Медицина • 30 Қазан, 2023

Алматылық дәрігерлер жағдайы өте ауыр науқасты аяққа тұрғызды

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяу күндері Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханаға осыдан 10 жылдай уақыт бұрын жамбас буыны алмастырылған пациент өте ауыр жағдайда жеткізілген болатын. Жарақаттың салдарынан цементсіз әдіспен бекітілген протез науқастың жамбас қуысына кіріп кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматылық дәрігерлер жағдайы өте ауыр науқасты аяққа тұрғызды

Аурухананың полижарақат бөлімшесі меңгерушісі Рамазан Әскеровтің айтуынша, бұрынғы протез ұршық ойығына кіріп кеткендіктен, жамбас қуысы қатты зақымданып, науқас бірден жансақтау бөліміне жеткізілген.

Дәрігерлер пациенттің жағдайы дұрысталғаннан кейін полижарақат бөлімшесіне ауыстырып, клиника басшыларының қатысуымен консилиум өткізген.

«Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Біз екі кезеңнен тұратын ота жасау туралы шешім қабылдадық. Бірінші отада іш қуысы арқылы сынған протез бөлшектерін алып шықтық. Науқастың жағдайы жақсарғаннан кейін ревизиялық эндопротез орнаттық. Бұл ортопедиялық операция ішіндегі ең ауыр оталардың бірі. Яғни, бір рет ота жасалған жерді қайта қозғап, келесі операцияны жасадық. Травматолог-ортопедтер мен анестизиологтар командасының біліктілігінің арқасында күрделі ота сәтті өтті», дейді Рамазан Әскеров.

Пациент отадан кейін екінші күні төсекте өздігінен отырып, үшінші күннен бастап арнайы құрылғының көмегімен жүре бастаған.

«Бұл жоғары технологиялы операция. Пациенттің бұрынғы буынының орнына жасанды протез саламыз. Мұндай операцияларды барлық клиникалар жасай бермейді. Ол үшін арнайы дайындықтан өткен мамандар мен құрал-жабдықтар қажет. Оның үстіне, Қазақстанда эндопротездеу операцияларын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін жасатуға болады», дейді дәрігер.

Осылайша алматылық дәрігерлер жоғары технологиялардың көмегімен жағдайы өте ауыр науқасты аяғына тұрғызды.

 

АЛМАТЫ