Керемет жаңалықты студенттер көптен күткен еді. Университет ректораты көптен жоспарлаған, облыс басшылығының қолдауын тапқан, кезінде «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасына да еніп, елге уәде етілген жоба ақыры сәтімен жүзеге асты. Бұл құрылыс еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің де ерекше назарында болды. Студенттер үйін табыс еткен салтанатты жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те құттықтау лебізін әлеуметтік желі арқылы онлайн жолдады.
– Бүгінде университетте 500 орындық жаңа студенттер үйі ашылды. Университет республика бойынша тұңғыш рет өз қаражатына студенттер үйін тұрғызды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта өзге де жоғары оқу орындары жалғастырады деген сенімдеміз. Бой көтерген жатақхананың мүмкіндіктері орасан, – деді министр өз сөзінде.
Айта кетейік, жаңа ғимарат заманауи инфрақұрылыммен толық жабдықталған. Әр секцияда асхана, жатын және жуыну бөлмелері бар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі студенттерге лайықталып 16 орын жасақталған. Сондай-ақ мұнда фитнес залы, дәріхана, медициналық пункт, кафетерий, мұғалімдер мен кезекшілерге арналған бөлмелер бар. Жатақхана аумағы да толық абаттандырылып, спорт құралдары қойылған алаңмен қамтылған.
Министр өз сөзінде университетпен тығыз байланыс орнатып, құрылыс нысанының сәтті аяқталуына атсалысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке, мердігер «Beta Services» компаниясының басшысы Бекболат Шкановқа және университет басшылығына алғыс айтты.
– Бұл жатақхананың іргетасы қаланған күннен бастап, университет әрбір кірпіштің түзу қаланып, сапалы студенттер үйінің салынуына назар аударды. Біз үшін ең бастысы – студенттердің жайлы қоныста жақсы білім алуына жағдай жасау. Осы жолы жатақханаға орналасу тәртібіне өзгерістер енгізгіміз келді. Ендігі кезекте тұрғындар бірден төрт жылға қоныстанады. Бұл бірінші кезекте, алдағы жылдарға деген сенімді нығайтса, екінші жағы студенттердің көшіп-қонуына қолайлы болмақ. Үшіншіден, бір орында ұзақ уақыт тұру арқылы жастардың өз тұрғын жайына, мүлкіне жоғары жауапкершілік танытатындарына сенімдімін, – дейді университеттің басшысы Нұрлан Серғалиев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының 89-тармағында «Студенттік жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу» тапсырылған болатын. «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында да «Жастармен бір толқында» сұранысына сәйкес «Жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту» жоспары енгізілген. Осының бәрі білім қуған жастардың жағдайы уақыт өткен сайын жақсара түсетініне сенім ұялатады. Қазірдің өзінде Махамбет университетінің 1 526 студенті жатақханамен қамтылған. Білім ордасы алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы да жаңа ғимарат құрылысын қолға алмақшы.
– Махамбет университеті – өңірдегі әлеуметтік, экономикалық, экологиялық мәселелерді шешу жолдарын зерделейтін ғылыми орталық. Ғылым мен инновация саласындағы жетістіктері де жыл сайын артып, жас ғалымдардың танымалдығына жол ашып келеді. Бұл – әрине, рухы берік, бірлігі бекем университет ұжымының ерен еңбегінің жемісі. Облыста осы кезге дейін жоғары медициналық колледж, индустриалды колледж студенттерін жатақханамен қамтыдық, бұрынғы трансформатор зауытының ғимаратын жөндеп, тұрғындарға баспана сыйладық. Одан соң политехникалық колледжге жатақхана салып бердік. Бүгін міне, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті жанынан 500 орынға арналған студенттер үйін салып отырмыз. Жастар оқуға ден қойып, еліміздің атын асқақтатуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысы