С.Тәшімованың туындылары Қазақстан, АҚШ, Германия, Ресей және Жаңа Зеландияның жеке коллекцияларында сақталған. Салтанат модель және актриса ретінде де көпшілікке танымал. Көрмеде портреттер, натюрморттар, қала көріністері мен суретшінің жартылай абстрактілі кескіндеме стилінде орындаған өзге де картиналары көпшілік назарына ұсынылды. Өз шығармаларында табиғаттың терең құпиясын ашуға талпынатын суретші ой мен сезімнің кең спектрін жеткізетін күрделі түс композицияларын бейнелейді. Салтанат «Дәруіш биі», «Сазсырнай үні», «Азия иірімдері» атты туындыларында дала сарындарын сиқырлы бояу түстерімен нәзік үндестіреді. Қоршаған ортамен тығыз бірлікте өмір сүрген ата-баба дүниетанымының қайнар көзі табиғатпен байланысты қалыптасқаны белгілі. Ұлы жаратушыны «Тәңірі» деп танып, табиғатты оның тамаша туындысы деп түсінген қазақ халқы табиғатты аялау арқылы оған үлкен құрмет көрсеткен. Сондықтан да табиғатқа байланысты қалыптасқан үрдістердің бүгінгі күнге дейін сақталып, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізде көрініс тауып жататыны заңды құбылыс.
Көрме жетекшісі Г.Жұбанованың суретші шығармаларына жасаған талдауы тым терең. Өнер зерттеушісінің айтуынша, Салтанат Тәшімованы суретші ретінде өмірдің философиялық өнегесі мен қоршаған орта көбірек толғандырады. Осы тақырып суретшінің «Рухтың самалы», «Әлемнің тоғысуы», «Айдың қарсы беті», «Әлемдердің туылуы» атты еңбектерінде тек күшті мен әлсіздің ғана емес, жан мен тәннің де таңдау бостандығы жолындағы күресі суреттеледі. Олар анық бейнеленбеген – қарапайым сызықтардан құралған, алуан түстердің астасуымен кескінделген. Полотнолардағы пішіннің маңызын жоққа шығара отырып, оны қиял әлемінен босатып, бояулар гаммасы буырқанған жазира жазықтарға қарай жетелейді. Жылдам ойлау, түйсіктегі дыбысты кенепке сиқырлы бояулармен құбылтып жазу С.Тәшімованың шығармашылығына тән. Оның басты идеясы – еркіндік, шығармашылық мүмкіндігін толық ашу, дүние кеңістігін танып-білудің жаңа формалары мен таным категорияларын іздеу. Адам табиғатының өзгермейтін, тұрақты әрі әрқилы бастауына бағыттап отыратын мифологиялық сарын оның қылқаламына байлаулы. С.Тәшімованың жүрек тұңғиығынан шыққан жарқын да жылы, шаттыққа толы көркем әлемі суреткер мен оның шығармаларына үңілген адам арасын тұтастырып жібереді. Суретшінің тосын пішіндері мен тың бояулармен байланысқан композициялары, табиғат жаратылысының үйлесімділігі мен әсемдігін айқындап, қазіргі күрделі кезеңнің қайғы-мұңына қарсы тұрады.
АЛМАТЫ