Қиындығы мол, қауіп-қатерге толы шахтер еңбегінің бағасын өз басым жақсы білемін. Өйткені сол Костенко атындағы шахтада бес жыл бойы проходчик болып еңбек еттім. Осы жағдайды жүрегіме жақын қабылдағаным да сондықтан шығар.
Оқиға орнына Мемлекет басшысы барып, халықпен кездесті, шұғыл шешімдер қабылдауға нұсқау берді. Сондай-ақ Президент ешкімнің мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайтынын нықтап айтты. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастық тоқтатылатын болды. Енді қарапайым халықтың жағдайын жасайтын жаңа инвестор келеді деп үміттенейік.
Елімізде 29 қазан – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. «Қайғыны бөліссе азаяды» дейді халық даналығы, ендеше жұдырықтай жұмылып, елдігімізді танытсақ, бұл қиындықты да еңсеретініміз анық.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Халық Қаһарманы, «Қазақстан Қарулы күштері ардагерлері» РҚБ төрағасы, армия генералы