭКҰ жасалды. Оның ішін­де 8 мыңнан аса жүкті әйел есепке алынып, 6 мыңнан аса бала дүниеге кел­ді. Бұл шақалақтардың қатарында егізден, үшемнен туған сәбилер де бар. Дегенмен шамалап қарағанда, аталған бағдарламаның көмегімен 6 мыңдай отбасы сәби сүйіп, бақытқа бөленді.

Жалпы, бағдарлама аясында бала көтеруге қабілетті жастағы азаматтардың саны ескеріліп, ай сайын мониторинг жасалып, өңірлер бойынша ЭКҰ квотасы бөлініп отырады. Республика бойынша 8 қалада 27 репродуктивті медицина орталығы жұмыс істейді. Соның ішінде 19-ы бөлінген квоталар бойынша ЭКҰ қызметін ұсынды. Мұндай орталықтардың көбі Алматы қаласы және Алматы облысында болғандықтан, пациенттердің басым бөлігіне осы өңірлерде қызмет көрсетілді. Мысалы, «Аңсаған сәби» бағ­дарламасы арқылы бала сүйіп, арманына қол жеткізген ақтөбелік Сәниям Исмурзина Алматыдағы «Private Clinic» медициналық орталығының қызметіне жүгінген екен. Бүгінде ол – Көркем есімді сүйкімді қыздың анасы.

– Біз осы сәбиімізді сегіз жыл күттік. Бала тілеп бармаған жеріміз, баспаған тауы­мыз қалмады. Түрлі медицина ме­­ке­­ме­лерінің табалдырығын тоздырып, әулиелі жерлерді де аралап шық­тық. Отау құрған бастапқы үш жылда тек үмітімізге иек артып келдік. Бірақ біраз уақытымыз өтіп бара жатқанын сезініп, медицинаға да, қазақы емге де жүгініп көрдік. Әрине, бұл уақытта ЭКҰ жасатуды ұсынғандар да болды. Алайда денсаулығымызды тексертейік, емделейік деп жүргенде арада төрт жылдай уақыт өтіп кетті. Осы кездерде қара шаңырақтан еншімізді алып, өз алдымызға үйімізді салып дегендей басқа да күйбең тіршілікпен әуре болып кеткеніміз де бар. Бұл ретте Ақтөбеде бізге ем жасап, жол көрсеткен Клара Утянованың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сол кісі біздің ЭКҰ арқылы балалы бола алатынымызға көз жеткізіп, Алматыға жолдама берді. Онда бізді Қарлығаш Әкімқызы атты дәрігер қабылдап, көп көмек көрсетті. ЭКҰ жасатқан кезімізде бұл қалада бір­­шама уақыт пәтер жалдап тұрдық. Құдайға мың да шүкір, көз жасымызды көрді, тілегіміз қа­был болды. Ал осыған себепкер бол­ған мемлекеттен бөлінген квотаға көп­­тен-көп алғысымды жаудыру­­дан жа­­лықпаймын, – деді Сәниям.

Қазір Көркем атты сәбидің анасының жасы – 32-де, ал әкесі – 36-да. Сәниямның айтуынша, айналасында бала күтіп жүр­ген өзі шамалас жастар баршылық. Сондай жұптарға Сәниям тілеуқорлық ниетпен бұл бағдарламаның көмегін айтып, оған қалай қол жеткізуге болатыны жөнінде кеңесін де беріп жүр екен.

Аңсаған сәбиін сүйген тағы бір кейіп­керіміз – атыраулық Орынгүл Орын­басарова. Қайыры мол квотаны алған ол жолдасымен бірге ЭКҰ әдісін елор­да­дағы «Астана Эколайф» клиникасында жасатыпты.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасы туралы былтыр хабардар болдық. Біздің бала күтіп жүргенімізге алты жыл уақыт болған еді. Жасым болса, 32-ге келді, ал күйеуім – 33-те. ЭКҰ-ға жүгіну туралы ойлап көргенімізбен, бұл қызметті алу оңайға соқпайтынын білетінбіз. Әйтеуір үмітімізді үзбей, мемлекеттен бөлініп жат­қан квотаны алуға талаптанып көр­дік. Осы қадамымыз сәтті болып, ақы­ры асыл арманымыз орындалды. Қыркүйек айында сәбилі болдық. Тәубе! Қазір Назым есімді қызымыз бар. Атын атасы мен әжесі қойды. Бізге қо­лы­­нан келген көмегін аямай, барынша қамқорлық жасап, қызмет көрсеткен дә­рі­геріміз Гүлмира Белбаеваға алғысым шек­сіз. Қазір жүрген жерімде осы бағ­дарламаның игілігін айта жүремін және осы көмекке мұқтаж келіншектерге дәрі­ге­ріміздің нөмірін де беріп жатырмын, – деді Орынгүл.

Мұнда аталған «Эколайф» клиникасы сияқты Астанада тағы үш медицина орталығы «Аңсаған сәби» бойынша ем-шара жасайды екен. Бұл – «University Medical Center» корпоративтік қоры, «Геном Астана» және «Экомед плюс» клини­калары. Бағдарлама аясында Ас­та­на қаласына биыл 554 квота бөлініпті, ал былтыр – 518, бұрнағы жылы 487 квота қарастырылған. Осы квоталардың біріне астаналық Тайлановтар отбасы қол жеткізіпті.

– Біз отбасымызбен №2 қалалық ауру­ха­наның уролог маманы Азамат Әлиевке алғысымызды білдіреміз. Уролог-маман бізді ЭКҰ бағдарламасымен квота бо­йынша тізімге қойды. Бізге жан-жақты кеңес беріп, барынша көмегін көрсетті. Со­нымен қатар Әйелдерге кеңес беру бө­лім­шесінің гинеколог-маманы Айсәуле Мақсұтқызына да алғысымыз шек­сіз! Осындай білікті мамандардың арқа­сында қызымыз дүниеге келді. Мемлекет қарасып жатқан бағдарлама баянды болып, сәтті жалғаса берсін! Көбейе берейік! Алла осы береке-бірлігімізден айыр­масын! – деген тілегін жеткізді кейіп­керіміз.

Осы орайда Астана қаласының №2 көп­­салалы ауруханасы директо­ры­ның амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Сәуле Ибраеваны да сөзге тартып, біраз мәліметке қанықтық. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында ЭКҰ рәсіміне квота алу үдерісі айтарлықтай жеңілдеді. Үміткерлер сәйкес келуге тиіс барлық талап «Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технология­ларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығында маз­мұн­дал­ған.

– «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері бұл бұйрыққа өз­герістер енгізілді. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар квота сұрай алатын көр­­­сеткіштер тізбесі кеңейтілді. ФСГ және кариотиптің қанағаттанарлық талдаулары кезінде жүргізілетін азооспер­мияның обструктивті түрінде жасанды ұрықтандыруды пайдалану рәсімі МӘМС жүйесіне енгізілді. ЭКҰ үшін негізгі көрсеткіш – гормоналды және хи­рур­гиялық түзетуге келмейтін бе­деу­лік. Әйелдер үшін ең маңызды көр­сет­кіштер – аналық без қорының жет­кілікті болуы және жүктілік үшін денсаулыққа қарсы көрсетілімдердің болмауы. Тіркелген жері бойынша емханада бедеулік диагнозы бойынша дис­пансерлік есепте тұрған, МӘМС жүйе­сінде сақтандырылған ерлі-зайып­тылар (ресми және азаматтық неке­де тұрған) квотаға үміткер бола алады. Олардың медициналық деректерін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ЭКҰ-ға квоталарды бөлу жөніндегі жұмыс тобы мұқият қарайды, – деді Сәуле Жамантайқызы.

Оның айтуынша, МӘМС аясында ЭКҰ әдісін жылына бір рет тегін жасатуға болады. 2021-2023 жылдарғы нәтиже бо­йынша бағдарламаның тиімділігі орта есеппен 38%-ды құрады. Астанада 2021 жылы – 122 бала, 2022 жылы 128 бала дүниеге келді. Көпұрықты жүктіліктің түсік түсу және перинаталдық ауру қаупі жоғары. Сондықтан кейінгі уақытта репродуктологтер бірнеше эмбрионның тасымалдануын азайтуды жөн көріп отыр. Елордада осы бағдарлама аясында 2021 жылы – 10 егіз, 2022 жылы – бір үшем мен 15 егіз, 2023 жылы 4 егіз дүниеге келді.

Жалпы, заманауи диагностика әдіс­те­рінің көмегімен аурудың негізгі себеп­те­рін дәл анықтауға және тиімді ем та­­ғайын­­дауға болады. Репродуктивті жү­йе­нің патологиясы 40% жағдайда ер адам­дарда кездеседі, 30% жағдайда – аралас факторлар (ерлер мен әйелдер). Қазіргі уақытта ерлердің де, әйелдердің де ата-ана атану қабілетінің нашарлауы мәселесі бүкіл әлемге тән. Әлем бо­йынша бедеулік деңгейі 20%-ға жетеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 15%-ды құрайды екен. Яғни әрбір алтыншы отбасы ұрпақ сүйе алмай отыр, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың әрбір бесіншісі дәл осы себеппен ажырасады. Нақты дерекке сүйенсек, елімізде бедеулік диагнозы қойылған 26 мыңнан аса әйел мен 4 мыңнан аса ер адам тіркелген. Бірақ бедеулік диагнозы бар пациенттердің барлығы бірдей ЭКҰ әдісін қажетсіне бермейді, яғни тиімді ем қабылдауға болады.

Қазақстанда 1995-2022 жылдар ара­лы­ғында 100 мыңға жуық ерлі-зайыпты қо­салқы репродуктивтік әдістер арқылы емделді. Бүгінде «түтікшеден» 32 мың­нан аса бала дүниеге келді. Елімізде 31 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді. Осы­нау уақыт аралығында бұл емнің тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42%-ға дейін өсті.