Театр • 31 Қазан, 2023

Қилы-қилы «Қыз Жібек»

527 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында тағы бір туындының тұсауы кесілді. Ол – ұлттық классикамыздың қастерлісі «Қыз Жібек»!

Қилы-қилы «Қыз Жібек»

«Қыз Жібекке» құштарлық

Рас, ұлтымыздың көне мұрасы – «Қыз Жі­­бекпен» қазіргі көрерменді таңғал­дыру қиын. Себебі алғашқы опера теа­тры ашылғанын әйгілеген ақжолтай жа­ңа­лық­тың басында тұрған эпостың сахнаға көш­кеніне де келесі жылы 90 жыл толады екен. 1934 жылдан бері үздіксіз қойылып келе жатқан қазақ әдебиетінің теңдессіз жау­һары осы күнге дейін опера да болды, драма­ға да айналды, кино тілінде де үн қатты. Және әрқайсысы өз ерекшелігімен өнер та­рихында жазылып қалды. Еліміздің өзге қа­лаларын айтпағанда, бүгінде бір ғана елорда театрының барлығының дерлік репер­туарында өз көрерменін тапқан «Қыз Жібегі» жүріп жатыр. Атап айтсақ, Жастар театрында мюзикл жанрында сөйлеген туындыны «Астана мюзикл» театры өз репертуарында тағы жаңғыртты. Бірнеше жыл бұрын Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында лиро-эпос деп ұсынылса, жақында Музыкалық жас көрермен театрында этно-фольклорлық мюзикл болып қайта жанданды.

вап

«Қазақ театрларының сахнасында­ бір туынды сәтті қойылса, соны өзге театр­лар да нақ бір эстафетадай іліп әке­тіп, бәрі бірдей сол шығармаға байланып қалуы театр­ үшін табыс па, әлде ол­қы­лық па?» деп те ойланасың осындайда. Се­бебі бұл бір ғана мысал емес. Мәселен, атал­ған тізімді М.Әуезовтің «Қаракөзі» мен У.Шекс­пир­дің «Ромео мен Жульеттасынан» бас­тап, Г.Хугаевтың «Қара шекпені», М.Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйі», Қ.Жү­нісовтің «Алғашқы махаббаты» және тағысын тағылар осылай жалғастырып алып кете береді. Ал сол көшті «Қыз Жі­бек­тің» бастайтыны қуантады әлбетте. Өйт­кені өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Театр өнеріндегі тәжірибелер мен жаңашыл үрдістер ұлттық классикаларымызда да өз бедерін тауып жатса, әрине бұл театр үшін зор табыс екені даусыз. Ал кемшілігі – барлық театрдың репертуары инкубатордан шыққандай біртектілікке ұрынатындығы. Бұл, әсіресе, театр фестивальдарында айқын кө­рінеді. Әйтсе де, әр театр­дың өз репертуарлық саясаты, әр өңір кө­рер­менінің өз талғамы бар екенін ұмытпауымыз да қажет шығар...

 

«Классикадан классика жасағым келді»

Хош, сонымен әңгімеміздің әлқиссасы  «Қыз Жібекке» қайта оралсақ. Ауқымды премьераға 50 актер, 36 оркестр мүшесі, техни­калық және шығармашылық құ­рам­­ды қосқанда жалпы саны 120-дан астам адам тартылған. Режиссердің айтуынша, дайын­дық жұмысы наурыз айында басталып, жарты жылдан аса уақыт жүргізілген. Жеті айға жуық жанын салып ізденген труппа жұмысы қай деңгейде? Түпкі нәтиже мінсіз болды деп айта аламыз ба?..

«Қыз Жібек» Қ.Қуанышбаев театры­ның тарихында тұңғыш рет қойылып отырған жоқ. Бірақ театр ұжымы ә дегеннен-ақ бұл спектакльдің бедері бөлек болатынын кесіп айтты. Әуелгі ерекшелік – шығарма­ның сахналық сарапталуы мен жанрында болатыны да жақсы жарнамаланды: «Қазақстанда опера жанры XX ғасырдың 30-жылдары туды. 1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» драмалық опера түрінде сахналанды. Ғасырға жуық уақыттан кейін ұлтымыздың інжу-маржаны «Қыз Жібек» операсын көрермен назарына драмалық опера жанрында қайта ұсынбақпыз. Жаңаны тудырғың келсе, өткенге қайта орал. Бәрі басталған нүктеге...» деді өнер тудырушы труппа.

вап

 Осыдан кейін-ақ спектакль семантикасына барынша дайын болып бардық. Оның үстіне қойылым режиссері Әлібек Өмірбекұлы да премьера алдында берген сұх­батында: «Қыз Жібекті» мен басқаша көрдім. Жүсіпбек Шайхысламұлының эпос­тық нұсқасын оқыған сәтте-ақ драмалық опера бағытында қоямын деп шештім. Ішкі суреткерлік әлемім одан басқаға ойымды бұрғызбады. Жырды өзгеше оқу қойылымның көркемдігін толықтай бере алмайтындай сезілді. Сондықтан да осы нұсқаға ойланбастан тоқталдым. Менің ре­жиссерлік көруімде бұл «Қыз Жібек» сон­дай таза, мөлдір әрі сыршыл қалыпта сурет­телетін болады. Ал жанрына келсек, ең алғашқы ұлттық опера саналатын туын­ды 1934 жылы ашылған опера театры­ның беташары іспетті әрбір қазақ үшін, өнерсүйер қауым үшін бағалы деп ой­лаймын. «Қыз Жібек» – өте мықты туынды. Оны мен Пушкин, Гетедей әлемдік клас­сика алыптарының атақты «Сұлтан патша туралы ертегі», «Фауст» сияқты шығар­маларымен қатар қоямын. Ендігі міндет – сол ұлы мақсатымды өз деңгейінде сах­наға шығару. Классикада уақыт жоқ. Ол кеше болған, бүгін болып жатыр, ертең де бо­лады. Классикадан классика жасағым келеді», деген еді.

 

Тілің қайда, «Қыз Жібек»?

Шынымен де, бұған дейін көбінесе Ғ.Мүсіреповтің либреттосына басымдық беріліп келген театр сахнасындағы «Қыз Жібектердің» көпшілігінен Әлібектің сараптауы жырды сөйлетуімен ерекшеленді. Осы арқылы ұрпақ жалғастығы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, махаббаттағы құндылықтар, адами асыл қасиеттер һәм соның бүгінгі замандағы көрінісін салыстырып, салғастыра беруге деген талпынысы қуантты. Режиссер негізгі басымдықты осы құндылықтарға бұрған да, өзі уәде еткен сыршылдық, сезім, махаббат сахналарын босаңсытып алған. Сыртқы қақтығыстар ғана емес, актерлердің ішкі қайшылықтары да бәсең, солғын. Әсіресе Бекежан – Ержан Нұрымбет, Шеге – Ұлан Қабыл, Төлеген – Олжас Жақыпбектің ойыны әлі де ізденіске, тіпті қайта сараптауға сұранып тұр десек, қателеспейміз. «Режиссердің мақсаты осы болды», деп қарсы дау айтыларын білсек те, ұлттық классиканың бедерін бұзып, ғасырды ғасырға жал­ғап оқушысын тамсандырып келген жырдың, тіпті Ғ.Мүсірепов тудырған либреттоның бай тілін осыншалықты қарабайырландыру, одан қала берді қазақтың жырларында берілетін небір сұлу суреттеулерді арзан әзілдің астына жығып беру – режиссер Әлібек Өмірбекұлына да, қойылымның сахналық нұсқасын жасаған, диалогтерді түрлендірген инсценировка авторлары Мирас Әбіл мен Ләззат Алпысбаеваға да үлкен сын екенін баса айтқымыз келеді. Режиссердің өзі мойындаған­дай, қазақтың бүкіл болмысын беретін ұлт­­тық жауһарымызды көше тілінің көлең­кесінде көмескілендіруді қандай жаңашылдығыңыз да, экспери­ментіңіз де ақтай алмаса керек. Көше тілін көтеретін қойылымдар болады, керісінше бар сұлулықты қарабайырлыққа айналдыру қылмыстай қабылданатын туындылар болатынын және қаперден шығармаған жөн. Ұлттың өзіне айнал­ған «Қыз Жібек» – соңғы санатта. Инсценировка жасаушылардың «Қыз Жібектің» құндылығы мен көр­кем­дігін «Дон Кихоттың» (режиссері Әлібек Өмірбекұлы) деңгейіне қойғаны (дұрысы түсіргені) – көз жұма қарай алмайтын олқылық. Қазақта «Өзгенің қаңсығын таңсық көріпті» деген жақсы сөз бар. Дәл осы теңеу «Қыз Жібекті» «құбылтқыш» реформаторларға да тура бағытталғандай. Әлде «қазақ көрермені айшықты ана тілін түсінуден мақрұм» деп ойлады ма екен шығармашылық топ? Ұлттың жауһарын жаның жылайтындай осыншалықты дүбәра күйге жеткізудің қаншалықты қажеттілігі болды екен? Заманауилық дегеніміз көрермен деңгейіне түсе бермей, керісінше театр келушісін өз биігіне ұмтылдыруымен ұтымды емес пе? Ал жаңалық жасаймыз деп дәл осындай жаңсақтыққа ұрыну, тіпті де жасампаздық болмаса керек-ті.

 

Жанрды жатсыну

«Жанрларды біріктіру қиын, себебі бір жанр екіншісін басып тастамауы керек. Жаңа ештеңе ұсынбаймыз. Тамырымызға оралып, туындыға жаңа қырынан қарап көруге шақырамыз. Спектакльге көп дайындалдым, бірақ енді ғана қойғалы жатырмын. Ұлттық тақырыпты алғаннан кейін актерлер орасан зор жауапкершілікті арқалап отыр. Біз қойғалы отырған кей дүние көрерменге ұнамауы мүмкін. Спектакльде қойылған дүниемен бәрі келісе бермейді. Адамдарды, аға буынды ренжіту ойымда жоқ. Дау да болады. Оның бәріне дайынбыз», деп режиссер көрерменін ай бұрын дайындап, жарқын жарнамасымен қызықтырған жаңа қойылымның тағы бір олқы түскен жері – Қыз Жібектің өзі. Кезінде ұлағатты ұстазымыз, театр білгірі Әшірбек Сығай: «Егер театрыңда Гамлетке лайық актерің болмаса, онда Шекспирге жоламағаның абзал» дегенді жиі қайталап отырушы еді дәрістерінде. «Қаллеки» театрының Қыз Жібегін көргенде ащы да болса сыншының дәл осы сөзі ойымызға орала берді. Сол себептен, бәлкім шарасыздықтан да болса керек, режиссер Жібекті жармақ етіпті. Біз көрген құрам ойынында драмалық нұсқасын – «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева, операсын Амира Омарова орындады. Сол секілді Төлеген бейнесін Олжас Жақыпбек пен Бибарыс Орман теңдей бөлісті. Иә, рөлдің сантарапты қырынан ашылуы үшін кейде жармақ әдіске бару ұтымды болатын жағдайлар болады. Бірақ дәл осы қойылымда бұл әдісті аса сәтті шешімдердің қатарына қоса алмас едік. Себебі кейіпкер характерін қалыңдату үшін емес, жанрына сай екіге бөлінгендіктен, спектакль жалпы көркемдік тұтастығынан айырылған. Салдарынан режиссердің жанрға қатысты жоғарыда айтылған қаупі расталды. Бірақ, өкінішке қарай, сахнада бірін бірі басып тастау қаупін тудырар жақсы мағынасындағы жарысқан жанрлар шарпысы мен көркемдік қақтығыстың емес, орта деңгейдегі драма мен жарқырай алмаған операның куәсы болдық. Әсіресе ән айту міндеті жүктелген актерлердің бейне мінсіздігінен гөрі, нотаға дөп түсу, ариясын әлсіретпей айтып шығу алаңы тыңдап отырған бізге анық сезіліп тұрды. Ал әлі толық пісіп жетілмеген бейнелердің әлбетте жүрекке де дөп түсуі – екіұдай мәселе. Сондықтан болса керек, жекелей орындаушылардың (солист) – Шегенің де, Жібектің де ізденісінен ірілік тани алмадық. Жүректі шымырлатып, жаныңды жылататын Жібектің (Амира Омарова) жоқтауы сезімді суырып, көңілді қозғамады. Кезекті айтылып жатқан көп арияның біріндей әсерде қалдырды. Драмалық рөлдегі Жібек те (Ақмарал Танабаева) сыртқы сұлулығымен сүйсіндіргенімен, кейіпкерінің ішкі көңіл күйін жеткізуде теңіздің бетін ғана қалқумен шектелді. Ал сахнадағы шайқастан, әрекеттен саналы түрде бас тартқан режиссер тарапынан қойылымның динамикасын беруде, әсіресе осы айтылар ариялар мен актерлер репликасының барынша қуатты шығуына мән берілсе, бәлкім спектакльдің сананы селт еткізер әсері де бөлек болар ма еді деген бір ой қалды көңіл түкпірінде.

 

Бәрі басталған нүктеге...

Иә, жырдағы негізгі бас кейіпкерлер бейнесі кейіпкержандылыққа есе жіберіп алғанымен, есесіне Базарбай мен Қамқа бейнесінде көрінген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл мен Мәдениет саласының үздігі Бақыт Жұмағұлованың тандемі сәтті сарапталды. Әсіресе Қамқа рөліндегі Бақыт Жұмағұлованың сахнадағы сөзді салмақтап жеткізу шеберлігі де, жалғызын Шекті еліне шығарып салардағы қоштасу ариясы да жүректі жанды тебірентпей қоймады. Ана мен бала арасындағы қуатты байланысты бейнелілік биі­гін­де айрықша айшықтап көрсете білді. Сондай-ақ Төлеген партиясында көрінген Бибарыс Омар мен Қарлығаш – Ситора Анварованың қойылымдағы орындаушылық өнері де атап өтуге тұрарлық жақсы жұмыстар санатында.

Ал хор туралы айтылар әңгіме бөлек. «Қыз Жібек» драмалық операсының Евгений Брусиловскийдің музыкасымен көркемделген жыр желісін, жалпы оқиға атмосферасын жеткізуде театр әртістерінен құралған хор еңбегі шын мәнінде сүйсінтті. Хормейстер Ержан Сансызбаев пен дирижер, Мәдениет саласының үздігі Ерлан Бейсембаевтың тандеміндегі өрелі өнер Қ.Қуанышбаев театрының симфониялық ор­кестрінің сүйемелдеуімен жаңаша көр­кем­дік биікке көтерілді. Хор мен оркестр жұмысын тыңдап отырып, еліміздегі музы­калық мәртебесі бар театрлардың бәріне осындай табысты ізденіс тілегің келеді.

 Бұл «Қыз Жібектің» тағы бір табысы – декорация, яғни кеңістік пен костюм. Шығармашылығын бақылап жүргенде бай­қағанымыз, Әлібек Өмір­бекұлы өзі қойған спектакльдерінде сах­надағы декорация мен костюмдерге айрық­ша көңіл бөледі. Сондықтан болса керек, қойылымның сахналық шешіміне суретші Шынар Елембаевамен бірге режиссердің өзі де теңдей тер төгіпті. Ол қойылым атмосферасынан да анық сезіледі. Аппақ әлем, ондағы еркін кеңістік пен метафоралар, сахнадағы минимализм, актерлердің үстіндегі костюмдердің стильдік шешімі, символдық астары – бар­лығы-барлығы айқын оқылып тұр. Қыз Жібек – Ақмарал Танабаеваның үстін­дегі қызыл бешпет қандай қонымды, сұң­ғақ бойлы сұлудың тал­дырмаш бітіміне қа­лай әсем қона кеткен! Қамқа – Бақыт Жұма­ғұлова, Айгөз – Ал­тынай Нөгербек, Қар­шыға – Нартай Саудан­бекұлы, Дүрия – Бегімнұр Қалила – бәрі-бәрі режиссердің бү­гінімізден ізде­ген мынау аппақ дүниенің, сыршыл әлем­нің әсем кейіпкерлерін визуалды түрде көзге көркем жеткізеді. Бастысы, сах­нада тазалық бар. Сол тазалық демалтады.

Әйтсе де, бұл әсемдік қойылымның мазмұндық, режиссерлік һәм актерлік ізденістер шешіміндегі олқылықты ақтай алмайды. Әсіресе қос жанрды біріктіру мен оны сахнада жандандыруда кеткен кемшіліктер әлі де жүйелі, тыңғылықты ізденіске сұранып тұр. «Алғашқы операмыз әу баста драмалық опера жанрында жасалған. Жаңаны тудырғың келсе, өткенге қайта орал. Бәрі басталған нүктеге...» деген сәулелі сөз арқылы алғашқы һәм қазіргі театрдың арасындағы 90 жылдық өткелге өрелі өрнек салуға ұмтылған Өмірбекұлының ойы да, талпынысы да құптарлық. Ғасыр бұрын алғашқы театрдың туын көтерген «самородоктардың» сара жолын бүгінгі білімі мен ізденісі мол кәсібилер одан әрі кемелдендіріп, іргелі ізденіс жолында көркемдік биікке көтере алса, жақында ұлттық мәртебе алғалы отырған Ұлт театрының беделін биіктетіп, мәртебесін одан әрі асқақтата түспей ме?

 

P.S. Жалпы, «театралдар» арасын­да «Жақсы спектакль көргің келсе, премьера­ның сегізінші күніне бар» деген қағида бар. Оны режиссер Әлібек Өмірбекұлы да қадап айтты. Ендеше, сол сегізінші қойылымды күтейік. Бәлкім, бүгінгі кемшіліктер түзелер, олқылықтардың орны толар... Себебі театр – жанды өнер. Уақытпен бірге әртістердің де шеберлігі кемеліне келер деп сенейік.