Пікір • 30 Қазан, 2023

Салдардан сабақ алмағанның соры

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Костенкодағы оқиға бір күнде бола қойған апат емес қой. Техникалар сыр берді ме, қауіпсіздік шаралары ескерілмеді ме, ол жағы әлі тексеріледі, анықталады.

Салдардан сабақ алмағанның соры

Біз шахтада еңбек еткен жылдары қауіпсіздік шаралары қатаң бақыланатын. Шахтаны, әрбір учаскені бірнеше маман тексеретін. Жұмыс басталғаннан аяқталғанға дейін диспетчерлер қауіпсіздікті бақылап отыратын. Кен саласындағы компаниялар ең бірінші кезекте жұмысшыларды ойлауы керек емес пе? Жауапты мамандар учаскелерді тыңғылықты тексеретін. Қатал қарайтын. Одан беріге дейін қаншама өзгеріс болып жатыр ғой. Бірін білсек, бірін біле бермейміз. Бірақ беріде елдегі бірнеше шахтада жарылыс болды. Ал бұрын апатты жағдайлар сирек болатын. Қазір көбейіп кетті. Қаншама кеншінің отбасы қара жамылып отыр. Жақсы емес. Қайғылы оқиға компанияның Костенкодағы жұмысшылардың қауіпсіздігін қатаң қадағаламағанын көрсетті. Әркім өз ісіне жауап беруі керек. Тексерушілер учаскені тексергенін диспетчерге үнемі ес­кертіп отыруы қажет. Қазір қалай екенін білмедім, біздің кезде жүйе күшті болды. Жұмысшылармен кеңесетін. Қарау, бақылау көп болды. Бұрын бір шахтада қысқа-қысқа бірнеше лава болатын. Қазір бір лава. Лавада метан газы жойқын жарылады. Бетін аулақ, төңіректі жойы­п, күлін көкке ұшырып жібереді. Газ деген жылт еткен ұшқыннан жарылады. Кеншілердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі деп жатыр. Бірақ адамды қайта тірілтіп әкеле алмайсың.

Жалпы, бұған дейін де қанша жарылыс болды. Сабақ алатын кез келді ғой. Шегіне жетті. Бүйте берсе шахтада жұмыс істейтін адам қал­майды ғой. Бұрын жала­қы, үстемеақы, жеңілдіктер жақсы бе­ретін. Жұмысшының еңбегі жақсы бағаланатын. Қазір жеңілдіктер алынып тасталды. Шетелдік емес, өз компанияларымыз болғанда жұмысшылардың пікіріне құлақ асып, ымырада жұмыс істейтін еді деген ой келеді.

Баяғыда жұмысшының құқы бастықтан да жоғары болатын. Талап-арыздарын тіке айтатын. Басшылар соған құлақ асатын. Бірінші шахтерлерге қарайласатын.

Басшылар шахтаға түссе, жағ­дайды түсінер еді. Иә, шахтер­лердің жағдайын айтып шырылдап жүрген депутаттар мен бел­сенді азаматтар болды. Бірақ оны тыңдайтын адам болса қане? Шахтерді тыңдаса, жағдай мұндай болмас па еді?! Бірінші орынға табыс, кіріс емес, жұ­мысшының мәртебесі, қауіп­сіздігі тұрса, мұндай жағдайға жол берілмейді.

 

Алпыс НҰРБЕКОВ,

ардагер кенші