Қатысушылардың бірі – 80 жылдық тарихы бар «Қостанай агромеханикалық зауыты». Компанияның сату бөлімінің жетекші менеджері Есенжан Мұратовтың айтуынша, компания топырақ өңдейтін агрегаттарды жасау бағытына 2019 жылдан бастап ден қойған.
«Көрмеге алып келген негізгі тауарымыз – ұзындығы 22 метр болатын сүйекті-тісті тырма. Бұл құрал негізінен Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы сияқты егістік көлемі ауқымды өңірлерде көбірек қолданылады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары тарапынан да сұраныс бар. Былтыр осындай 100-ден аса тырма жасадық. Жалпы, зауыт ассортиментінде 15-тен аса құрал түрі бар. Бізде құралдар толықтай өндіріледі. Өзіміз металл сатып аламыз, сосын оны құямыз. Шикізатты негізінен Ресейдің Магнитогорск қаласынан әкелеміз. Сөйтіп, басынан соңына дейінгі үдерістің барлығы зауытта өткеріледі», дейді Е.Мұратов.
Айтуынша, биыл тамыз бен қыркүйекте солтүстік өңірлерде жауын көбірек түсіп, бидай өсіміне залалын тигізген.
«Сондықтан фермерлер тарапынан агрегаттарды сатып алуға байланысты қаржылық қиындық туындап жатыр. Дегенмен негізгі бағытымыз – ішкі нарықты қамтамасыз ету болып қала береді», дейді менеджер.
Алматы қаласында орналасқан «Беріктігі жоғары кәбілдік құбырлар зауыты» ЖШС тура пандемияның алдында, 2019 жылы құрылып, ә дегеннен экспортқа бағдарланыпты. Кәсіпорын қызметі ТМД елдеріндегі алғашқы спиральді құрылымды құбырларды шығару бойынша инновациялық технологияларды пайдалануға негізделген.
«Механикалық беріктігі бойынша жоғары көрсеткіштерге және кәбілді қорғауға арналған құбырлардың жоғары сапасына кепілдік береміз. Өндірісте қолданылатын технологияларды әзірлеуге Оңтүстік Кореяның жетекші мамандары тартылды, ал кәсіпорын белгілі кореялық «ITECO» компаниясының құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Біз әлемнің 196 елінде патенттелген құбырларды өндіріп шығарамыз. ТМД бойынша мультиканалды құбырлар шығаратын жалғыз компаниямыз. Яғни оптикалық талшық, байланыс үшін де дайындаймыз. Патенттелген әдістің арқасында құбырлардың жүктемесі 3 есе жоғары. Құбырларды бір метрден аса қазылған жерге кіргізу міндетті емес, өйткені сапасы мықты. 15 см шамасындағы тереңдікке тастай салса да, өз міндетін ойдағыдай атқара алады», дейді компания өкілі.
Шикізатты, яғни төменгі қысымдағы полиэтиленді Қазаннан алдыртады екен. Аталған шикізат бүкіл ТМД бойынша тек сол жерде ғана өндіріледі.
«Дайын құбырлар Англия, Африка, Коста-Рика, Германия, Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне экспортталады. Қазақстанда әзірге нарық үлкен емес. Ал Еуропа елдері тарапынан құбырларымызға деген сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде 500 км құбыр өндіріп қойдық. Жыл әлі аяқталған жоқ, сол себепті бұл көрсеткіш өседі деп ойлаймыз», дейді ол.
Зауытта 64 адам үш ауысыммен кезектесіп жұмыс істейді екен. Компания осыған дейін логистика бойынша экспорттық шығындарды қайтаруға қатысты мемлекет көмегін пайдаланған.
Көрмеге келген тағы бір ұжым – оралдық «Дәстүр» ағаш шеберханасы. Шеберхана директоры Нұрсұлу Ахметова: «Ұмытылып бара жатқан ескі дүниелерді жаңартуға тырысып жүрміз» дейді бізбен сұхбатында.
«Өнімдеріміздің барлығы ағаштан жасалады. Лаксыз, таза, табиғи өнім шығарамыз. Біз де ата-бабаларымыздың салтын ұстанып, жылқының іш майын, терісін пайдалануды жөн көрдік. Қазір сұраныс көбейген соң, зығыр майын да қолданып жатырмыз. Өнімдеріміздің қатарында ас табақ, бас табақ, түрлі тәрелке, кеселер, кәдесыйлар, тойбастарға арналған жабдықтар бар», дейді Нұрсұлу Ахметова.
Оның сөзінше, өнімдерді ойдағыдай жасау үшін екі-үш жылдық кептірілген ағаштар қажет. Қарағаштарды Түркістан облысынан, діңі қатты шаған ағашын Ресейден, аққайыңды Көкшетаудан сатып алады. Әңгімесіне қарасақ, Нұрсұлу әу бастан жан-жақты тұлға болып қалыптасыпты. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауылында көпбалалы отбасында – тоғыз баланың бесіншісі болып дүниеге келген. Алдындағы аға-әпкелері оқуға түсіп кеткеннен кейін үйдің ересегі өзі болып қалады. Бір қызығы, өзге қыз балалардай шешесіне емес, әкесіне жақын болып өседі. Әкесі – талай жыл комбайн жүргізген шаруақор жан. Бәлкім, сол кісінің кәсібіне қатты қызықты ма, небәрі 17 жасында трактор тізгіндейді. Сөйтіп, үш жыл трактор айдап, қаршадай қыз ауыл шаруашылығына айтулы үлесін қосады. «Табан ет, маңдай терімнің арқасында 20 жасымда алғашқы жеңіл көлігімді – «Москвич» тізгіндедім» деп елжірей еске алды сол бір аяулы кезін.
Бойжетіп, үлкен өмірге қадам басқаннан кейін де бала күнгі қызығушылығынан алысқа ұзамай, техник-мамандығын таңдап, оқып шығады. Бірақ кейінгі өмір жолы кәсіпкерлік ауылына қарай бұрылады. Сөйтіп, ұзақ жыл кеңсе тауарлары саудасымен айналысқан. Кейін қазіргі кәсіпке мойын бұрады. Оған себеп болған – Қытай сапары.
«2015 жылы Қытайға барған кезімде дүкен сөрелерінің бірінен қазақы оюлармен өрнектелген кеселерді көріп қалдым. Зауытына барып едім, ол жерде ыдыстар бамбук ағашынан жасалады екен, лактың иісі мұрынды жарады. Сондай лакталған ыдыстар біздің базарларымызда да толып тұр. Осыдан кейін неліктен табиғи тұрғыда таза және сапасы жоғары ыдыс-аяқтарды жасап, сатылымға шығармасқа деген ой келді. Кәсібімізді тура пандемия жылында – 2020 жылы бастадық. Сол жылғы қиын ахуалға қарамастан, цехымыздың жұмысы алға басып кетті», дейді кәсіпкер.
Мүмкін о бастан әлдеқандай қызығушылығы бар, не болмаса кәсібіне деген өлшеусіз махаббаттың жемісі – шығаратын өнімдердің әдепкі сызбасын жасап, оған қандай түр-келбет беріп нобайлауды да кейіпкеріміз шебер меңгеріп алыпты.
«Әуелі өзім макет жасап, сосын шеберлердің талқысына саламыз. Бізде арнайы ағаш шеберлері тобы жұмыс істейді. Барлығын өлшеп, пішкеннен кейін өндіріске кірісеміз. Әдепкіде фанер қолдандық. Ол кезде асүйге арналған тақтайлар, сосын тойбастарға арналған дүниелерді жасаушы едік. Кейін жұмыс ауқымы кеңейіп, ағаш ыдыс-аяқтарды қолға алдық», деп ағынан жарылды.
Қазір кәсіпорын аясы кеңейе түскен. 2020 жылмен салыстырғанда әжептәуір алға кетті. Мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалардың да игілігін көріп жатырмыз деп қалды бір сөзінде.
«Кәсіп өз ауанымен жүріп жатты. Бірақ әрі қарай даму үшін үлкен көлемде қаржы керек еді. Сол мақсатта биыл ақпан айында жылдық 5 пайызбен 20 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алдым. Соның нәтижесінде жаңа құрылғылар орнаттық, жұмысшылар саны 6 адамнан 15-ке дейін көбейді. Ұжымда мүгедек азаматтар да жұмыс істейді. Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігін әркез ескеріп, ол азаматтарға да үнемі көмек қолын созып тұрамын. Күн сайын тойбастарға байланысты мыңдаған керек-жарақ және 3-4 астау шығарамыз. Одан бөлек, сұранысқа байланысты басқа да ыдыс-аяқтар мен кәдесыйларды үздіксіз өндіреміз», дейді кәсіпкер.
Көрмеде кісі қарасы қалың. Жайлы жәрмеңке үш күнге созылды. Қатысушылар және олардың тәнті етерлік өнімдері туралы алдағы нөмірлерде тағы да кеңінен тарқата жазамыз.
Аралап жүріп, елдегі шағын және орта бизнес (ШОБ) келешегінің ұлғайып келе жатқанын аңғардық. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр ШОБ-та жұмыс істейтін адам саны 4 миллионнан асыпты. Биыл несиелерді субсидиялауға 266 млрд теңге бөлінген.