Спорт • 30 Қазан, 2023

Байрақты тауда бақ сынасты

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өскеменнің күншығысынан менмұндалап тұратын «Қа­зақстан» тауының ұшар басына жүгіріп шығудан сайыс өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Oskemen Run 2023» марафонына әуесқой спортшылардан бастап, кәсіби атлеттерге дейін қатысты.

Байрақты тауда бақ сынасты

Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Жүгіруден өзін сынап көреміз деген өскемендіктер биігінде көк байрағымыз желбіреген «Қа­зақстан» тауының етегіне жи­налған. Мұнда қатысушылар мен кө­рермендер таңғы жаттығу жасады, дәмді палау мен ыстық шай­дан дәм татып, жүрек жал­ғады. Содан кейін барып топ-топқа бөлінді.

Қатысушылардың алдына шығып, тәжірибесімен бө­ліскен белгілі спортшылардың ішінде ауыр атлетикадан Рио Олим­пиа­дасының қола жүл­дегері Денис Уланов, пауэр­лиф­­тингтен облыс чемпиона­тының жүлдегері Ангелина Ус­тинович, көркем гим­­нас­ти­кадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чем­пио­ны Рената Жолдинова және 200 метрге каноэ есуде Азия ойын­дарының кү­міс жүл­дегері Мар­гарита Тор­лоповалар болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған барлығы 200-ден аса спортшы қатысқан. Олардың арасында республикалық, ха­лық­аралық бәйгелерде жеңіс тұ­ғырынан көрініп жүргендер де бар. Бұл бастаманы әуелде облыс әкімі Ермек Көшербаев көтеріп, қала басшылығы мен спорт мамандары бірауыздан қолдаған.

– Бұл жарысты жыл сайын өткізіп тұрсақ деген ойымыз бар. Биыл Республика күніне орай алғаш рет қолға алып отырмыз. Спортты серік еткендер үшін жарыстар жүгірумен ғана шектел­мейді, басқа түрлерін қолға алып жатырмыз, – деді Өскеменнің әкімі Жақсылық Омар.

Жарыс жолына алғаш болып қыздар шықты. Үнемі тауға жүгіріп жүргендердің өзі мәрені бағындыру оңай емес екенін айтып жатты. Рас, жаттығу ке­зінде жарау аттай ойнақтап жүр­ген спорт­шылар таудың иық тұсына жете бере қоңыр аяңға бас­қан. Қара үзе жүгіргендер де болды. Десе де, тау басына дейін бір деммен жүгіріп шық­қандар некен-саяқ еді. Қыздар тобы мәреге жеткен соң сөреге жігіттер тұрған. Олар да өрге қа­рай жүгіру – жазықтағы жүгі­ріс­тен әлдеқайда ауыр екенін ә де­генде түсінген. Аяқ бұлшық еттері бұлтылдап тұрған атлеттер де асыққан жоқ. Биігіне жете бере ғана бәсекелестерін сезді ме, жұлқына алға ұмтылған. Жігіттер жағы орташа есеппен 6-8 минут ара­лығында тауға көтерілген екен. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде көпшілік күтпеген же­ңімпаздың есімін атағанда қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Өскемендегі №19 мектептің 11-сынып оқушысы Аян Қасымов, Федор Сухоносов, Данил Кузнецов сынды сұңғақ бойлы атлеттерді шаң қаптырып, 6 минут 8 секунд ішінде мәреге жеткен. Марапаттаудан кейін жеңімпазды сөзге тартып едік, жүгірумен мүлдем айналыспайтынын айтты.

– Негізінен велошабандозбын. Ве­ло­жарыстарда алған жүл­деле­рім бар. Ал тауға жү­гіруге арнайы дайындалған да жоқ­пын. Бі­­рінші рет жүгіріп шық­тым, – деді Өскеменнің тумасы Аян.

Асықтай ұл қазірдің өзінде бірқатар спорттық жетістіктерге жеткен, ертеңгі күні еліміздің көк байрағын биіктен желбіретері анық. Республика күніне арнал­ған іс-шаралар бұдан кейін кон­церт­тік бағдарламалармен жал­ғасын тапқан.

 

Өскемен