Сенат • 01 Қараша, 2023

Ауаның ластануы: Өзекті мәселелер мен ұсынымдар

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечинаның төрағалық етуімен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның жұмыс кеңесі өтті. Күн тәртібі бойынша комиссияның алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында өтетін көшпелі отырысы аясындағы экология мәселелері талқыланды.

Ауаның ластануы: Өзекті мәселелер мен ұсынымдар

Отырысқа парламенттік комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдардың өкіл­дері, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің басшылығы мен мәслихат депу­таттары, халықаралық ұйымдар мен сарап­шылар қауымдастығының өкілдері қаты­сып, БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдар­ламасы мен экономикалық зерттеулер инс­титутының сарапшылары сөз сөйледі.

Палата төрағасының орынбасары өз сөзінде ауаның ластануынан туындайтын проблемалардың қаупіне назар аударды және комиссияның алдағы жұмысындағы бірқатар негізгі міндетті белгіледі.

«Орнықты даму мақсаттарында 2030 жылға қарай қалалардағы теріс экологиялық әсерді азайту, оның ішін­де ауа сапасына ерекше назар аудару және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету міндеті белгіленді. 2022 жылы Қазақстанда ауаның ластануына мониторинг жүргізілген 69 елді мекен­нің 30-ы жоғары және өте жоғары лас­тану дәрежесіне жатады. Бұл әсіресе өнеркәсіп секторындағы инфрақұрылымы дамы­ған және көлік магистралі бар өңір­лер­ге қатысты. Олардың қатарына Өскемен қаласы да кіреді», деп атап өтті Ольга Перепечина.

Сенатор атап өткендей, осыған бай­­ланысты бірінші кезектегі міндет – тау-кен және металлургия саласы кәсіпорындарының қызметіне мониторинг жүргізу. Өндіріс қалдықтарының шығарындылары мен кәдеге жарату деңгейін төмендету жөнін­дегі тетікті мұқият пысықтау қажет.

Сенат төрағасының орынбасары жергі­лік­ті атқарушы органдарды тағы бір ма­ңыз­­ды бағытқа – жеке секторға газ жеткізу, қол­­да­ныстағы жылу электр орталықтарын жаңғырту мен жетілдіруге назар аударуға шақырды.

Экология және табиғи ресурстар ми­нистрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев өз кезегінде әріптестерін сала бойынша ОДМ-нің міндеттерін іске асыру барысымен таныстырып, осы бағыттағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныстарын айтты.

Облыстың мамандандырылған таби­ғат қорғау прокуроры Александр Акулов ШҚО-да табиғатты қорғау заңнамасының қандай бұзушылықтары жиі кездесетіні және оларды азайту үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы баяндады.

Экономикалық зерттеулер институты­ның басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов жүр­­гізілген сараптамалар мен ғылыми-тәжі­ри­белік зерттеулердің нәтижелеріне тоқтала келіп, стратегиялық сипаттағы үрдіс­­терді атап өтті. Сарапшының пікірін­ше, мәселені шешу барлық мүдделі тарап­тар­­дың кешенді шараларды уақтылы қабылдауына байланысты.

Жұмыс кеңесінің қорытындысы бо­йынша парламенттік комиссияның кезек­ті отырысына дайындық аясында жұмыс­қа қабылданатын өзекті мәселелер мен ұсынымдар барысы айқындалды.