Ұлттық спорт • 01 Қараша, 2023

Көкпектідегі ұлттық ойын орталығы

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Көкпекті ауданының орталығында қазақтың ұлттық спорт ойындарының мектебі ашылды. Айта кетейік, қазақтың ұлттық ойындарын жас ұрпаққа үйретіп, болашағын сонымен байланыстыруға баулитын мұндай орталық облыс аудандары бойынша тұңғыш рет ашылып отыр. Абай облысы әкімдігінің, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ашылған орталыққа қажетті қаражат Көкпекті ауданының өз бюджетінен бөлінген.

Көкпектідегі ұлттық ойын орталығы

– Қазір мұнда 12 қызметкерге арнайы штат бөлінді. Келесі жылы мамандар санын арттыру жоспарымызда бар. Жыл басынан бері аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев осы игілікті істің орындалуына тікелей ұйытқы болғанын жұрт жақсы біледі. Қазір балаларды асық, тоғызқұмалақ, бестас, дойбы ойындарына үйрететін мамандар жұмысын бастады. Одан бөлек оқушыларға көкпар, аударыспақ, жамбы ату сияқты ұлттық ат спорты ойын­дарының тәртібі мен теориясы түсін­діріледі. Ұлттық спорт ойындарын бұдан әрі дала төсінде еркін дамытып, ел абыройын арттыруға бәріміз де атса­лысамыз, – дейді Ұлттық спорт ойын­дары орталығының басшысы Бауыржан Түсіпжанов.

Көкпектіде ат спорты ойындарынан ерек­ше жолға қойылғаны көкпар екеніне дау жоқ. Аудан бойынша «Көкпекті-1», «Көкпекті-2» деген екі команда құрылуы соның басты дәлелі. Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Д.Оразбаевтың айтуынша, жасынан ат жалына жармасып, құлағында ойнап өскен баланың Отан қорғауға деген құштарлығы зор болмақ. Сол себептен де ат ұстап, жүйрік баптаудың өзі үлкен өнер. Қазір Көкпекті ауданының ауылдарында жылқы басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруға да ден қоя бастағандар жетерлік.

Аудан төріндегі аталған орталықтың ашылу салтанатынан кейін Көкпекті ауылының шетіндегі ипподромда «Тола­ғай» ұлт­тық ат спорты ойындарының көрігі қызып жүре берді. Командалық көкпар бойынша 1-орынға Мақаншы ауылы­нан келген (Үржар ауданы) көкпар­шылар қол жеткізсе, 2-орын тарбағатай­лық спортшыларға бұйырды. 3-орынды ат спорты ойындарының өтуіне ұйытқы болған көкпектілік көкпаршылар еншіледі.

Одан кейінгі ат жарысын да жұрт қызыға тамашалады. 15 шақырымдық топ бәйге мен 25 шақырымдық аламан бәйгеде де Көкпекті ауданындағы «Та­лап» шаруа қожалығының басшысы Рус­лан Шайырғазиннің қос жүйрігі қара үзіп дара келді. Ат спорты ойындарына қатысқан жеңімпаздардың барлығы да қаржылай жүлдеге ие болды.

Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық ат спорты ойындары дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін болады.