Дүниежүзілік жекпе-жек ойындары (WCG) – бұл Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қолдайтын және әлемнің түкпір-түкпірінен жекпе-жек өнері мен оның ең мықты өкілдері қатысатын халықаралық спорттық іс-шара. WCG-дің басты мақсаты – жарыстарды өткізу ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі бақылау және техникалық шеберлік сияқты спорттық құндылықтарды насихаттау. Бұл ойындар әртүрлі мәдениеттердің өзара интеграциялануына және жекпе-жек өнері бойынша білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Қазақ күресін жекпе-жектің ең танымал түрлері бойынша өткізілетін WCG бағдарламасына енгізу туралы шешімді Халықаралық спорт федерациялары, халықаралық спорт федерацияларының жаһандық қауымдастығының (GAISF) мүшелері қабылдаған болатын. GAISF – тәуелсіз халықаралық спорт федерацияларын және бүкіл әлем бойынша спортты дамытуға бағытталған басқа да халықаралық ұйымдардың басын біріктіретін ұйым. Қазіргі уақытта GAISF жүзден астам халықаралық ұйыммен тығыз қарым-қатынас орнатып, тиімді жұмыс істейді. Бүгінгі таңда WCG GAISF қолдауының арқасында элиталық спорт пен жергілікті қауымдастықтар арасында алтын көпір орнатып, жастарды жекпе-жек спорт түрлерімен айналысуға ынталандыру жұмыстарына басымдық береді.
Эр-Риядтағы жарыс барысында бірқатар спорт түрлері, соның ішінде қазақ күресі бойынша марапаттар жиынтығы сарапқа салынды. Бес салмақта (3 ер және 2 әйел) жеңімпаз жүлдегерлер анықталды. Абырой болғанда, ұлттық құрама балуандары жоғары бәсекелестікке қарамастан үздіктер қатарынан көріне білді. Атап айтқанда, Жұмажан Қожамбеков (75 кг), Мәди Амангелді (85 кг) және Роза Нысантай-
қызы (70 кг) қарсылас шақ келтірмей, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Нұр Аманшүкіров (65 кг) финалда Өзбекстаннан келген спортшыға жол беріп, күміс медальға қол жеткізді. Ал Рауза Нұрмұхамбетованың (60 кг) еншісінде – қола медаль.
Осылайша, Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсете отырып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Өзбекстанның балуандары екінші болса, қырғызстандық спортшылар үздік үштікті түйіндеді.
«Егемен-ақпарат»