Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Google ұсынған дерек бойынша, әлемде 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады. Ал елімізде әр үшінші шаңырақ шайқалады. Мамандардың зерттеуінше, республикада жылына орта есеппен 140 мың азамат үйленсе, кейін оның 50 мыңы ажырасу туралы шешім қабылдайды. Айырылысуға бел буғандардың үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4 пайызын құрап отыр.
«2023 жылдың қаңтар-маусым айларында республика бойынша 53 835 неке қиылды. Оның 64 пайызы – қала, 36 пайызы ауылдарға тиесілі. Жігіттер мен қыздардың алғашқы некеге тұру жасының ұлғаю қарқыны байқалады. Мысалы, кейінгі 5 жылда ерлер арасында 27,6 жастан 28 жасқа ұлғайды. Қыздардың орташа тұрмыс құратын жасы 25-тен 25,2-ге өскен. Отбасын құруға асықпайтын жастардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады», деді Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Бибігүл Мирасбек. Яғни жастар отбасын құруға асықпайды. Сарапшылар бұл үрдісті алдымен урбанизациямен, одан кейін инфляциямен байланыстырып отыр.
«Жастар қазір өмірін өздері күрделендіріп жіберген. Бұрын жастар алды-артына қарамай үйленетін, материалдық жағдайды сосын ойланатын. Қазір жастар материалдық тұрақтылыққа қол жеткізгеннен кейін барып саналы түрде отбасылы болғысы келеді. Тіпті балалы болуға деген қорқыныш та басым», деді әлеуметтанушы Любовь Сартакова.
Негізі жас ұлғая шаңырақ көтеруді медицина мамандары да қолдамайды. Дәрігерлер бала сүю үшін ең оңтайлы кезең 18 бен 25 жас аралығы дегенді алға тартады. «Ер азамат пен әйелдің жасы 27-30-дан асса, ер азаматта ұрықтың сапасы нашар, ал әйелде овериалды резерв төмендейді. Яғни қосарланған бедеулік болуы мүмкін. Кеш үйленген 10 еркектің үшеуінде бедеулік болуы мүмкін», дейді уролог-дәрігер Азамат Сандыбайұлы.
Былтырдың өзінде 17,7 мың отбасының шаңырағы шайқалса, оның басым бөлігі ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар мен ерте жаста шаңырақ көтергендер екен. Демек қазір байырғы қазақ танымындағы отбасы институтының жібі үзіліп барады.
«Шаңырақ көтеруге ниеті болмаудың көп жағдайда төрт себебі бар. Біріншіден, жауапкершілікті мойнына алғысы келмеу, екіншіден, отбасындағы тәрбиенің кемшілігі, үшіншіден, жастар отбасылық өмірге дайын емес, төртіншіден, нәпсінің құлы, сонымен өмір сүре береді, соны жоғалтып алмауға тырысады. Әртүрлі жағдай әсер етеді: отбасының әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы қалыптасқан түсінік. Ең алдымен жақсы қызмет, мансап, үй, көлік сатып алу, сосын барып үйлену деген түсінікпен жүргендер жетерлік», дейді психолог Назым Ділтайқызы.
Бұл бір жағынан заман ағымының, қоғамдық қатынастардың, өмір сүру дағдысының өзгергенімен байланысты екені түсінікті. Ал «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай: «Рас, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың озығы да, тозығы да бар. Қазіргі жастарды байырғы қазақ қоғамына бейімдеу де тиімсіз. Ер азамат жұмыс істеп түзде жүрсін, әйел бала тәрбиесімен үйде отырсын деген классиканы ұстана алмаймыз. Себебі ер азаматтарды тәрбиелейтін жіп үзілгеннен кейін, мал таба алмай қалады да, пысық қыздар отбасын қамтамасыз етуге мәжбүр болады. Егер әйеліне баяғы әуенмен сен үйде отыр десе, қаржылай қиналатыны түсінікті. Бұл да болмайды. Яғни мәселені тереңнен іздеу керек. Мәселен, бұрын қыз баланы оқыту, сауатын ашу жөн деген насихат, саясат жүрді. Нәтижесінде, елімізде ерлерге қарағанда білімді әйелдер коэффициенті жоғары. Әйелдердің жалпы біліммен қамтылу деңгейі – 60, ерлерде 50 пайызға тең. Ерлер көбіне техникалық кәсіби білім алады. Білімді әйелдерге білімді азаматтар жетіспейді. Осыдан жұбын табу қиын, тиісінше, екеуінің арасында келіспеушілік болады. Екінші жағынан, оқымаған азаматтардың табысы аздау, содан өміріне көңілі толмай, өзін қор сезінеді», дейді.
Осы орайда америкалық психиатр Морган Скотт Пек: «Ешнәрсе идеал болмайды, екі шикі болмыс бір шаңырақ астында өмір сүргенде ұрыс-керістің болуы заңды. Өйткені екі түрлі тәрбиені, танымды көрген азаматтар. Демек үйленгенге дейін, отау құрмас бұрын алдын ала бір-бірінің осал тұстарына талдау жасап, бағдарлау қажет», дейді. Санжар Керімбайдың пікірінше, материалдық жағдай да екінші орынға ығысады.
«Бастысы – азаматтардың қуыскеуде болмауында. Неліктен ата-аналарымыз қандай қиын жағдай болса да, ажырасып кетпеді? Себебі олар үлкен өмірге араласқан кезде көкірегінде ұлттық құндылық сайрап тұрды. Көкірекке құйылған осындай құндылықтар өмірдің соққысын өткізбейтін. Сондықтан да олар психологиялық тұрғыда мығым болатын. Жас баланың қаңыраған түпсанасы немесе босап қалған көкірегі мән, мағына, өнегелі сөзбен барынша толуға тиіс. Сонда ғана бозбала иррационалды қалауларын бейсаналы түрде оп-оңай орындап жүре береді», деді ол.
You Tube платформасында өткенді де, өзектіні де талқылайтын «Dope soz» подкастында танымал психолог Ержан Мырзабаев осы идеяны қолдай отырып, бір кемшін тұсын ашып көрсетеді.
«Біз 90-жылдарда өскен ұрпақпыз. «Role model» жоқ. Яғни әкем мен анам осылай уақыт өткізетін еді, анам әкеммен былай сөйлесетін еді, аптасына бір рет отбасымызбен серуенге шығып тұратын едік, кешкісін теледидар көріп бір тақырыпты талқылайтын едік деген секілді нәрселер ол кездегі балаларда жоқ. «Role model» болмаған кезде бала өседі, табиғи қажеттілік деңгейінде отбасын құрады, бірақ үйленгеннен кейін қалай тұрамыз, мәселені қалай қабылдаймыз, қалай сөйлесеміз деген нәрселер тасада қалып қояды. Салдарынан келіспеушілік туындайды, одан ажырасуға келіп тіреледі. Екінші жағынан бізде ажырасу көп. Сол 90-жылдары ішімдікке салынған күйеуінен, оның жұмысқа қауқарсыздығынан әйелдер баласын өздері қараған, бір жағынан отбасын асыраған. Осылайша, жауапкершілік әйелдерге жүктелді. Міне, мұны көрген қыздар «Анам ажырасты, баласын өзі өсіріп, жетілдірді, демек бұл – норма. Әрі анам секілді күйеуімді сүйреп жүргім келмейді» деген түсінік қалыптасты. Содан олар жолдасына «осал тұстарымызды қабылдап, бірге тұрамыз немесе ажырасамыз» деп бірден шарт қоя алады. Отбасы – екі тараптың үлкен жұмысы. Тепе-теңдікті ұстау үнемі еңбекті қажет етеді», деді психолог.
Бұл үдерісті тереңірек түйсіну үшін шетелдік зерттеулерді де шолып көрдік. Бүгінде экономикалық әлеуеті жоғары АҚШ тұрғындарының 89 пайызының отбасылық өмірі алаңдатарлық жағдайда екен. Хьюстон университетінің ғалымы Дина Ханнафорд пен Бостон университетінің антропологі Джоанна Дэвидсонның жүргізген зерттеулерінде әйелдердің некеге тұрудан бас тартуының бірнеше себебін анықтаған. Ашып айтсақ, опасыздық, мансаптық мүмкіндіктер мен тәуелсіздіктің артуы және ата-аналары, бауырларымен бірге тұру арқылы өзін қауіпсіз сезінуі. Ал ер адамдар көп жағдайда жауапкершіліктен қашатын көрінеді.
Аталған себептер біздің жастардың да бойында бар. Бұған қоса қоғамда «азаматтық неке» қалыпты жағдайға айналып барады. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшылары әзірлеген «Қазақстан отбасылары-2022» ұлттық баяндамасында респонденттердің «азаматтық неке» құбылысына деген көзқарастары «оң», «теріс», «бейтарап» деп аталатын үш топқа бөлініп, зерделенген. Азаматтық некені жақтайтындар көрсеткіші – 28,3 оған қарсылар – 33,1 бейтарап ұстанымдағылар үлесі – 32,8 пайыз. Зерттеуге еліміздің 17 өңірінен 1 200 адам қатысқан. Мамандардың айтуынша, бұл дегеніміз елімізде әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін дегенді білдіреді.
Жуырда Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде неке қиюға өтініш білдірген жұптар отбасын жоспарлау туралы кеңес алып, арнайы нұсқаулықпен танысуға міндеттеледі деген еді. «Профилактикалық жұмыстардың негізі – отбасын саналы түрде құруға мүмкіндік жасау. Осыған орай, БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында қанатқақты жоба іске қосылды. Онда неке қиюға өтініш білдірген азаматтарға отбасын жоспарлау, психология, репродуктивті денсаулық, ортақ бюджетті жоспарлау және басқа да маңызды мәселелер бойынша тегін кеңес беру, оқыту қарастырылған. Нәтижесі сәтті болса, осы тәжірибені барлық өңірге енгізуді қолға аламыз. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Бақытты қазақстандық отбасы» интерактивті нұсқаулығы әзірленеді. Некеге тұратын жұптардың отбасылық дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтары туралы ақпараттар «Электрондық үкімет» жүйесінде бейнеролик түрінде көрсетіледі. Некеге тұруға онлайн өтініш берген азаматтар осы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығуға тиіс. Қазір елімізде Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңгені құрайтын 156 әлеуметтік жоба бар. Бөлінген қаржының 40 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бөлінген, 25 пайызы – жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға, 10 пайызы – халық арасында репродуктивті денсаулықты сақтауға, 15 пайызы – жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыстарға, 10 пайызы басқа бағыттарға жұмсалып жатыр», деді министр.