Экономика • 29 Қазан, 2023

Өркендеуі баяулаған өңір

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындысы бойынша облыс әкімдігінде болған отырыста есеп берген экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов өңірдің өсіп-өркендеуінде баяулаудың орын алғанын жеткізді. Өткен 9 айдағы көрсеткіш бойынша облыстың экономикалық индикаторы республикалық деңгейде 19 орынға құлдыраған. Егер былтырғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда республика бойынша орташа көрсеткіш 104,6 пайыздық өсімді көрсетсе, біздің облыс керісінше 3,7 пайызға төмендеген.

Өркендеуі баяулаған өңір

Соның ішінде жалпы өңір эконо­ми­касының драйвері болып табы­латын ауыл шаруашылығы саласында биылғы тоғыз айда 685,8 млрд тең­генің өнімі шығарылып, былтырғы сәй­кес мерзіммен салыстырғанда 15,9%-ға кеміп кеткен. Әрине, биыл жалпы республика бойынша да 9 айдағы өнім көлемі былтырғымен салыстырғанда төмендеген. Алайда төмендеудің орташа көрсеткіші рес­публика бойынша 9,9% болса бізде одан сәл де болса жоғарылау.

Биылғы ауа райының қолайсыз­ды­ғы ауыл шаруашылығын барынша ты­ғырыққа тіреп бақты. Диқандар маң­дай терін тамшылатып еккен өні­мін уақытында жинай алмай, та­мыз­дың аяғында тоқтаусыз құйған жаң­бырдың астында қалдыруға мәжбүр болды. Дестеде жатқан егін көктеп кеткен жағдайлар да аз болған жоқ. Танаптарға комбайндар кіре алмай, жер кебу үшін бірнеше күн қатарынан күннің ашықтығын күтіп тұрып қал­ды. Алайда ашық болған екі күн үшін­ші күні нөсер жауынға ұласып отырды. Мұндай жағдайда мол өнімге қол жеткізу қиындау, әрине. «Жы­ғыл­ған­ға жұдырық» дегендей дәл орақ басталған кезде облыстың іскер әкімін ауыстырып жіберіп, оның орны 19 күн бойы бос тұрғаны да бұл іске жанама болса да кесірін тигізіп кеткенін жасыруға келмес...

Міне, осындай тікелей және жанама кесірлердің себебінен егіс өнімдері былтырғымен салыстырғанда 21,2%-ға құл­дырады. Сөйтіп, былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығында 735,8 млрд теңгенің өнімі алынса, биылғы меже 440 млрд теңгеден әрі аспады. Ауыл ­шаруашылығында көңіл көн­шітетін жалғыз көрсеткіш мал шаруа­шы­лығында ғана болып тұр. Оның көлемі 242,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан 2,8%-ға асты.

Ал облыс бойынша жалғыз жұбан­тар­лық жағдай өнеркәсіп саласында ғана тұрақты өсім көрсетті. Биылғы 9 айда 457,6 млрд теңгенің өнімі өнді­ріліп, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,5 па­йызға өскен. Оның ішінде өңдеу кәсіп­орындарындағы өсім – 12%, тау-кен өндірісіндегі өсім – 12,1%, электр энер­гиясының өсімі 20,8%-ға артқан.

Инфляция өсімімен облыс экономикасына биылғы 9 айда құйылған инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға артып, 296,2 млрд теңгеге жеткен. Құ­рылыс қарқыны да былтырғымен салыс­тырғанда артып, 102 млрд тең­геге жетіп отыр. Өсім – 22,2 пайыз. Соның ішінде құрылыс-мон­таж­дау жұмыстарының артуы нәти­же­сін­де­гі өсім – 23,4%, күрделі жөндеу жұ­мыс­та­рының артуындағы өсім – 1,5 есе.

Былтырғы тоғыз аймен салыс­тыр­ғанда биыл пайдалануға беріл­ген тұрғын-үй қоры көлемі де артып отыр. Биыл оның жалпы көлемі 137,6 мың шаршы метр болып, былтырғыдан 112,4%-ға өскен.

Биыл облыс бойынша 22 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылған, алайда бұл – жоспардың 90,7%-ы ғана. Айта кететін және бір жайт, 9 айдағы инфляция көлемі 7,7% болып, республикалық орташа көрсеткіштен 0,7 пайызға асып кетті. Соның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 7,4% болды, ал республикалық орташа көрсеткіш 6,2% болатын.

Қорытындылай келгенде айтпа­ғымыз, облыс деңгейінде негізгі көр­сеткіштер бойынша оң нәтиже бай­қалғанмен, аудандар кесіндісінде бір­неше көрсеткішке қол жеткізбе­ген аудандар бар. Ең көп теріс нәти­же көр­сеткен – Аққайың ауданы 4 көр­сеткіш (ауылшаруашылық, ин­вес­­­тиция, құрылыс, тұрғын үй ен­гізу), Айыртау ауданы – 3 көр­сет­кіш (ауылшар­уашылық, өнер­кә­сіп, құрылыс), Жамбыл ауданы – 3 көр­сет­кіш (ауылшаруашылық, өнер­кә­сіп, құрылыс), Мамлют ауданы – 3 көрсеткіш (ауылшаруашылық, өнер­кәсіп, тұрғын үй енгізу), Уәлихан ауданы – 3 көрсеткіш бойынша (ауыл­шар­уа­шылық, бөлшек сауда, тұрғын үй енгізу) артта келеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы