Аймақтар • 30 Қазан, 2023

Балық аулайтын туристер

237 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәп-тәуір табыс көзі болып саналатын туризмнің бар саласын толайым дамыту өте маңызды. Әуесқой балық аулаушылар да тылсым табиғаттың аясында балық аулағанды хош көреді.

Балық аулайтын туристер

Талқара ауылындағы «SRG GROUP» серіктестігінің шаруа­сына қарап, бұл тараптағы жұ­мысты ілкімді ұйымдастыра білсе, ойға алған істің оңынан оң­ғары­латынына көз жеткізуге бо­лады. Серіктестің болашағы зор. Бүгінде олар сұранысқа ие балық тұқымдарын өсірумен ай­налысады. Ақ айдында қазір тұқы, шортан, күмістұқы, ақ амур тәрізді балықтар жүзіп жүр. Ал­дағы уақытта форель өсіруге де мүм­кіндік бар. Осыдан екі жыл бұрын серіктестік Краснобор су қой­масында бағалы балық өсі­руге рұқсат алған. «Әрекет 2050» серіктестігімен тауарлы ба­лық шаруашылығын дамыту бо­йын­ша биологиялық негіздеме әзірлеуге шарт жасасыпты. Оқу орындарымен ғылыми тұрғыда ақылдасып отыруға да келіскен. Даму жоспары бір ғана тармақтан тұрады. Бұл – жыл сайын тауарлы балық өсіру.

имс

– Алдағы уақытта «Балық ша­руашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» серік­тес­тігінің солтүстік филиалымен ғылыми зерттеу жұ­мыстарын жүргізуді және бағалы балық өн­дірісін дамыту барысында бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестік директоры Марат Ыбыраев.

Бұл жерде тор ішінде балық өсіру технологиясы да қолда­ны­лады. Мұндай әдіс көршілес Ре­сейдің климаттық жағынан ұқ­сас келетін аймақтарында бар. Еліміздің Шығыс Қа­зақ­стан және Атырау облыстарында да қолданылады екен. Се­рік­тестік бағалы балық өсіруге қа­жетті құрал-жабдықтар және азығын сатып алыпты. Торларды орналастыру, басқа да атқарылған жұмыстардың да ақысын төле­ген. Ең бастысы, жаңадан 10 жұ­мыс орны ашылып отыр. Өт­кен жылы кәсіпорын ғылыми қыз­мет­керлер үшін уа­қытша тұрақ базасын салып алған. Бұл мақ­сатқа 20 млн-ға жуық қара­жат жұмсалған. Туризмнің осы ба­ғытын тиімді ұйымдастыру үшін ұзындығы мен көлденеңі 45 метр­лік балық бағылатын торлар орналастырылған.

Биыл су қоймасына 300 мың ақ амур, дәл осындай көлемде тұқы дер­нәсілдері жі­берілген. Жуырда тағы да Ре­сей­ден 20 мың тұқы дернәсілі жет­кізілмек. Серіктестік ма­мандары тәжірибесін жетіл­діріп, білімін молайтуды меже­леп отыр. Сол үшін де осы тақы­рыпта ұйымдастырылатын семи­нар­ларға үзбей қатысады.

Балық шаруашылығы кәсіп­ор­­нының жұмысы жолға қойылу үшін су айдынының орташа те­реңдігі 3 метрден кем болмауы керек екен. Алдағы уақытта су қой­ма­сының түбін шөккен лайдан тазалап, тереңдету жұ­мыстары күтіп тұр. 1958 жылы су қоймасы са­лынғаннан бері жыралардан құйыл­ған көктемгі қызыл су лайды айдынның түбіне дейін жеткізіп, шөгіндіге айналған. 2016-2017 жылдардағы алапат су тасқыны кезінде Талқара ауылындағы су көзіне жақын са­лынған кейбір үйлерді су басып қалған. Сол кезде айналма ұра қазылған. Бұл әдіс су қой­­масындағы су деңгейінің төмен­деуіне әкеліп соққан. Енді бөгет­тің биіктігін көтеріп, қысқы мау­сымда су деңгейін 3 метр­ден терең сақтау үшін жиектегі темір-бе­тонды қайта құру қажет. Осы шаруа­ны қолға алмас бұ­рын тиісті орган өкілдерінің қа­тысуымен мән-жайды егжей-тегжей сарап­қа салған кеңес өткізіпті. Нәти­жесінде, бюджеттен қажетті қара­жат бөлу үшін тех­никалық пас­порт әзірлеу қа­жет деген ұйға­рымға келген.

Демалыс орнын ұйымдастыру да оңай-оспақ шаруа емес екен. Мәселен, қорықшылар осы жылы су қоймасының жағалауындағы орманды алқапты бірнеше мәрте өрт­тен құтқарыпты. Табиғат ая­сында тынығушыларға түсін­діру жұмыстары жүргізілген. Ор­ман ішінде от жағу, көлікпен белгіленген мөлшерге дейін ай­дынға жақындамау керектігі ұғын­дырылған. Қорық қызметі су қоймасының жағалауын таза ұстау­ға тырысып, төңіректі қо­қыс­тан тазартып жатыр. Талқара орман шаруашылығы мен бау-бақ­ша өсіруге қажетті жерді жалға алу туралы шарт жасасыпты. 124 қарағай, 54 жеміс ағашы, 500-ден аса қарақат бұ­талары, бас­қа да дақылдар отыр­ғызылған. Би­­ылғы күзде тағы да 120 қарағай мен қыл­қан жапырақты ағаш кө­шетін отырғызу межеленіп отыр. Ден қойса, ауылда да табыс­ты саланы дамытуға болады екен.

 

Ақмола облысы,

Ақкөл ауданы