Ал жолдағы шұңқырдың қасіреті қандай болатынын барша жүргізуші біледі. Мұндай жолдар, әсіресе қыста өте қауіпті. Екінші мәселе, жіпсіген қар түнде қатып, жолды көктайғаққа айналдырады. Осының кесірінен де жол-көлік апаты болып жатады. Сондықтан жолды қардан тазартқанда толық сыпырып өткен жөн.
Жолдарды қыста сақтаудың бұдан басқа да толып жатқан әдіс-тәсілі бар. Осы бастан жолдың шетіндегі қар ұстайтын ағаш бұтақтары, қурай, күзгі шөп бәрін тазалап тастау керек. Әйтпесе, ағаштардағы қалың қар жолды жауып тастайды. Жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, жергілікті жолдарды 2023-2024 жылғы қыс және көктем айларында күтіп-баптап ұстау үшін 1,3 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражаттың 400 млн теңгесі тек қыс айлары үшін бөлінген. «Осы қаржы шеңберінде жолдарды күту жұмыстарына алты ұйыммен келісімшарт жасалды. Олар 13 ауданның аумағындағы жолдарға жауапты», деді М.Баяхмет.
Жалпы айтқанда, қыста жолдарды күтуге 142 техника, 278 адам тартылмақ. Ауданның ішіндегі жолдарды сақтауға да жоғарыда айтылған қаржының 400 млн теңгесі бөлінген. Бұл қаражат аудандық деңгейдегі барлық 4 463 шақырым жолды тазалауға жұмсалады.
Жолдарды қыста қардан тазарту, тұрып қалған көліктерге көмек беру секілді жұмыстар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына да жүктеледі. Шамамен 220 ауыл шаруашылығы кәсіпорны 1,3 мың шақырымдық жолдың сақталуы мен қауіпсіздігіне жауап беруге міндеттелген.
Жолаушылар тасымалы басқармасында жолды қардан тазалауға арналған техникалардың ішінде шнекротордың алатын орны ерекше көрінеді. Солтүстік Қазақстанға Мемлекеттік материалдық резервтен бұл техниканың екеуі бөлінген. Олар қар барынша биік болып, үйіліп қалған аймаққа жедел жеткізіледі. Қазіргі таңда өңірде қар қалың жауатын 266 учаскеге қарайтын 863 шақырым жол анықталған. «Бұл аймақтар басқарманың жіті бақылауында», деді М.Баяхмет.
Осы күндері басқарма жол шетіндегі қар ұстайтын қурайлар мен шөптерді қырқу, суағар құбырларды тазалау және көктайғаққа қарсы жолға себілетін материалдарды үю жұмыстарын ұйымдастырып келеді. «Қазір әрбір аудандағы жол учаскелеріне жауапты адамдардың тізімін арнайы бұйрықтармен бекітіп жатырмыз. Мұндай жұмыстар қиын жағдай болғанда кімнің тікелей жауапты екенін бірден анықтау үшін қажет. Белгіленген шаралар тегіс орындалса, жолдардағы апатқа жол берілмейтіні анық», деді басқарма өкілі.
Солтүстік Қазақстан облысы